Жасыл желекке қамқорлық үзілмесін... Избранное

Пятница, 18 Сентябрь 2020 04:50 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2016 раз

 DSC7398

Күздің келуімен бірге ағаш жапырақтарының сарғайып, жерге түсе бастауы – табиғат заңдылығы. Бұл – талдардың жойылуының емес, жаңаруының белгісі.

Осылайша жасыл желектің келесі жылға дайындығы жүреді. Алайда шаһарда биыл Абай саябағындағы қарағаштар күзде емес, шілде айында-ақ қурай бастады. Аса күтім мен ылғалды қажет етпейтін қарағаштар жапырағынан неге ерте айрылды? Қала тұрғындарын бейжай қалдырмаған мәселені зерделеп көрдік.
Қазақ үшін қарағаш қарағай мен еменнен, қайың мен теректен қымбат. Басты қасиеті – жер таңдамайтын төзімділігімен ерекше. Тұқымы топыраққа түссе, өсе береді. Ауа райының қолайсыздығына да бейімделген. Алай-дүлей желге де иілмейді. Сондықтан табиғат жанашыры Қайрат Кәрібаев бұл ағаштың «ерте қартаю» себебін індетпен байланыстырады.
– Ағаштар ауруға шалдыққан сияқты. Әйтпесе, мұншалықты қурамайтын еді. Саябақтың бір жерінде талдар қураса, екінші жерінде сондай ағаштар жасыл күйінде тұр. Бұл күтіп-баптаусыз қалғанның нәтижесі секілді, - дейді табиғат жанашыры.
Ал саябақ басшылығы ауру зиянкестерден келгенін алға тартып отыр. Өйткені көшеттерді суарудың кемдігі жоқ. Қалалық саябақтардың күтіміне жауапты «Шымкент
Жасыл қала» ЖШС директорының орынбасары
Назира Ибрагимқызының айтуынша, қарағаштар шілденің аптап ыстығында қурай бастаған. Тосын құбылысты байқаған ол мән-жайды агроинспекция мамандарына хабарлапты. Агроинженерлер ағаштарға құрт түскенін, зиянкестердің өсімдіктерді 100 пайыз зақымдағанын анықтаған. Содан төрт рет бақтағы жасыл желектерге химиялық өңдеу жүргізілген. «Ерте көктем мен күз айларына дейін демалыс орны 30 рет химиялық өңдеу ден өткен. Бақтың күтіміне салғырт қарау болған емес» – дейді Назира Ибрагимқызы.
Зиянкестер қайдан пайда болғанын республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының Шымкент қаласы бойынша агрономы Талғат
Жанбаевқа қойған едік. Оның мәлімдеуінше, Шымкентте бұл зиянкестер 2003-2004 жылдары пайда болған. Ең алғаш рет 11 шағынаудандағы үйлердің ауласындағы қарағаштардың жапырағын зақымдаған.
Негізі қарағаш жемірі Еуропа елдерінде, ТМД-ның Орта Азия мемлекеттерінде түгел кездеседі екен. Қатты қанаттылар тобына жататын зиянкестер ағаш жарықтарында, тесіктерінде, топырақтың жоғары қабатында қыстайды. Денесі 5-8 мм болатын қоңыз сарғыш түсті, қара дақтары мен жолақты қанаттары бар. Біреуі орта есеппен 400-700 жұмыртқа салып, жапырақтарда өсіп-жетіледі. Жылына 3 ұрпаққа дейін дамитын қатты қанаттылар ағаш жапырақтары сарғайған уақытта қыстауға кететін көрінеді. Демек, бір қоңыздың 700 жұмыртқа салатынын ескерсек, зиянкестердің оңайлықпен көзі жойылмайтыны анық. Бұл өңдеу жұмыстарын көптеп жүргізіп, қураған жансыз ағаштардың көзін жою керектігін көрсетеді.
– Қазір ауырған ағаштар тірі. Барлығы көктемде қалпына келеді. Мамандар енді басқа саябақтардағы талдардың жағдайын анықтап жатыр. Ал бақтың күтімі үнемі басшылық назарында. Жылдың барлық мезгілінде өсімдіктерді суару да, тыңайтқыш беру де тоқтаған емес - дейді
Назира Ибрагимқызы.
Абай саябағы – шаһардағы аумағы үлкен демалыс орындарының бірі. Бүгінде 52 гектардың 38,95 гектары күтіп ұсталады. Оның 60 пайызына газон төселген. Көркіне көз тоймайтын
демалыс орнында 20750 ағаштың саналуан түрі бар. Десе де, биологтар бақты суару, шөбін жұлу жұмыстарының аздық екенін айтады. Қалай болғанда да мәселе ағаштарға келген зиянкестерде болып тұр. Шөлге шыдамды, топырақ талғамайтын талдардың ауруға шалдығуы қолдағы барды көздің қарашығындай сақтау керек екенін байқатады.
Биологиялық белсенді заттарды бөліп шығаратын, қаланың микроклиматын реттейтін жасыл желекке қамқорлық үзілмеуі қажет.Әйтпесе, Шымкент Молдова елінің күйін кешуі мүмкін. Өйткені аталған мемлекет емен мен талшынды егуден мүлде бас тартқан. Осылайша табиғаты зиянкестерге төзімсіз ағаштар түгі қалмай жойылған...

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.