Індет ілгерілеуге тосқауыл бола алмады Избранное

Среда, 30 Декабрь 2020 04:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 834 раз

06-9

Биылғы жыл Шымкент қаласы үшін оңай болмағанына қарамастан үшінші мегаполис сенімді түрде өзінің даму стратегиясын іске асырды. Әсіресе 2020 мәдениет саласы үшін жемісті жыл болды.
Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесі аясында жоспарланған іс-шаралардың көпшілігі онлайн форматта өтіп, эстафетаны тапсыру рәсімі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Осынау мәдени байланыстар арқылы ТМД мемлекеттерінің азаматтары Шымкент қаласын, оның өзіне тән өмір салты мен басқа да ерекшеліктерін жақыннан тани түсті. Соның ішінде қонақтарды үшінші мегаполистің әсем табиғаты, сәулеттік келбеті, дәмі тіл үйірер тағамдары мен тұрғындарының ілтипаты ерекше қызықтырды. Осылайша Шымкент бұрынғы кеңестер одағының құрамында болған мемлекеттер арасындағы мәдени әрі гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайту жолындағы міндетті абыроймен орындап шықты. Бұл бастама қаланың мемлекетаралық ауқымды шараларды ұйымдастыруға тәжірибесі барын және туристік әлеуеті зор мәдени орталық бола алатынын көрсетті.
Шымкент үшінші мегаполиске лайықты болу үшін оның инфрақұрылымы да жоғары деңгейде болуы тиіс. Сондықтан биыл әкімдіктің бастамасымен көптеген игі тірліктер қолға алынды. Соның бірі – жол құрылысы. Ауқымды жоспар аясында қалада тозығы жеткен қанша шақырым жол қалпына келтірілді. Көлік кептелісін азайту әрі қаланы көрікті ету мақсатында көшелер кеңейтіліп, жаңа жолдар салынды. Сандарды сөйлетсек, биыл Шымкенттің жол құрылысы саласына 25 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Қалада жолдардың қанағаттандырарлық көрсеткіші 56,3 пайыз болған. Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде жыл соңында ол 3,5 пайызға өсіп, 60 пайызға жақындады. Жол құрылысы мамандарының пікірінше бұл өте үлкен жетістік. Мемлекет қазынасынан қаралған 25 миллиард теңгеге жолға байланысты 260 нысанның немесе 416 шақырым жолдың құрылысы жүргізілді. Жыл соңына қарай осы жолдардың 290 шақырымының құрылысы аяқталды. Қалған жолдардың жөндеу жұмыстары мен құрылысы келесі жылы жалғасатын болады. Оның ішінде, мәселен, Республика даңғылына асфальттың екінші қабатын төсеу, Қонаев даңғылын ұзарту бойынша құрылысты аяқтау сынды жұмыстар бар. Жолдармен бірге адамдар жүретін қосымша жоляқтар салынып, бетон арықтар, жарықшамдар орнатылды. Тип-20 және 22 маркалы 260 жаңа аялдама қойылды. Сонымен бірге 15- қазанда Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысы басталды. Мамандардың айтуынша, бұл нысан қаладағы көліктердің іркіліссіз қозғалуына және солтүстік аумақтан бой көтеріп жатқан шағынаудандарды шаһардың басқа аумақтарымен байланыстыруда маңызы ерекше болмақ. Әкімдік жолдардың құрылысына айрықша көңіл бөлуде. Өйткені жол–экономикалық көрсеткіштің айнасы. Басқаша айтқанда жолына қарап елдің жағдайын тануға болады. Бұл тұрғыдан алғанда әкімдік жыл сайын жолдардың қанағаттандырарлық деңгейін 3-4 пайызға арттырып отыруға бел бууда. Сондықтан қаланың тек басты жолдары ғана емес, шалғай елді мекендердегі ішкі көшелерді орташа жөндеу жұмыстарына да маңыз беріледі.

 

