АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АЛПАУЫТ

Пятница, 15 Май 2020 02:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2679 раз

IMG 4056

Шымкент тарихының бір бөлшегі

Әркімде туған жерімен, онда өткен өмір жолымен, сол жердің тарихына айналған ерекше орындар жайлы әр алуан естеліктермен байланыстыратын өзгеше әсерлер болады. Мәселен, Шымкент қаласы тұрғындарының санасында Қорғасын зауытының тарих шежіресі сайрап тұрған болуы бек мүмкін. Өткен ғасырдың 30-жылдары өндіріске қосылып, бертінге дейін, яғни, 2012 жылға дейін өнім өндірген әйгілі алпауыт зауытты білмейтін жан кемде-кем. Түркістан облысы мемлекеттік архивінің басшысы Айдын Исатаева бізге Шымкент қорғасын-балқыту зауыты туралы, оның өткені мен бүгіні жайлы қызықты ақпараттармен бөлісті.

Архивтің №543, №207 қорларындағы І, ІІ істерінің папкілерінен Қорғасын зауытының арғы-бергі тарихын парақтадық. Материалдардың барлығы орыс тілінде, біз соны аударып беруді жөн көрдік.
«1920 жылдары қорғасын кенін жабайы тәсілмен өндірген Ащысай ауданын толыққанды геологиялық зерттеу жаңа кен орнының ашылуына түрткі болды. Ол сапасы жағынан өте сирек және тотықтанған қорғасын қорына бай болып шықты. Ащысай кен орнындағы қорғасынның зерттелген қорлары дәл осы аудандағы өзге де кен ошағының ашылуына мүмкіндік берді. Сондай-ақ Чимкент (сол кезде қала солай аталды) маңайындағы (Байжансай ауданында) белгілі, бірақ, зерттелмеген кен орындары осы жердегі қуаты жоғары қорғасын-балқыту зауыт құрылысының басталуына себепкер болды.
Зауытты кеңес инженерлері жобалады. Оның құрылысы 1931 жылдың тамызында басталды» (қ. 543. оп. І. I 13 л. 118).
Міне, бұл сөйлемдерден зауытқа қажетті қорытпалар Бәйдібектегі Байжансай мен Кентаудағы Ащысай, Мырғалымсай кеніштерінен жеткізілгенін білуге болады. Күн-түн демей белсене еңбек еткен жұмысшылар жәшікке салынған дайын оқ-дәрілерді вагондарға тиеп, алыстағы майдан даласына жіберіп тұрған.
Кәсіпорын құрылысымен «КазсредАзполиметалл» монтаждық басқармасы айналысқан. 1932 жылы 10 тамызда Монтаждық басқармасының атауы Чимкент қорғасын-балқыту зауыты болып өзгереді.
Ал құрылымы туралы мынадай мәліметтер бар:

• 1932 жылы 22 тамызда жөндеу-құрылыс цехы, ал 28 тамыздан бастап өндіріс үдерістерін оңтайландыру бюросы ұйымдастырылды.
• 1933 жылы зауытта сукөйлек, агломерациялық, металл өнімдерін құю цехы, механика-монтаждық, шахта даярлау цехы, электр станциясы, тәжірибе зауыты іске қосылды.
• 1934 жылы 20 қаңтарда зауыт салтанатты түрде іске қосылып, Орталық Азия мен Оңтүстік Қазақстан кен орындарындағы қоймалжың тотықтанған сульфидті кенді қайта өңдеумен айналысты.
• 1935 жылдың күзінде ЖООК (ВЦИК) басшысы М.И.Калинин зауытқа келіп, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысады.
• 1935 жылы 23 қазанда КазССР-дің ООК (ЦИК) төралқа мүшелері жиналысының №31 хаттамасына сәйкес, Чимкент қорғасын зауытына Михайл Иванович Калининнің есімі беріледі.
• 1936 жылы зауыт өнімдерінің ассортиментіне айрықша сапалы қорғасын түрі енгізілді.

Сонымен Түркістан облысының архивінде ізденген адамға Шымкент қорғасын зауытына қатысты мәлімет жетерлік. Зауыттың өндірістік жұмысы мынадай құжаттарда көрініс тапқан: негізгі қызмет туралы жылдық есептерден, цех жұмыстарының техникалық-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндамалық хаттардан, өндіріс жағдайы туралы актілерден, кейбір цех жұмыстары туралы есептерден, зауыт жұмысы туралы қорытынды есеп-баяндамалардан өндіріс ошағының сол кездегі тыныс-тіршілігін тануға болады.
Еңбектің озық тәсілдері туралы сипаттамаларды, еңбек және жалақы туралы есептер мен жылдық жоспарлар мен жаңа техника енгізілуі туралы мәліметтерді, өнім ережесін орындау туралы кестелер, т.б. құжаттарды да мұрағат материалдарынан көруге мүмкіндік бар.
– Чимкент қорғасын зауытының 1931-40 жылдардағы құжаттары толығымен сақталмаған, бірақ қорда 1930-34 жылдардағы «КазСредАзполиметалл» Қазақ және Орталық-Азия қорғасын-мырыш комбинатының құжаттары көлемінің аздығына қарай жеке қорға аударылмаған, - дейді архив басшысы Айдын Кеңесбайқызы.
Архив құжаттарын ақтара отырып, аталған зауыттың цехтары да, ондағы кадрлық резерв те жылдан-жылға ұлғайып отырғанын байқадық. Уақыт жылжыған сайын өндіріс өзінің қуаттылығын арттырғаны да аңғарылады.

