Версия для печати

Бейнекамерамен жедел ашылған қылмыс Избранное

Среда, 23 Декабрь 2020 04:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2005 раз
Оцените материал
(0 голосов)

podezd-video

Таяуда Шымкенттегі көпқабатты үйдің кіреберісінде болған жағдай елдің жағасын ұстатты.

Қылмыстық оқиғаның бейнежазбасы республикалық бұқаралық ақпарат құралдары мен телеарналарда, әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кетті. 70 жастағы әжейдің өміріне қауіп төндірген ер адамның ісі көпшілікті бей-жай қалдырған жоқ. Бірақ, зейнеткерге тұтқиылдан шабуыл жасаған адамның арам пиғылы іске аспады. Подъезге соңынан ілесе кірген ер адамның қарияға қол жұмсап, қылғындырып, жерге сұлатқаны, жәбірленушінің орнынан тұрмақ болғаны, күдіктінің әрекеті – бәрі-бәрі бейнебақылау камерасына анық түсіп қалған. Сол сәтте жоғары қабаттан түсіп келе жатқан адамдардың аяқ дыбысын естіп, қаскөй сыртқа қашып шығады. Осылайша түнгі оқыс жағдай желісі осы жерден кілт үзіледі. Сол мезетте Еңбекші аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне шұғыл қоңырау түседі. Шақыртуда қарт адамға көмек қажет екені хабарланады. Көрсетілген мекенжайға жедел тергеу тобы шұғыл жеткен. Анықталғандай, белгісіз біреу 1950 жылы туған әйелге зорлық жасамақ болған. Полицейлер қылмыскердің түр-әлпетін суретке түсіріп, бақылау камерасындағы жазбаның көмегімен ізіне түседі. Күдіктіні ұстауға полиция департаментінің жеке құрамы жұмылдырылады. Учаскелік инспекторлар өздеріне берілген аумақтардағы жалдамалы пәтерлерді қалдырмастан түгел тексереді.
Ал азғынның әрекеті кейуананың құтын қашырды. Қан-сөлі қашқан жанға жедел медициналық көмек көрсетіледі. Жан ұшырар жағдай сол маңдағы үлкен-кішінің үрейін ұшырды.
Айта кетейік, биылғы 16 қарашадан бастап Шымкентте «Қазақтелеком» АҚ-ның 2462 бейнебақылау камерасы көпқабатты үйлердің кіреберісі мен пәтерлердің есіктеріне қойылды. Барлығы қалалық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Қанатқақты жоба көп күттірмей нәтиже көрсетті. Бұрын қылмыстың ізін ашу қиындық тудыратын. Кінәліні табу қамырдан қыл суырғандай еді. Ал бұл жолы қаланы күнделікті алақанындай түгел көретін қырағы қызметкерлер алғырлық танытты. Дер кезінде қылмысты ушықтырмай тоқтатып, күдіктінің қиындықсыз табылуына мұрындық болды.
Жалпы, Шымкентте 1 ай, 6 күн ішінде камералар арқылы 4 қылмыстың ізі суымай ашылды. Егер бейнекамералар алдағы уақытта көбейетін болса, криминогендік жағдайдың жақсаратыны сөзсіз. Мұны қалалық полиция департаменті жедел басқару орталығы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қайрат
Болатбеков те растайды. Оның сөзінше, аз ғана уақыт ішінде ұрлық – 54,8, пәтер ұрлығы 74,5 пайызға азайған көрінеді. Нөлдік төзімділік қағидасы бойынша 758 әкімшілік-құқық бұзушылық анықталып, шаралар қабылданған.
Не керек, бейнекамераға түскен күдіктінің ұсталғанын ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Нұрділдә Ораз хабарлады. Күдікті 1985 жылы туған азамат болып шықты. Бұған дейін оның ауыр қылмыс жасап, сотталғаны анықталды. Ал бұл жолы жәбірленушіге шабуыл жасағанымен қоймай, қалтасынан 8000 теңгені ұрлап кеткен. Қазіргі таңда айыпталушы кінәсін толық мойындап, қалалық уақытша ұстау абақтысында отыр. Нұрділда Ораздың айтуынша, Қылмыстық кодекстің тонау және зорлауға оқталу бабы бойынша тергеу амалдары басталған. Егер қылмыстық әрекеттері дәлелденсе, оның 8 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

 
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.