ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ: Еңбекші ауданы көш басында Избранное

Среда, 17 Март 2021 04:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1475 раз

Жергілікті өзін өзі басқару жүйесі – демократияның ең маңызды институттарының бірі. Өйткені ол тұрғындардың жергілікті маңызға ие мәселелерді шешуге атсалысуына мүмкіндік береді. Осы орайда Қазақстан құқықтық-демократиялық даму жолын таңдаған мемлекет ретінде жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамытуға ұдайы назар аударып отыр. Барлық өңірде қоғамдық кеңестердің құрылуы, әкімдерді сайлау тәжірибесінің қолға алынуы, жергілікті жерлерде төртінші деңгейлі бюджеттердің енгізілуі – сөзіміздің айғағы. Енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аясында тұрғындардың жергілікті мәселелерге ықпалын күшейтіп, қоғамдағы ашықтық пен жариялылықты жетілдіре түсетін тағы бір реформа іске асырылуда. Ол – халық қатысатын бюджет жобасы.

330

 

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 12 наурыздағы бұйрығымен бекітілген жоба бүгінде Шымкент қаласында да табысты жүзеге асырылып отыр.
– Халық қатысатын бюджет азаматтардың жергілікті бюджет қаражатының бір бөлігін бөлу мен жұмсауға қатысуына мүмкіндік береді. Яғни, бір азамат ұсынып, тұрғындардың көпшілігі қолдау білдірген жобалар жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Осылайша азаматтар өздері тұратын аумақтарды дамыту мен абаттандыруға қатысады. Жобаны жүзеге асыру үшін Шымкент қаласында арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, ол төрт ауданның әкімдіктері арқылы орындалуда. Осы мақсатта арнайы www.open-shymkent.kz интернет ресурсы әзірленді. Тұрғындар осы сайтқа өздерінің жобаларын ұсынып, идеялар конкурсы өткізілді. Келіп түскен ұсыныстар талданып, кейін ол бойынша «1 тұрғын – 1 дауыс» тәртібімен ашық дауыс беру жүргізілді. Сарапшылық қауымдастықтың талдау және дауыс берудің нәтижесі бойынша жобаларды қаржыландыру кезегі белгіленді. Аудан әкімдіктерінің сайтында шымкенттіктердің қай жобаға қанша дауыс бергенін көруге болады, - деді Шымкент қаласы әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Есқараев.
Оның айтуынша, Шымкентте аталған жоба жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары, барлық әлеуметтік желілер мен жергілікті атқарушы органдардың ресми сайттары арқылы халыққа жан-жақты әрі толық мағлұмат берілген. Соның нәтижесінде қала тұрғындары бұл жобаға белсенді түрде қатысып, көптеген ұсыныстарын жолдады.
– Шымкенттіктер ұсынған көптеген жобалардың арасынан талапқа сәйкес келетін 63 жоба дауыс беруге жіберілді. Оның ішінде 41-і тұрғындардың қолдауына ие болып, көп дауыс жинады. Атап айтар болсақ, Әл-Фараби мен Еңбекші аудандарының әрқайсысында 14 жобадан, Абай ауданында 10 жоба және Қаратау ауданында 3 жоба таңдап алынды. Бұл жобалардың жиынтық құны 1 миллиард 92,2 миллион теңгені құрайды, – деді Ерлан Бастарұлы.
Бұл жобаға Еңбекші ауданының тұрғындары мейлінше белсенді қатысқанын айта кеткен жөн. Сәйкесінше, бұл ауданда таңдалған жобалар мен оған бөлінген қаржы да өзге аудандарға қарағанда көбірек.
– Осы жоба іске қосылған сәттен бастап сараптамалық кеңесте қарастырылып, басым дауыс жинаған 14 жоба анықталды. Осы жобалардың аясында 28 үйдің ауласын абаттандыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Ол аулаларда жолдар мен аяқжолдарды жөндеу, лотоктарды ауыстыру, спорт және балалар алаңшаларын салу көзделуде. Осы мақсатқа бюджеттен 476.8 миллион теңге бөлінді. Ауданда биыл бұл жобадан бөлек тағы көп қабатты 46 үйдің ауласын абаттандыру жоспарланып отыр, – деді Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов.
Айта кетейік, жобаға қатысты Шымкент қаласы тұрғындары да оң көзқараста. 

— Халық қатысатын бюджет деген жоба жөнінде әлеуметтік желілерден оқып қалдым.
Қызығушылық танытып, көрсетілген сайтқа кіргенімде өзім тұратын үйдің ауласын абаттандыруға қатысты жоба бар екенін көріп қуандым. Өзім дауыс беріп қана қоймай, көршілерім мен таныстарымды да осы жобаға дауыс беруге шақырдым. Ақыры сол жоба көп дауыс жинап, қаржы бөлінетін болыпты. Жақында жергілікті әкімдіктің өкілдері келіп, жаңартылатынын айтып, қуантып кетті. Елімізде осындай тың әрі ұтымды жобалардың қолға алынғаны өте жақсы. Өйткені, ол бізге өз қаламыздың дамуына атсалысуға мүмкіндік беріп отыр, – дейді қала тұрғыны Ақниет Қалжанқызы. Расында осындай озық идеялар мен ұтқыр жобалар азаматтардың қоғамдық өмірге белсене араласып, ел болашағына жауапкершілікпен қарауына оң ықпал етеді деп сенеміз. Әрі халық қатысатын бюджет жобасы Шымкент тұрғындарын мазалайтын мәселелердің жылдам шешіліп, шаһардың гүлденуі мен көркейе түсуіне жол ашады.