5 жылда 157 жоба іске асырылады Избранное

Среда, 23 Декабрь 2020 04:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2215 раз

55

Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында биыл қалада 35 млрд теңгеге 19 жоба іске асырылды. Осы жобалардың бірнешеуімен танысу мақсатында БАҚ өкілдері баспасөз турымен «Оңтүстік» арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда болып қайтты.

Солардың бірі – кілемше өндіретін «Бал декор» ЖШС-нің жаңа жобасы. Келесі жылдан бастап тоқыма фабрикасының кілемшелері жергілікті нарыққа түсе бастайды. Бұл кілемшелердің айырмашылығы – заманауи үлгіде тоқылған. Яғни еденде таймайды және оны кір жуатын машинада жуа беруге болады. Компания басшысы Огуз Дуррудың айтуынша, үй текстиліне жататын бұл кілем цехында алдағы уақытта көрпе-төсек те шығарылады. Кілемшелердің бағасы көлеміне қарай 8500-ден 12 мың теңге аралығында сатылмақ. Айта кетейік, «Бал декор» ЖШС – 16 желтоқсан – тәуелсіздік күні ашылған кәсіпорын.
«Оңтүстік» индустриалды аймағында 16 желтоқсан күні «Балқаш полиметалл» компаниясы жанынан ашылған «Шымкент Смелтинг» ЖШС жаңа металл байыту пешін іске қосты. Өндірістік жаңғыртудың нәтижесінде Шымкент металлургия саласы бойынша алдыңғы орынға шықты. Өткен жылдың өзінде кәсіпорын 1 мың тонна қара қорғасынды «Казцинк» компаниясына, 200 тонна қара мысты Ресейдің Челябинск қаласына жіберді. Кәсіпорынның бас инженері Қайрат Базарбаевтың айтуынша, отандық өнеркәсіпті қолдау мақсатында қара мысты «Қазақмыс» ұлттық компаниясына сату жоспарда бар. Аталмыш өндіріс орнында 200-ге жуық адам жұмыс істейді.

 

4545555555

 

Осы индустриалды аймақта орналасқан «Beskuduk Tas» ЖШС – коралл түстес табиғи тас өндіретін әрі өңдейтін кәсіпорын. Компанияның декоративті тастарымен Шымкент қаласындағы бірнеше көпқабатты үй және тоннель, Бадам өзенінен ашылған көпір әрленген. Сондай-ақ, Түркістан қаласында музей мен тағы екі ғимараттың қасбеті осы табиғи тастармен қапталған. Компания өкілі Ботагоз Сайлыбаеваның айтуынша, отандық табиғи тасқа деген сұраныс клиенттер тарапынан артып келеді. Кәсіпорынмен бүгінгі таңда «BI Group», «АРТ Құрылыс», «Отау-строй» секілді компаниялар іскерлік байланыс орнатқан. Өндіріс орнында күніне 300 шаршы метр тас өңделеді. Декоративті тастар сыртқы қасбетті әрлеумен қатар ішкі сәндеу жұмыстарына да жұмсалады. Өнімдер ішкі нарықтан бөлек Өзбекстан мен Ресейге экспортталуда. Табиғи тастың шаршы метрінің бағасы 3,5 мың теңгеден басталып, қалыңдығына қарай бағасы өсе береді. Шикізат Сарыағаш ауданы Жылға ауылындағы компанияның жеке меншігіндегі карьерден алынады.
Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің мәлімдеуінше, әкімдік тарапынан алдағы 5 жылда 1,4 трлн теңгеге 157 жобаны іске асыру туралы жоспар жасалған. Жыл сайын осы жобалар біртіндеп іске асырылмақ. Сондай-ақ, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 2 индустриалды аймақ бар. Үшінші индустриалды аймақ құрылысы қарқынды жүргізілуде.