98338580 679876099223192 7428891905531838464 n


2020 жылы жолдармен бірге қалаға жаңадан қосылған шағынаудандардың коммуналдық мәселесін шешуге орай инженерлік-коммуникациялық жүйелерді жүргізу жұмыстары қарқынды атқарылды. Мегаполис тұрғындарының саны жылдан-жылға өсіп жатыр. Осыған орай халықты сапалы ауызсумен, электр энергиясымен, табиғи газбен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Сондықтан шаһарда «Бозарық» қосалқы станциясының құрылысы қолға алынды. Жақын күндері аталмыш нысан пайдалануға берілуі тиіс. Қосалқы станция ең алдымен электр қуатын арттыру үшін қажет. Соның арқасында Асар-2, Тұран, Ынтымақ-2, Солтүстік саяжай, Батыс, Бозарық, Қайнарбұлақ, Шымкент сити және Достық пен Нұрсәт шағынаудандарында тұрып жатқан 250 мыңға жуық абонент сапалы электр қуатына қол жеткізеді. Сонымен қатар АГРС-3 нысаны іске қосылса, қосымша 5 шағынаудан табиғи газға қосылады.
Бүгінде Шымкенттің 92,1 пайызы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. Биыл кәріз жүйесінің құрылысына 1,8 млрд. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде кәріз жүйесімен қамту деңгейі 49,1 пайыздан 52,1 пайызға ұлғайтылды. 2025 жылға дейін шайынды суды тазартатын қосымша 2 тазалау нысанын салу көзделуде. Қала әкімдігі ескірген кәріз жүйесін 73-тен 50 пайызға азайтуды мақсат тұтып отыр. Және алдағы уақытта тозығы жеткен кәріз құбырларының санын 50 пайыздық межеден асырмауды көздеуде.
Бұдан өзге 5 магистральді су құбыры құрылысын аяқтау нәтижесінде келесі жылы шымкенттіктер жүз пайыз таза ауыз сумен қамтылмақ. Жалпы коммуналдық-инженерлік құрылыс жұмыстарына биыл 49 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Яғни, осыншама қыруар қаражатқа іс тындырылды.
Шымкент-республикадағы үшінші мегаполис. Демография бойынша бұрыннан ешқандай проблема болмаған шаһарда республикалық қала мәртебесін алғалы халық саны да едәуір өсті. Осы ретте жылдан-жылға көбейіп келе жатқан тұрғындардың баспанаға деген қажеттілігін өтеу маңызды екені белгілі. Сондықтан әкімдік бұл мәселені күн тәртібінен түсірген емес. Пандемияның бүкіл шаруашылықтың аяғына тұсау салғанына қарамастан құрылыс жұмыстары бір сәтке де тоқтаған жоқ. Ресми деректерге көз жүгіртсек, биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бюджет қаражаты есебінен 92 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілді. Ол 343,3 мың шаршы метрді немесе 5848 пәтерді құрайды. Жаңа жылға қарсы 56 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Бітпеген үйлердің құрылысын аяқтау келесі жылдың еншісіне қалып отыр. Сонымен бірге нарықтан 696 арендалық пәтер сатып алуға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, келісімшарттар түзілді. Әлеуметтік нысандарға тоқталсақ өтіп бара жатқан жылы 13 мектептің және 2 өнер мектебінің құрылысы қолға алынды. Солардың ішінде 5 мектептің құрылысы 2021 жылы аяқталмақ. Ал жалпы балаларды білім беру нысанымен толық қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша алдағы 5 жылда 82 мектеп ғимаратын салу жоспарда тұр. Бір айта кетерлігі, биыл індетпен тиімді күресу мақсатында қаладан құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп, аз уақыт ішінде пайдалануға берілген жаңа жұқпалы аурулар ауруханасының ашылғаны белгілі.
Сондай-ақ, осы жылы қоғамдық көліктің жолақысы «Төлем» деп аталатын электронды нұсқаға ауысқанын жақсы білесіздер. Цифрландыру бағдарламасына сәйкес бұл да халыққа көрсететін қызметті қазіргі заманға лайықты етудің бір әдісі саналады. Қоғамдық көлікті жақсарту мақсатында әкімдік тарапынан елімізде құрастырылған жаңа автобустар да сатып алынған.

 

58h7u6-1


Биыл басталған covid-19 жұқпалы дертімен күресу және оның алдын алу үшін денсаулық сақтау басқармасы тарапынан 9 ПТР зентханасы құрылды. Осы зертханаларда күніне 4 мыңға жуық адам қауіпті індетке қарсы тест тапсыра алады. Қалаға қосымша компьютерлік томографиялық апараттар сатып алынып, қазіргі таңда олардың саны 18-ге жетті. Бұл науқастардың медициналық тексеруден өту кезінде кезек күтіп қиналмауына мүмкіндік береді. Жалпы Шымкенттің медициналық ұйымдарында 612 өкпені қолдан тыныс алдыру аппараты жұмыс істейтін болады. Қараша айында жергілікті «Казмедприбор» компаниясы отандық ИВЛ аппараттарын қаладағы аурухаларға тапсырды. Аталмыш кәсіпорында күніне 20-25 өкпені қолдан тыныстандыру құрылғысы шығарылады.
Қорыта айтқанда, биыл Шымкент қаласының әкімдігі алдына қойған мақсаттар мен міндеттерді толық орындап шықты. Оны ресми мәліметтерден де білуге болады. Мәселен, 2020 жылдың 1 қарашасына дейінгі дерекке сәйкес мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлінген 455,4 млрд. теңгенің 99,2 пайызға игерілді. Пандемия іскерлік әлеуетке қанша зиянын тигізгенімен инвестициялық мүмкіндіктердің артуына кедергі жасай алмады. Керісінше биыл өткен жылдың қаңтар-қазан айымен салыстырғанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 54,3 пайызға артқан. Мәселен былтырғы инвестиция 142,2 млрд. теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 223,4 млрд. теңгені құрады. Осының барлығы әкімдіктің биыл атқарған қарбалас тірлігінің оңды нәтижесі мен мол жемісі. Есіктен сығалап тұрған сиыр жылы пандемияның күші кетіп, қоғам бұрынғы жаймашуақ тіршілігіне қайта көшеді деген болжам мен үміт бар. Демек Шымкентті көркейту ісі келер жылы биылғыдан ауқымды түрде жүрігізілетініне сенім мол.

Последнее изменение Среда, 30 Декабрь 2020 04:48