Версия для печати

ОТБАСЫ БАНКІ – БАСПАНА БАҒЫТЫНДАҒЫ БАСТЫ ОРТАЛЫҚ Избранное

Пятница, 26 Февраль 2021 04:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2376 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстандағы тұрғын үй саясатында жаңа тәсілдер енгізіліп, жүзеге асырылмақ. Жуырда ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы мәселе талқыланды. Жиынға барлық министрлер мен облыс, қала әкімдері қатысып, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, «Отбасы банкі» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндама жасады.

153

 

– Тұрғын үй саясатын тиімді іске асыру Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2030 жылға қарай баспанамен қамтамасыз етуді 1 адамға 30 шаршы метрге дейін жеткізу туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырған кезде алдағы бес жылда 100 млн шаршы метрден астам үй салуды тапсырды. Осылайша біз 1 млн-ға жуық отбасын үймен қамтамасыз ете аламыз, – деді А.Мамин.
Премьер-Министр алға қойылған ауқымды міндеттерді іске асыру үшін тұрғын үй саясаты реформаланып жатқанын атап өтті. Жаңа шаралар кешені баспана қолжетімділігін одан әрі арттыруды көздейді. Үкімет басшысы биылғы 25 наурызға дейін тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдерді іске асыру және биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізу туралы заң жобасын Үкіметке енгізуді тапсырды.

Сондай шараның бірі – тұрғындарды баспана кезегіне тіркеудегі өзгеріс. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үйдің кезектілігі мен қолжетімділігін арттыру мәселесін шешу үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ негізінде толыққанды даму және қолдау институты – «Отбасы банк» АҚ құрылғаны белгілі. Бұл банк халықты баспанамен қамтамасыз етудегі негізгі құрал – «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдікпен берілетін үйлерді сата отырып, мұқтаж азаматтардың кезегін бір орталықтан жүргізеді.
Яғни, бұдан былай баспанаға мұқтаж азаматтардың кезегін тіркеп, жүргізу жұмысы жергілікті атқарушы органдардан алынып, осы «Отбасы банкіне» беріледі. Оның жұмысының негізгі принципі тұрғындарға, әсіресе, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына баспана қолжетімділігін арттыру болмақ.
– «Отбасы банкі» базасында үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық құрылып, ол баспанаға мұқтаждарды есепке алу, кезекке қою, сондай-ақ тұрғын үйдің қолжетімділік сатысына сәйкес баспананы бөлу сияқты міндеттермен айналысады. Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық базасы жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер қорымен интеграцияланады. Дерекқорға қайта енгізуге жол берілмейді. Азаматтар мемлекеттік бағдарламаларға тек бір рет қатыса алады, - деп мәлімдеді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Жауапты мамандар, сонымен қоса, еліміздегі тұрғын үй қорын дамыту бойынша қосымша шараларды ұсынады. Атап айтқанда – жалдамалы тұрғын үй пулдарын қалыптастыру, баспананы жалдау ақысын субсидиялау тетігін іске асыру.
Ведомство басшысының айтуынша, Қазақстандағы баспана кезегіне тіркелушілер саны жыл сайын орта есеппен 50 мың адамға артып келеді, қазіргі таңда 548 мың адам үй кезегінде тұр.
– Баспана кезегінде тұрғандардың ішіндегі табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда бір күнкөріс шегінен төмен (34 300 теңге) отбасыларды, негізінен, көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеушілер мен басқа әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтар арендалы баспанамен қамтамасыз етіледі. Ал табысы күнкөріс шегінен асатын азаматтар, мысалы, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері мен басқа да азаматтар баспананы жеңілдетілген несие арқылы ала алады, - деді министр Бейбіт Атамқұлов.
Айта кету керек, жаңа механизм биылғы алғашқы жарты жылдықта толық жүзеге асырылмақ. Ал осы орайда, Шымкентте жаңа механизм арқылы қосымша 296 мың шаршы метр үйді ел игілігіне беру мүмкіндігі туады.

154


Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің мәлімдеуінше, 2020 жылы Шымкент қаласында 649,1 мың шаршы метр үй пайдалануға беріліп, жоспар 37,1 мың шаршы метрге артығымен орындалды. 2019 жылмен салыстырғанда өсім 124 пайызды құраған. 

– Биыл қала бойынша пайдалануға тапсырылатын үйлер ауданын 1 млн шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен әзірленген тұрғын үй құрылысын дамытудың жаңа механизміне сәйкес, жеке құрылысшыларға үй құрылысы үшін жер учаскесін беру, қажет инфрақұрылым жүргізу, инвестициялық шығыстардың бір бөлігін өтеп беру және жалға алынған баспананың арендалық төлемін ішінара субсидиялау мәселелері қарастырылып отыр. Жеке құрылысшы компаниялар тарапынан осы қолдау шараларымен үй салуға қызығушылық бар. Жаңа жобаны мамыр айына дейін бекітуге ықпал етуіңізді сұраймыз, - деді Мұрат Әйтенов Үкімет отырысында.
Осылайша арендалық төлемді субсидиялау арқылы Шымкент қаласындағы баспана кезегінде тұрған 42 мыңнан астам адамды баспанамен қамтуда ілгерілеуге үміт бар.
Сонымен халықты баспанамен қамту мәселесі өте маңызды болып тұр. Себебі, қазіргі таңда үй бағасы күннен күнге өсіп келе жатқаны жасырын емес. Әсіресе, салымшыларға зейнет-ақы жарнасының бір бөлігін жұмсауға рұқсат берілгенін ести сала үй сатушылар мен алыпсатарлар бағаны көтеріп жібергені бар.
Оларға қоса, үй соғушы ірі компаниялар сататын жаңа пәтерлердің бағасы да аспандап тұр. Басқа өңірді айтпағанда, Шымкентті алсақ, ипотекалық бағдарламалардың талаптарына сай келетін жаңа тұрғын үй кешендерін табу қиынға соғады. Мақала жазылып жатқанда baspana.kz сайтын қарап отырып, мемлекеттік бағдарламаға қатыса алатын бір ғана тұрғын үй кешенін таптық. Ондағы пәтердің шаршы метрі 200 мың теңге болып тұр.
Әрине, Шымкентте салынып жатқан басқа да жаңа кешендер жоқ емес, бар. Дегенмен, не ондағы пәтерлердің бағасы қымбат, не құрылысы аяқталмай жатып сатылып кеткен. Тағы сол интернеттен құрылысы әлі аяқталмаған, сонда да болса пәтер сатылымы басталып кеткен 5 кешенді көрдік. Ондағы пәтердің бір шаршы метрінің бағасы орта есеппен 250 мың теңгеден басталып, 414 мың теңгеге дейін барады. Ал құрылысы бірнеше жыл бұрын аяқталған тағы екі тұрғын үй кешеніндегі бірлі-жарым пәтер бағасы да бұлардан қалысар емес – 1 шаршы метрі 300 000 – 400 000 теңге аралығын қамтып тұр. Ал соңғы жылдары салынып жатқан жаңа үйлердегі пәтерлердің Кеңес заманында соғылған екінші нарықтағы пәтерлерге қарағанда ауданы кең екенін ескерсек, бұл үйлердің бағасы баспана кезегінде тұрған азаматтардың қалтасына сай келе бермейтіні айтпасақ та түсінікті.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.