Версия для печати

Шымкентте Абайға ескерткіш ширек ғасыр бұрын қойылған Избранное

Пятница, 25 Декабрь 2020 04:19 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5434 раз
Оцените материал
(0 голосов)

 DSC7442

Биыл «Адамзаттың Абайы» атанған Ұлы ақынның мол мұрасын жаңғыртқан, өшпес өнегесін дәріптеген, ақынның аманаттай болған өлеңдері арқылы ұрпақтың санасын тағы бір сілкінткен, ой саларлық іс-шаралар ұйымдастырған мерейлі жыл болғаны рас.

Бірқатар өңірлерде хакім Абайға арналған ескерткіштер қойылды. Ескерткіш дегеннен ойға оралады, Шымкент қаласында Абай Құнанбайұлына арнап 1995 жылы ескерткіш орнатылған еді. Ол кезде...
Бәрі де еліміз өз Тәуелсіздігін алған кезеңнен бастау алған-ды. Алдымен Шымкентте үш аудан құрылды. Соның біріне Ұлы Абайдың есімі берілді. Абай ауданындағы кең көше ақын атымен аталып, көркейтілген. Шымкенттегі Абай даңғылы сол жылдардағы көрікті көшелердің бірінен саналатын. Көп ұзамай бұған дейін 25 жыл бойы «Октябрьдің 50 жылдығы» аталып келген саябаққа қазақтың бас ақынының есімін беру туралы ұлт зиялыларының ұсынысы қабыл болып, ҚР Үкіметінің арнайы қаулысы шықты. Бұл 1991 жыл болатын. Одақтық жүйенің құрсауынан енді шыққан жас мемлекет үшін, сол кездегі қала тұрғындары үшін бұл қуанышты жаңалық «Ақ түйенің қарны жарылған күндей» әсер еткені рас.

 

