Оқырман мен авторды қауыштырған фестиваль Избранное

Пятница, 04 Декабрь 2020 04:36 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2049 раз

 DSC6632

1-желтоқсан ҚР Тұңғыш Президент күніне орай Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Рухани жаңғыру» бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «KITAP FEST» іс-шарасы қала тұрғындарын рухани жағынан байыта түскені ақиқат.

Фестивальдің ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева, ақын-жазушылар мен оқырмандар қатысты. Көрменің алғашқы күні еліміздің түкпір-түкпірінен келген кітап баспалары, кітап дүкендері мен кітапханалар жаңа шыққан туындыларды оқырмандарға ұсынды.
Республикалық кітап көрмесіне өз өнімдерін әкелген «Шұғыла» баспа үйінің менеджері Азиза Ғазиева «Көрмеге келушілер арасында әсіресе, логикалық кітаптарды сұраушылар көп. Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын көргенде қуанып қалдық. Көрмеге алып келген кітаптарымыздың бүгінге дейін 45 пайызын саттық», - дейді.
«Эрудит» кітап дүкені көрмеге қойған кітаптардың арасында Аятжан Ахметжанның «Мінез», «Ұлт болам десең» мақалалар мен сұхбаттар жинағын сұраушылар қатары баршылық екен. Кітап дүкенінің сату менеджері Сағила Баймаханова «қазіргі жастар көбіне психологиялық кітаптар оқиды деген соң, сол бағыттағы оқулықтарды алып келдік», - дейді.
Елімізде карантин басталған тұста Қарағанды қаласында «KASYM» баспасы ашылып, қазақ классикасының жауһарларын кітап етіп шығара бастаған. «Нәтиже» компаниясының директоры, дүйім қазаққа танымал кәсіпкер Ерлан Әшімнің баспасы қазақ және шетел көркем әдебиетін кітап етіп шығаруда.
– Біздің кітаптарымыздың барлығы қазақ тілінде. Шетелдік авторлардың да шығармаларын қазақ тіліне аударып басамыз. Бүгінге дейін 14 сериялы көркем әдебиет, классика, романдар жарыққа шықты. Алда соны 50 серияға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Мықты деген әдеби туындыларды жаңа дизайнмен шығарып жатырмыз. Көрмеге келушілердің көбісі қызығады, - деді сату менеджері Мүбәрак Керей.
Сонымен бірге ғылымға қызығушылар үшін кітап көрмесінде «Қазақ университеті» баспасынан шыққан Абайтанудың 47 томдығы мен Әл-Фараби бабамызға арналған әдеби, ғылыми кітаптары да бар.

 

500

 

Ал, осынау кітап мерекесінің ең сүйікті кейіпкері «Фолиант» баспа үйінің рухани жәдігерлерін сұраушылар да, қызығушылар да жетіп артылады екен. Себебі, 1996 жылдан қызмет етіп келе жатқан баспа Қазақстан нарығында кітап шығару мен сатуда жақсы рөл атқарып келеді. Қабиден Қуанышбекұлы бастаған шығармашылық топ Шымқалада тұңғыш рет өткізіліп жатқан «KITAP FEST»-ты қолдауға жолдың алыстығына қарамай, Нұр-Сұлтаннан ат терлетіп келіпті.
– Қазақ классиктері, балалар әдебиеті, балаларға арналған бірнеше сериялы кітаптар, энциклопедиялар, ғылым іздеген оқушыларымыз бен жастарымызға арналған кітаптарымыз бар. «Мен неге қорқамын?», «Мен неге бақытты боламын» деген мектеп жасындағы балаларға арналған кітаптар, тәрбиелік маңызы зор «Қонжықтың хикаялары» сияқты төрт сериялы кітаптарымызды балаларға арнап әкелдік. Жоғары сынып оқушыларына «Вэппи», «Шатақ қыздың шатпақ күнделігі», «Қабағы тұнжыр балақай», «Том Сойэрдің басынан кешкендері», «Берридің басынан кешкендері» сияқты Марк Твеннің шығармалары бар.
– Өзін дамытқысы келетін адамдарға салалық кітаптар бар. Мысалы, «Егде жастағы денсаулық», «Әлем тағамдары», жеке қызығушылығына байланысты психологиялық кітаптарды да таба аласыз, - дейді Қ.Қуанышбекұлы.
«Фолиант» баспасының шығарған кітаптары әр түрлі бағытта. Орыс тілінде де дәл сондай әдебиеттерге қол жеткізуге болады.
– Үйіміздің іргесінде тұрған кітап көрмесіне келмесек, біздің кім болғанымыз?! Мәселен, «KITAP FEST»-ке келмеген зиялы қауым өкілдеріне айтар сөзім жоқ. Өткенде де «Отырар» кітапханасының алдында баспалардың кітап жәрмеңкесі болған-тұғын. Сонда насихаты аз болды. «Фолиант» баспасын қазақ тілінде әдебиет шығарудың көшбасшысы деуге болады. Балалардан бастап көркем әдебиет қана емес, танымдық әдебиет, психологиялық кеңестер, шетелдік әдебиеттер шығарады, - дейді тарихшы, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы.

 

 DSC6442


Бұл көрмеде тек кітап жәрмеңкесі болған жоқ. Арнайы оқырман бұрышы ашылып, өлкеміздегі ақын-жазушы, қаламгерлер оқырмандарымен кездесіп, тәрбиелік мәні зор әңгімелер өрбіді. Олардың ішінде тарихшы Момбек
Әбдәкімұлы, мақамы бөлек жазушы Мархабат Байғұт, таяуда ғана «Қазақ қызы» кітабын жарыққа шығарған Күлия Айдарбекова, белгілі ақын, ғалым, аудармашы Абай Қалшабек, жазушы, драматург Сая Қасымбек болды. Әрбірі өзі жазған шығармасындағы қызықты эпизодтарымен бөлісіп, оқырманымен ашық диалог құрды. Келушілер көкейінде қап кеткен сұрағын қойды.
Кітап фестивалінің тағы бір ерекшелігі, қаламыздағы кітапханалар балаларға арнап қойылым қойып, кішкентай оқырмандарын қуантуға тырысып бақты.
Ал ең бір айрықша тұсы, «Балаларға базарлық» атты сандықтың қойылуы. «Рухани жаңғыру» бөлімінің басшысы Зәуре Оралбаева «Балаларға базарлық» акциясын қаламыздың еріктілері қолға алғанын айтады.
– Келуші азаматтар өзіне сатып алған кітаптың бірін арнайы қойылған сандықтың ішіне салып кетеді. Оны кітап алуға мүмкіндігі жоқ балаларға сыйласақ деп отырмыз. Мерекелерде тек тәтті сыйлаймыз. Кітапты да сыйға тартайық деген үмітпен ерікті жастар осындай игі шараны қолға алды. Қазір сандығымыз толды. Толды деп қабылдамай қоймаймыз. Келесі сандығымыз дайын, - дейді бөлім басшысы.
Бәрін айт та, бірін айт, кітап көрмесінің кітап оқуға деген құштарлықты оятқанын, оқырман мен авторлардың арасына алтын көпір болғанын айтуға тиіспіз. Кітаптың қадірін арттырған көрменің қай-қайсымызға да бергені мол болды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.