Шымкентте Наурыз алғаш рет қалай тойланды? Избранное

Среда, 17 Март 2021 04:21 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2170 раз

Жер-ана бусанып, табиғаттың тал бесігінде тағы бір Жаңа жыл, Жаңа күн тербеліп жататын Ұлыстың ұлы күніне қазақ ерекше мән берген. Содан да болар, біздің ел бұл той қарсаңында өткенді саралап, алдағы күнді болжамдап, жоспар-әрекетін түзе отырып, құлашын кеңге жая тойлайды. Құдды халық әртісі Роза Рымбаева шырқайтын әндегідей ғой бәрі де. «Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда. Көрмегендер де – арманда, арманда - оны көрген де...» Өткенді електен өткізу үрдісінен жаңылмай біз де «бұрын-соңды Шымкентте Наурыз қалай тойланды? Бүгін қалай тойлап жүрміз?» деген сауалдарды алға тартып, аға буынның естелігін білмекке асықтық. Өткенді біле отырып, бүгінгі Наурызға қай тұстан мән беру қажеттігін білуге тырыстық.

Сонымен...

311

 

Дәстүр мен жаңашылдық үйлессе...

 

Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» Халықаралық сыйлықтарының лауреаты:

326

– Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі елімізде жан-жақты, жаппай тойланғаны 1988 жыл болу керек. Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбеков сынды саңлақтар сәті түсіңкіреген саяси жағдайды қолайға қарай икемдеді. Наурызға бүкілхалықтық сипат берудің жолдарын аша білді. Қазақтың ұлттық рухын оятудың қам-қарекеттерін жасап бақты. Баспасөзде де, басқа сөзде де, санада да серпіліс күшейген күндер жадымызда жаңғырады. Сол көктемде «Нәуірзек» дейтін кітабым шығып, жиырма мың дана дүние жылдам тарап кеткені де есте.
1991 жыл болу керек, Тұңғыш
Президент Әз Наурызды арнайы Жарлығымен ресімдеді-ау. Тәуелсіздіктің отыз жылында Наурызымыз да биік-биік белестерге көтерілді. Ұлттық уызды құнарландыруға, санамыздың сапасын сергектендірмекке септесті.

329


Қайбір жылы Түркі дүниесінің, әсіресе Әзірбайжан мен Қазақстанның әсерімен Әз-Наурызды ЮНЕСКО да, Біріккен Ұлттар Ұйымы да ресми тіркеді. Мойындады. Алаш асылы Міржақып Дулатов:
«Қазақтайын Әз Наурызға өте-мөте етене ұлт жоқ. Өйткені, қазақ табиғат-анаға ерекше етене. Өмірі де, өнері де. Тіршілігі де, тұрмыс-салты да», – деген. Ғабит Мүсірепов: «Бүкіл адамзат зердесі зерленіп, жетіле келе бір кездері, бәрібір, Наурызды жыл басы етіп қабылдайды», – деген.
Міне, біз Әз-Наурызды тойлағанда, осынау жағдаяттар мен қанатты қағидаттарды ой-санамызға да, әрбір әрекетімізге де алтын арқау, асыл арна етуге ерекше парыздармыз.
Өкінішке қарай, жасанды, жадағай, ығыр шығара қайталана беретін жағдайлар жиі кездеседі. Әйтеуір, жабылып, жапа-тармағай тамақты ішіп-жей беретін әулекілеу әдетке бой алдырушылық және тек сонымен шектелушілік бар. Мәдени-рухани шаралардың мән-мазмұны тарихи тағылымдардан қайнарланып, тың түрлерге ұласып, жарасып жатса. Дәстүр мен жаңашылдық табиғи түрде үйлестірілсе. Салт, әдет-ғұрып көріністерін көрсетуде де жауыр болған жаттандылықтарға ұрынбасақ. Жаңаруға, жаңғыруға, тазаруға деген ұмтылыс бүкіл болмыстан, әрбір әрекеттен білініп, ішкі мәдениет мәселесінде ізгілене, ілгерілей түссек, кәнекей...
Өсек-өтірік, бәле-бәтірлік, сыбыр-сыпсың мен күбір-күпсіңдер күпірлік саналып, шын сәлемдесіп, шынайы көрісіп, Наурыз күндерінде нәуірзектей нәзік ниетте, пәк пейілді, тілектес тірлікте жүрсек дейсің.
Жаңа жыл жақсылықтарға толы болғай. Әрбір отбасыға, бүкіл байтағымызға бақ-береке дарытқай. Әлемді әлектендірген пәлекет індеттен, індет артқан ауыр міндеттен арылтқай. Әумин.

