«NURTAU distribution company» кәмпит пен сағыз шығаратын тұңғыш кәсіпорын Избранное

Среда, 21 Октябрь 2020 04:08 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2504 раз

Қазақстанда кәмпит пен тәттілер шығаратын «Рахат» және «Баян сұлу» компаниялары бар. Еліміздің нарығында кондитерлік өнімдер шығаратын екі ғана фабрика болғандықтан, мұндай өнімдердің 80-90 пайызы басқа мемлекеттерден келеді. Ал көрші қонған Өзбектан астанасы Ташкентте сағыз шығаратын 12 зауыт, кәмпит шығаратын 100-ден аса өндіріс орны бар екен. Яғни, Қазақстанда кондитерлік фабрика ашу кезек күттірмейтін мәселенің бірі.

709

 

«NURTAU distribution company» осы мәселені оңтайлы шешіп, мемлекет қолдауына сүйене отырып, отандық тәттілер мен сағыз шығаруды қолға алды. Пандемия етектен тартып, көрінбейтін жаумен күрес жүріп жатқанда бұл компания «Даму» қорының сүйемелдеуімен «АТФ Банктен» 6%-бен несие алып, ісін бастады да кетті. Міне, одан бері 6 айға жуықтады.
«Қарапайым заттар экономикасы» аясында өндірістік қуаттылығын арттыруға талпынған «NURTAU distribution company» ЖШС кондитерлік өнімдер өндірісін бастарда нарықтық экономика талаптарына сай біршама сатылардан өткені белгілі. Десек те шымкенттік кәсіпкер Даврон Юлдашевке жоғарыдағы бағдарлама бойынша кәсібін қолға алу үшін бар болғаны үш-ақ апта кетіпті. Ол жергілікті Кәсіпкерлер палатасына бармас бұрын бір жыл бойы банктердің табалдырығын тоздырғанын айтады. Өйткені, кепілге қоятын мүлкі болмағандықтан қаржы ұйымдарынан несие ала алмаған. Кейіннен «Даму» қоры мамандарының кеңесі арқасында мәселе оп-оңай шешімін тауыпты.
Өндіріс ісінің барысымен таныстырған компания директорының орынбасары Д. Юлдашев бізді фабрикаға бастап барды. Кәсіпорынның бір бөлігінде сұлы мен шоколадтан кәмпиттер шығарылып жатса, екінші тұсында сағыз жасалынуда. Ғимаратқа кіргеннен тәттілер патшалығына тап болғандай әсерлендік. Әрине, ең әуелі мұндағы жағымды тәтті иіс мұрын жарады.

Тасымалдаушыдан – өндірушіге айналды

– «Nurtau Distribution company»-дың негізі 2016 жылы қаланып, ол жуынатын заттар, кондитерлік өнімдер мен сағыз импортымен айналысып келеді, - дейді дистрибьютерлік компания директорының орынбасары Даврон Юлдашев.
«Біз Шымкент қаласына сағыз жеткізетін бірден-бір тасымалдаушы едік. Бір жыл бұрын бұл тауарды алып-сатумен айналпай-ақ, оны өзіміз өндіруге дайын екенімізді ұқтық. Оның үстіне сату, байланыс, өнімді өткізу орындарын қалыптастыру секілді мәселелерде әбден тәжірибе жинақтадық, - дейді Даврон. – Шоколадты кәмпит, піспенан мен сағыз өндіретін кәсіпорын ашу туралы ой осыдан туды. Екінші деңгейлі банктерге бардық, барған жеріміздің бәрі дерлік меселімізді қайтарып тастады. Сөйтіп жүргенде бір танысымыз Кәсіпкерлер палатасына баруға кеңес берді. Ол жердегі мамандар бізге «Қарапайым заттар экономикасы» деген арнайы жобалық кеңсе жұмыс істейтінін, отандық өнім өндірісін барынша қолдайтынын айтты. Сонымен не керек, біз осы бағдарламаға қатыстық. Сарапшылар индустриалды аймақтан 1,3 гектар жерді тегін беріп, құжат әзірлеуге, жобаның жүзеге асуына қолдан келген көмектерін аянып қалған жоқ. Банк 330 миллион теңге несиені 6 % берешегімен мақұлдады. Сөйтіп, қазіргі зауытымыздың құрылысын бастап кеттік. Яғни, «АТФ Банк» АҚ» несиені жылдық 14 %-бен мақұлдады, оның 8%-ын мемлекет субсидиялайды.

