Қазақтың қазығы мен қазынасына айналған аймақ Избранное

Пятница, 19 Июнь 2020 03:52 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2351 раз

DSC 3349

2020+2200. Қандай сәйкестік десеңізші. Бұл жыл Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қала Шымкент үшін 2 және 0 сандарымен қиюласқан керемет жыл болды. Біріншіден, біз, шымкенттіктер, ақ түйенің қарны жарылып, Самарқанның көк тасы еріп, 2020 жылы ғасырдың ғаламат белесі – көне шаһардың 2200 жылдық мерейлі кезеңіне куә болып отырмыз. Екіншіден, ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы мәртебесін иеленіп, қаламызда әр алуан қызықты халықаралық іс-шаралар өткізілуде.

Иә, көкдөнен көңілге салсақ, қиял қанатына ерік берсек, биылғы Наурыз мерекесінде ертегілерде сипатталатын 30 күн ойын, 40 күн тойымен жалғасқан дүбірлі думан өтуі тиіс еді. Ооо, ол уақытта күнгейдегі Күнқаланы танымай қаларыңыз сөзсіз еді. Көңілді көкке өрлеткен қаншама әсерлі жиындар өткен болар еді. Әлемде қалыптасқан пандемиялық ахуалға орай барлық іс-шараларды кейінге шегеруге мәжбүр болдық. Бірақ, іс-шаралар кейінге ысырылғанмен, Мәдени астана мәртебесін ешкім еншілеп кеткен жоқ. Мерейі асып, қайта түлеген шырайлы шаһардың 2200-ші туған күні – Қала күнін жоғарғы деңгейде өткізу үшін қызу дайындық жүріп жатыр. Төрткүл дүниедегі жаңаша өмір сүру үрдістеріне сәйкес, «Шымкент – Достастықтың 2020 жылғы мәдени астанасы» атты айтулы шараның салтанатты ашылу рәсімі қала күні мерекесімен бірге онлайн өткізілмек.
Сонымен қала күні мерекесіне орай 1-19 маусым аралығында «Shymkent-Fest» онлайн өнер фестивалі өтіп жатқанын қаперлеріңізге ілгіміз келеді. Қанша дегенмен жүзбе-жүз дидарласып, думанның ортасында жүрмеген соң, көптеген маңызды іс-шаралар мен өнерпаздарымыздың тасқынды өнері тасада көрінбей қалуы мүмкін. Сондықтан бірлік пен береке бастауы, ұлттық дәстүріміздің ұясы саналатын Шымкент қаласының бүгіні мен болашағын өнер өрісіне айналдыру өзіміздің, яғни сіз бен біздің қолымызда. Дарынды жастардың даралығын дәріптеу, олардың шығармашылығын насихаттау, жергілікті таланттарға қолдау көрсету, халықтың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Shymkent-Fest» онлайн өнер фестивалі 6 (алты) бағыт бойынша өткізіліп жатыр.

 

 DSC4005 DSC4988

 

«2200 жылдық шежірелі Шымкент» республикалық онлайн ақындар айтысында қарағандылық Дидар Қамиев пен шымкенттік Нұрғали Әнапия додаға түсіп, жырдан шашу шашты. Ақтаңкер қос ақын аға мен ініге тән мағыналы айтыс жасап, көрермен алғысына бөленді. Бұдан бөлек, басқа айтыскерлер де шуағын шашқан шұғылалы шаһардың туған күніне орай өнерін ортаға салатын болады.

«Ғажайып қала – Шымкент» атты жазба ақындар арасында онлайн мүшәйраға қатысып, ынта танытқандар жетерлік. Байқауда бақ сынаған үміткерлер арасында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс жағдайларды басқару басқармасының жедел кезекшісі, азаматтық қорғау аға лейтенанты Есалиев Нұржан Талғатұлы да бар. Яғни, туған қалаңа деген риясыз көңіл, ыстық ықылас мамандық не орта таңдамайды. Сөз өнері саласының сардарлары ғана емес, қорғаныс саласының «сарбаздары» да Шымкентке махаббатпен өлең арнауда.
«Ертегі қала – Шымкент» фотосуретшілер арасындағы онлайн байқауға тіршіліктің түрлі бояу, тынысын объектив көзіне сыйғызған тамаша туындылар ұсынылып жатыр.

«Балалар көзімен – Шымкент» жас суретшілер арасындағы сайыс та қыза түсуде.

 

3017db0ab-f713-4407-b1c2-738dcfdf4e4a

 

«Қайырымды қала – Шымкент» оқырмандар арасындағы онлайн оқуға атсалысушылардың қарасы аздау болып тұр. Сондықтан кез келген қала тұрғынының аталған бәйгеге қатысып, бағын сынауына әбден болады.
«Туған күніңмен, Шымкент!» айдарымен ТМД өнерпаздарының құттықтаулары әлеуметтік желіде көп талқыланып жатыр. Өзбекстан Республикасының эстрада жұлдыздары тарихы терең, халқының пейілі кенен, жатырқап, жатсынбайтын, асқар арманға жетелейтін, ымырт жабылса түрленген, жұлдыздар жымыңдасқанда жадыраған Шымкенттің туған күнімен құттықтау легін бастады. Қашанда қаламыздың өсіп-өркендеуіне тілеулес тату көршілеріміз ыстық сәлемін «Шымкент салам, Ташкенттен салам» деп әнге қосып, жолдапты.
Қырғыз ағайындар да жүрекжарды ықыласын онлайн жолдаған екен. Қырғызстан Республикасының эстрада жұлдызы, әнші Жанар Тұратов: «Қазақ-қырғыз бір туған деп текке айтылмаған. Сол достығымыз нығая берсін! Туған күнің құтты болсын!» деп Шымшаһарға деген игі тілегін жеткізді.
Соңғы уақытта Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы өткізіп жүрген «Дәстүр дәрістері» атты онлайн дәрісі, бейнепоэзия, ONLINE кітап оқу, әлеуметтік желі арқылы көрсетілетін түрлі концерттер, бейнежазбалар, кешкі online кітапхана, т.с.с. бәрі де Шымқаланың мәдениеті мен әдебиетінен сыр шертетін, жалықтырмайтын, көрермен мен өнерпазды бір-біріне асықтыратын іс-шаралар.
Келген қонағын төредей күтіп алатын, түңлігін күн сүйген, шаңырағы шаттықпен тербелген қонақжай Шымкенттің туған күні осылай аталып жатыр. Мереке тек мұнымен шектеледі десеңіз, қателесесіз. Шынайы сезімдердің мекені Шымқаланың жарқын шамдары мен әсем субұрқағы атқылаған Арбатында серуендеудің өзі бір ғанибет. Сәнді де саялы ағаштарымен аты әйгілі Асанбай Асқаров атындағы Дендросаябақ – шырайлы шаһардың жап-жасыл жұмағы. Қазақстанның ең дәмді кәуабы қайда? Әрине, Шымкентте! Ендеше, туған қаламызбен қалай мақтансақ та жарасады. Мерекеңмен, тегеуріні тасты да ерітетін, тірлігі мығым, сөзі шырын, бар қазақтың қазығы мен қазынасына айналған ару қала – Шымкентім!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.