10


–Абай ауданы 1992 жылдың 14 наурызында құрылды. Әлі есімде мені алдымен осы ауданға «глава района» етіп тағайындады. Уақыт өте келе қызметіміз «аудан әкімі болып» өзгерді. Осы ауданды 5 жыл 7 ай басқардым. Аудан құрыла салысымен Абай саябағына Ұлы ақынға ескерткіш қою туралы қала әкіміне ұсыныс жасадық. Ол кезде қала әкімі Сейіт Белгібаев болатын. Зиялы қауымның атынан жазылған
ұсынысымызды әкім қолдап, саябақта алдымен ескерткіштің орнын нақтылап, белгі тас орнаттық. Арада бірнеше жыл өтсе де сол белгі тастың орнына ескерткіш қою ісі кейінге қала берді. Ол кезде елдің экономикалық жағдайы мәз емес еді ғой. Оның үстіне ескерткішке бюджеттен қаржы бөлінбейді. Демеуші болар қалталы азаматтардың да қатары көп емес. Бірақ, солай екен деп қарап отыруға тағы да болмайтынын түсіндім. Аудандағы зауыт басшыларына тікелей шығып, көмектесуін сұрадым. Бұл орайда аудан аумағында орналасқан сол кездегі электр-механикалық, қорғасын зауыты секілді ірі кәсіпорындар мен
«ХХІ-партсьезд» совхозының жігіттері көп қолдау көрсетті, – дейді сол кездегі Абай ауданының әкімі Пернебай Әбубәкіров.
Ескерткіш орнату ісіне білек сыбана кіріскен Пернебай аға шығармашылық топ ұсынған 5-6 жобаны комиссия қарауына бергенін айтады. Көпшіліктің талқылауында қазіргі ескерткіштің сызбасы мақұлданған.
–Абай ескерткішін марқұм досым Дәурен Әлдеков екеуміз жасадық. Жалпы ол екеуміз бірігіп сомдаған ескерткіштердің саны жүзден асады. Соның ішінде әсіресе, Абай
Құнанбайұлына арнаған ескерткіштер көп-ақ. Шымкент қаласында ғана емес, біз орнатқан ескерткіш, бюст Қазығұрт, Жетісай, Шардара аудандарында да бар. Ең сәтті шыққаны деп мен Шардарадағы Абай ескерткішін айтар едім, - дейді мүсінші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Насыр Рүстемов.
Мүсін авторының айтуынша, Абай ескерткішін жасауға қажетті мысты сол кездегі қорғасын зауытынан алған. Абай ауданының әкімі П.Әбубәкіровтың тікелей араласуымен зауыт осы ескерткіш үшін арнайы металл бөлдірген.
Айта кету керек, сәулет, ескерткіш өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар Насыр Рүстемов пен Дәурен Әлдековтың бірігіп жасаған ескерткіштері өте көп. Шымкентте, қазіргі Шәмші Қалдаяқов көшесіндегі (бұрынғы Ильич көшесі) Ұлы композиторға қойылған ескерткіш, Әлия Молдағұлова көшесіндегі батыр қыздың бейнесі, «Ордабасы» алаңындағы Жер ана монументі, «Қасірет» мемориалдық кешеніндегі әйел-ана бейнесі, Сайрам ауданының орталық алаңындағы Абылайхан, Шәуілдірдегі әл-Фараби ескерткіштері, Қазығұрт ауданындағы Батырлар аллеясындағы мүсіндер осы екі азаматтың еншісіндегі еңбектер.
–Ең алғаш мүсіндеген ескерткішіміз Тараз қаласында тұр. Мұхамед Қайдар Дулатиге арнаған сол ескерткіш әлі күнге көңілімізге ыстық. Жамбыл облысында Бауыржан Момышұлына, Бәйдібек бабаға арнап ескерткіштер орнаттық. Ал, Шымкенттегі «Тәуелсіздік» саябағындағы Тәуелсіздік монументі үшін Елбасы Н.Назарбаевтан мақтау сөз естіп, Мемлекеттік сыйлыққа ие болуымыз көп жылғы еңбегіміздің жемісі дер едім, - дейді Насыр Рүстемов.
Абай ескерткішіне қайта оралатын болсақ, «біткен іске сыншы көп» дегендей түрлі пікірлердің айтылатынын ескерткіш авторы да, оны орнатуға мұрындық болған Пернебай Әубәкіров те жоққа шығармайды. «Ол кезде бастысы Ұлы ақынды ұлықтауға күш салғанымызды, сол арқылы тұрғындардың ұлттық рухын оятқанымызды мақтаныш еттік» дейді олар.
Жалпы Қазақстанда Абай Құнанбайұлына орнатылған ескерткіштер саны аз емес. Әрқайсысы өзіндік кескін-келбетімен ерекше. Мүсіншінің шығармашылығына қарай әрқилы болғанымен қайсібір ескерткіш болмасын елдің рухын көтеретіні рас.
Қазақстанда А.Құнанбайұлына арналған 14 ескерткіш бар.
Ал, Абай атамызға әсіресе шетелдерде мүсін орнатылып жатқанын естігенде тіптен марқаямыз. Мысалы, Өзбекстанның астанасы Ташкентте Абай Құнанбайұлына еңселі ескерткіш бар. Әзербайжанның орталығы Бакуде, Ресейдің астанасы Мәскеуде орнатылған Абай ескерткіші қазақ деген халыққа дара да дана тұлғасы арқылы құрмет көрсетіліп тұрғандай. Бұдан бөлек Стамбулда, Каирде, Будапешт пен Тегеранда, Қытайдың астанасы Бейжіңде, Францияның Ренн қаласында Абай мүсіні көрнекі орындарда ұлтымыздың абыройын асқақтата түсуде.
Лондонда Абай музейі бар. Үндістан, Германия, Украина, тағы басқа елдерде Ұлы ақынға көше аты берілген.
Бұл да болса Ұлы ақынның «Адамзаттың Абайы» атына лайықты құрмет деп білеміз.

Последнее изменение Пятница, 25 Декабрь 2020 04:32