723


Компанияның коммерциялық директоры Бақытжан Арыновтың айтуынша, фабриканың құрал-жабдықтары мен қондырғылары Түркиядан әкелінген. Өндіріс орнының құрылысы 9 айда толығымен аяқталып, кәсіпорын өз жұмысын Елорда күнінің қарсаңында жаңа тыныспен бастаған.
Сағыз шығару ісінің қолға алынғанына бір жарым ғасырдан аса уақыт болыпты. Бұл затты алғаш американдық өнертанушы Уильям Сэмпл ойлап тапқан екен. Сағыздың қалай жасалатыны бізге қызық көрінді. Фабриканың бас технологы Айман Намазованы сөзге тартқанымызда, сағыздың өндірістік процесіне толықтай қанықтық.
– Қазірде фабрикада ай сайын кәмпиттің 2 түрі (140 тонна), сағыздың 10 түрі (120 тонна) Mexsi, Zygzag, Reika, Flаshgum, Bibo, Diamond тауар белгілерімен шығарылуда. Мұнда 130-ға жуық адам жұмыс істейді. Ал шикізаттың 70 % өзімізден, қалған 30 % шетелден әкелінеді. Кәсіпорындағы құрылғыларымыздың дені автоматтандырылған. Бұл жұмысшылардың жұмысын жеңілдетеді, - дейді Айман.
Бас технолог А.Намазованың сөзінен ұққанымыз, сағыз бірінші шикізатты қабылдап алудан басталады. Әрбір алынған заттың мерзімі мен сапасына баса мән беріледі. Сағыздың негізі (жевательная резина) түрік елінен, қант пен глюкоза өз елімізден жеткізіледі. Барлығын арнайы миксер аппаратында белгілі бір температуралық режимде араластырылып сағыздың қамыры дайындалады. Дайындалған қамыр 15-20 минут тындырылып, экструдер аппаратына жіберіледі. Ол құрылғыда механикалық күш арқылы тығыздалып, біртекті қамыр шығады. Одан әрі қалыптауышқа барып дөңгелек пішінге енгізіліп, одан шыққан сағыздар сұрыпталынады. Сұрыпталынған сағыз бір тәулік, яғни 24 сағат бойы арнайы режимі орнатылған бөлмеде тұруы тиіс. Мұндайда температура мен ылғалдылық өте маңызды. Сол жерде 24 сағат бойы кептіріледі. Кепкен қамырдың сыртына жабын жабылады. Қапталынады. 8 сағаттан кейін буып-түйілуге беріледі. Осылайша Қазақстанның барлық қалаларына жөнелтіледі. Қырғызстан мен Өзбекстанға жіберетін жолдар да қарастырылу үстінде. Жарамдылық мерзімі: кәмпиттікі – 6 ай, сағыздыкі – 12 ай.
Кәсіпорын келесі жылы тағы екі жүйе қосуды жоспарлап отыр.
«Даму» қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының аймақтық директоры Алмас Тастановтың айтуынша, нарықтағы қазіргі жағдайға қарамастан, ағымдағы жылдың 9 айында жобалардың ішінара кепілдемесінің өсуі байқалады. Осылайша, кепілдеме бойынша жалпы несие сомасы 4,1 млрд.теңгені құрап отыр. Бұл қаржы есебінен кәсіпкерлердің 68 жобасы қолдау тапқан.

P.S.

Шымкентте бизнесті сүйемелдейтін біз білетін бірнеше мекеме бар. Ол, әрине, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы. Одан соң «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, сосын палата жанындағы «Бизнеске арналған үкімет» кәсіпкерлікті қолдау кеңсесі мен жобалық кеңсе және «Даму» қоры. Сонда осының барлығы бизнесті сүйемелдей ме? Дәл осы сауалды біз «Даму» қорының жетекші менеджері Сабыржан Исақовқа қойдық. Сөйтсек, жоғарыда аты аталған мекемелердің барлығы кәсіпті қалай бастап, дөңгелету жайлы кеңес бергенімен, кәсіпкер қаржылай қолдауды «Даму» арқылы алады екен.
Бұл жерде бір нәрсені анық түсініп алуға тиіспіз. Екінші деңгейлі банктер де аз уақыттың ішінде сондай қаржылай қолдау көрсете береді. Бірақ, олардың пайыздық үстемесі өте көп. Ал «Даму»-да құжат рәсімдеуге шамамен бір жарым ай уақыт кетеді, бірақ, несиені бар болғаны 6 %-бен алуға мүмкіндік бар. Іс бастағысы келген азаматтар осыны қаперіне ілгені абзал!..

Последнее изменение Среда, 21 Октябрь 2020 04:32
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.