 

Қала бойынша 1990 жылы тойланды

Бастарбек ПІРІМБЕТОВ,
мәдениет саласының ардагері:

327

– Әрине, кеңес заманында Шымкентте Наурыз мерекесі мүлдем тойланбады, тыйым салынды дей алмаймыз. Себебі, қала маңындағы ауыл-аймақта, іргедегі елдімекендерде, үйлердің аулаларында, кішігірім ортада көрші-қолаң жиналып, Наурыз көже қайнатып, тойлап жүрді. Бірақ, бүкіл қала болып алғаш рет 1990 жылы тойладық. Орталық комитеттің 1988 жылғы ұйғарымынан соң бүкілхалықтық мерекеге айналдыру әрекеттері жүрді.
Мен ол кезде Шымкент қалалық мәдениет басқармасында қызмет атқаратынмын. Наурызды алғаш рет ресми түрде тойлау ісіне 1990 жылы білек сыбана кірістік. Арнайы сценарий жазылды. Тойды бастан-аяқ режиссер Асқар Әлихан алып шықты десем де болады. Соның ұйымдастыруымен Ордабасы алаңынан Ленин алаңына (қазіргі әл-Фараби) дейін шеру жүрді. Батырларымыз бен аңыз кейіпкерлері кейпінде киінген театр әртістеріне ұлттық киім киінген қарапайым қала тұрғындары, қыз-жігіттер, жол бойы шеруге келіп қосылып жатты. Шымкенттіктердің Наурыз тойды сағынғаны, аңсап күткені аңғарылып тұрды. Шеру негізгі сахнаға келгенде жұртшылыққа Ұлыстың ұлы күнінің мәні, мазмұны туралы мағлұмат беріліп жатты. Жоғары оқу орындары, еңбек ұжымдары Ленин алаңында киіз үй тігіп, дастархан жайды. Шымкенттегі алғашқы Наурыз тойының көрінісі осындай болды. Уақыт өте келе бұл мереке ипподромда тойланатын болды. Түрлі ұлттық спорт жарыстары ұйымдастырылып, нағыз халықтық мерекеге айналды.

 

Халық Наурызды сағынып қалған екен...

 

Асқар ӘЛИХАН,
мәдениет, өнер ардагері:

328

– Наурыздың ел игілігіне қайтарылуы белгілі тұлғалар – М.Шаханов, Ө.Жәнібеков есімімен байланысты екенін бүгінгі жұрт жақсы біледі. Еліміз бойынша ең алдымен Наурыз тойы Алматы қаласында, сол кездегі Горький саябағында театрландырылған көріністер ұйымдастырумен өтті. Оған этнограф-ғалым Ө.Тоқтасын, мәдениет-өнер маманы Е.Жанпейсов,
дизайнер Б.Ибраев, қала әкімінің орынбасары Ж.Әмірханова көп үлес қосты. Насихаты жетіспегендіктен болуы керек, 1989 жылы да Наурыз бүкіл елге өз тұғырында тиісті тәртібімен сіңе қоймады. Әлдебір облыстар Наурыз мерекесін мамыр, маусым айларында атап өтіп жатты. Оңтүстікте де жан-жаққа қарап жүргенде сәуір келіп қалды.
Шымкентте Наурыз мерекесі алғаш рет 1990 жылы қолға алынды. Бірер уақыттан бері қалада ұлттық өнерді, салт-дәстүрді жаңғыртайық деп бірнеше сүбелі іс-шараны атқарып үлгерген
«Наурыз» мәдени-этнографиялық орталығы сол кездегі қала басшысы, озық ойлы білікті, ұлтын сүйер азамат Ж.Адырбековтың алдына мереке тұжырымдамасын ұсынғанда ол кісі лезде қолдау көрсетіп, арнайы Қаулы қабылдап, ұлттық мерекені жоғарғы дәрежеде өткізуді тапсырады. Қалалық мәдениет бөліміне тез арада 4 бірдей киіз үй алынды. Қаланы ұлттық нақышта безендірудің кешенді жоспары, эскиздері бекітіледі. Қала басшысының орынбасары П.Әубәкіровтың жетекшілігімен Шымкент көз алдымызда жарқын, мерекелік сипатқа ене түсті. Қаладағы барлық мәдени ошақтарға ерекше тыныс бітіп, арнайы киімдер, қажет реквизиттер дайындалды. Бұрынғы Куйбышев алаңы жақында ғана Ордабасы алаңы болып бекітілген. Қаладағы бас алаң әлі де Ленин атында еді. Онда үлкен арена ұйымдастырдық. Дегенмен, бізде, ұйымдастырушыларда халық қызыға қояр ма екен, алаңға жұрт шоғырланып, мерекелік көңіл-күй орната аламыз ба деген күдік болды. Институттарға, еңбек ұжымдарына қосымша хабарлама жасадық.

