2021 жылы шалғайдағы тұрғын алаптарда 14 базалық станция, жеке инвесторлармен қаланың 16 шағынауданы мен тұрғын алаптарына оптикалық кабельді орнату көзделуде.
Биыл Open Shymkent Шымкент қаласының мемлекеттік қызметтері мен сервис порталы құрылады. Бірыңғай портал деректерді жаңарту және визуализация, қарапайым азаматтарға қолайлылық пен қолжетімділік, мәліметтер базасын сақтау, мемлекеттік жүйелермен интеграциялау, бір терезе қағидасы және қаланың басқа сандық қызметтерімен интеграциялауға мүмкіндік береді.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, биыл Темірлан тасжолы бойында жаяу жүргіншілерге арналған «ақылды» өткел жобасын іске асыру көзделуде. Бұл – тұрғындар қауіпсіздігі үшін қажет жоба. Нақтырақ айтқанда, тұрғындар жаяу жүргіншілер жолағына аяқ басқанда көліктер үшін лазер сәулесі белгі береді. Жобаны «NurcomTel» компаниясы пилоттық режимде жеке қаржысы есебінен қолға алады.
Қала әкімі адам өмірі – ең құнды байлық екенін алға тартып, мұндай жобалардың өте қажет екенін мәлімдеді.