212


Ал, жұртты немен қызықтырамыз? Наурыз несімен қызық болмақ? Ұлттық мәдени құндылықтар, ел жүрегіне қонақтаған аяулы образдар, аңыз-әпсаналар қалай көрініс табады, ән-жыр бөлімінің репертуары қалай түзіледі?.. Мұның бәрі електен өткендей болды.
...Таңертеңгі сағат 10:00 шамасында Ордабасы алаңы халыққа толды. Жан-жақтағы 3 көшеден салт аттылар тобы келіп, осы нүктеде түйіседі. Өз тәртібімен, фольклорлық сипатта, тиісті сөздерімен, «ұрандарымен» сәлемдесуі бар, оның бәрі ерекше колоритке толы, жұртшылықты қатты тебірентті-ақ. Пәтуаласқан 3 атақты би, оларды қолдаған халықтық пенсонаждар аттарына қонып, сәнді көш түзеп, Қазыбек би көшесіне түсіп, орталық алаңға бағыт алды. Безендірілген, ер-тоқымы мейлінше әшекейленген түйе, ат, арба, сал-серілер шеруі алысқа созылып, оған қала халқы ілесіп, әдемі панорама жасалғаны бар. Біздің ойымыз бойынша бұл керуен қалалықтарды кеңірек қамтиық деген ойдан, сондай-ақ, алаң-көшелердің жаңарған аттарын насихаттай түсу үшін, әбден космополиттеніп, ұлттық рухынан алыстап кеткен Шымкентке жаңаша тыныс бітірсек деген ниеттен туындап еді. Әрі, біздің түсінігімізде, көштің өзіндік қызықтары, этнографиялық спецификасы ашыла түсетіні бар, тартымдығы басым болды. Содан жаршылар (Б.Жаңабаев, О.Төлендиев секілді жарқын талант иелері болатын) алаңда көштің келе жатқанын хабарлап, жұртшылықты оны қарсы алуға дайындайды. Халық – нөпір. Наурызын сағынып қалған халық ерекше толқу, масаттану үстінде. Айнала ұлттық әуен, мерекелік бояу... Аз ғана киіз үйлерде қайнаған мереке. Палуандар алаңның бір бөлігінен, театр жақтан алып тайқазанды алып келіп, ортаға қойды. Қыдыр атадан бастап, сахнаға әртүрлі жүрекке жақын кейіпкерлер шығып, жұртшылық көңілін қытықтағандай. Оның біразының аузынан қаламыздың жетістіктері, соңғы жаңалықтары әзіл-шыны аралас хабарланып жатады. Енді бірде ұлттық киім киген кісілерге сыйлықтар тартылуда. Өнерпаздар бар жақсы ән-күйлерін Наурызға шашу етуде. Е.Жолдасов жетекшілігіндегі ұлт аспаптар оркестрі дамылсыз күй толқынын ағытып, концерт сәнін арттыруда.
Енді бір кезде аспанда көрінген «Аэропорт-Шымкент» АҚ-ның мерекелі безендірілген АН-2 ұшағы алаң үстінен ұшып бара жатып, қалалықтарды құттықтаған келісті сөздер жазылған түрлі-түсті ашық хаттар-открыткалар мен кәмпиттерді сеуіп өтті.

313


...Халықтың ерекше рухтанғаны, мерекеге мерейлене қатысуы, арман-аңсары, қиялы асқақтауы, шын мәнінде мерекелік атмосфераны сезінуі ақиқат болды. Наурыз – нағыз халықтық мереке. Оны ұтымды ұйымдастырудың кілті – жұрттың психологиясын, рухани қажеттілігін дәл басу, ұлттық құндылықтар әлеуетін дұрыс пайдалану, дайындық методикасын, өткізу технологиясын шебер меңгеру! Көрермен-халықтың әлеуметтік белсенділігін, оған ұсынған іс-шараның қайырымын болжай алу!
Ол заманда техникадан (дыбыс күшейткіш) автомашинаға орналасқан Тесла (моно) ғана болатын. Қазіргідей жарық, дыбыс эффектілері атымен жоқ. Шымкенттегі алғашқы Наурыздың табысты өтуіне аталған Б.Жаңабаев, О.Төлендиевтің өздерінің шешендігі, юморы (әзілқойлығы) мен халық фольклорын жақсы білуін, бүкіл алаңды меңгере алуы негіз болды. Ж.Шанин театры, бас режиссер Ж.Омаров бастаған шығармашылық құрам, Ә.Сұлтанбеков («Қазақ тілі» қоғамының төрағасы), Қ.Бердияр (Мәдениет қорының төрағасы), қалалық әкімдік қызметкері, жалындаған Ж.Күздеубаев, жазушы С.Жанәбіл де Шымкенттегі Наурыздың пионері десе болады. Одан кейін Наурызды тойлау жылдан жылға дами түсті.
Дегенмен, «Өнерді үйрен де жирен» деген де бар ғой. Қазіргі Наурыз тойларынан бұрынғыдай аста-төк береке көрінбейді. Оның үстіне бір жақсы нәрсе сәлден соң қарама-қайшы эффект беріп жатады. Мысалы, соңғы кезде киіз үйлер байқауы дегенді шығарыпты. Оның қандай қажеттілігі бар?!
Ал салт-дәстүрді насихаттау дегенді бұл күндері барлық балабақша, мектепте түрлі байқаулар ұйымдастыра беріп, әбден сіңісті еткен. Сондықтан оның да қалалық мерекеде көрініс табуы аса қажет емес деп ойлаймын. Сондықтан, Наурызды өткізу мазмұнын, формасын қайта қарап, бұл мейрамды ұлттық мереке, жылды қорытындылап алатын меже деп қарастырған жөн ғой деймін. Әйтпесе, «Заорганизованность» деген белең алып кетері анық...

Суреттер ардагер фототілші Әбдуәлі РОЗМЕТОВТЫҢ жеке мұрағатынан алынды