 

IMG 4059

 

80 жылдық тарих үйіндіге айналды

Бір ғасырға жуық тарихы бар Түркістан облысы тарихи- өлкетану музейінің экспозиция залының төрінен ХХ-ғасырдың басында облысымыздың экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Қорғасын зауыты өнімдерінің түрлері, заттай деректер, жазбаша құнды мәліметтер, сонымен қатар фотоайғақтар орын алған.
Кеңес заманында Шымкентте ірі үш өндіріс орны болғаны белгілі. Олар – фосфор, шина жасау және қорғасын зауыты болатын. Бүгінде фосфор мен шина зауытының аумағында индустриялды аймақ құрылған. Ал қорғасын зауытына келсек, өндіріс ошағының жұмысы күн сайын түлеп, жанданып отырды.
– 1930-шы жылдары Шымкенттегі қорғасын зауыты КСРО-дағы өндірілген қорғасынның 70 пайызын өндіргенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Соғысқа дейінгі кезеңде аталған өндіріс орнының даңқы шартарапқа жайылып, өндірілген өнім көрсеткіші бойынша Одақта көш бастап тұрды. 1929 жылы іргетасы қаланып, 1932 жылы өз жұмысын бастаған қорғасын зауыты 1934 жылдың 20 қаңтарында алғашқы өнімін шығарды. Арада 3 жыл өткенде Кеңес Одағы бойынша өндіріліп-балқытылған қорғасынның 75,3 пайызы осы зауытқа тиесілі болды, - дейді музейдің әдіскері Гаухар Қасымова.
Оның айтуынша, 1941 жылы КСРО сынды алып империяның басына қара бұлт үйіріліп, соғыс өрті тұтанған шақта Шымкент қорғасын зауытына жүктелген міндет өте ауқымды еді. Сол себепті мұндағы жұмысты жандандырып, ортақ мақсатта күш біріктіру үшін зауытқа Ресей мен Украинадан білікті мамандар шақырылды. Әсіресе, Мәскеу, Харьков, Воронежден инженерлер, жобалаушылар және бас технологтар жедел түрде жеткізілді.
Отқа оранған майдан даласында жауға атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Ал, сол он оқтың жетеуі Шымкент қаласында орналасқан қорғасын зауытында дайындалып, вагондармен жан-жаққа тасымалданған.
Қорғасын зауытында негізінен Калашников автоматы мен «Русская винтовка» қаруына оқ дайындалды. Сондай-ақ, зеңбірек оқтары мен танктің қосалқы бөлшектері де шығарылды. Күн-түн демей белсене еңбек еткен жұмысшылар жәшікке салынған дайын оқ-дәрілерді вагондарға тиеп, еліміздің соғыс өрті шарпып жатқан жерлеріне жөнелтіп тұрған. Жалпы, қорғасын зауытында соғыс кезінде 3 мыңға жуық қызметкер жұмыс істеді. Олардың көбі 18-ден 40 жасқа дейінгі әйелдер болатын. Жұмысшылардың қатарында 13-16 жас аралығындағы бойжеткен қыздар да бар еді. Соғыстың зардабы ғой, әйелдер қауымы зауытта белі қайыса жүріп ауыр жүк көтерді, темір мен кірпіш тасыды, нәзіктігіне, жаратылысына мүлде қарама-қайшы қара жұмыстарды істеуге мәжбүр болды. Ол кездері зауытта ер азаматтар өте аз-тұғын.
Жұмысшылардың еңбегі өз кезегінде ескерусіз қалған жоқ, олар әр түрлі орден-медальдармен марапатталып, басшылық тарапынан зор алғысқа бөленді. Атап айтар болсақ, «Ленин» орденімен – 15, «Қызыл Ту» орденімен – 52, «Құрмет белгісі» орденімен – 32, І және ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен – 17 адам марапатталды. Соғыс аяқталған соң барша жұмысшыларға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.
Ерекше атап өтерлігі, 1943 жылы Кеңес одағы коммунистік партиясының бас хатшысы И.Сталин зауыт басшылығына жеделхат жолдап, өз ризашылығын жеткізген. Онда: «Қазақстан металлургы» танк колоннасының құрылысына 700 мың рубль жинап берген Шымкент қорғасын зауытының жұмысшыларына, инженерлер мен техникалық қызметкерлеріне қызыл әскер атынан алғысымды білдіремін» делінген. Ал, КСРО-ның түсті металлургия министрі болған Петр Ломако болса өзінің «ҰОС жылдарындағы түсті металлургия» атты кітабында: «Соғыс жылдары Шымкент қорғасын зауыты негізгі өнімнен бөлек, зеңбірек оқтарын шығаруды ұйымдастырып, тау-кен өндірісіне арналған машиналарының қосалқы бөлшектері мен жабдықтарын жасады» деп жылы пікір қалдырыпты.
1960 жылдары қорғасын зауытының жанында арнайы мұражай ашылды. Осы мұражайда жұмысшылардың алған медальдары, олардың туған-туыстарынан келген хаттар, тіпті шай ішкен кеселеріне дейін тұрды. Бір өкініштісі, ғимарат жекеменшікке өткендіктен бе, әйтеуір, 2007 жылы зауыт жанындағы мұражай өз жұмысын тоқтатыпты.
Деректерге жүгінсек, Шымкент қорғасын зауытына өзге өңірлерден жалпы 2 эшалон жұмысшы тобы, яғни 1500-ге жуық маман жіберілген. Оларға арнайы баспана салынды. Зауыттың күшімен бой көтерген сол үйлер қазіргі таңда қаламыздағы Чехов, Московская, Чапаев, Шкалов, Парижская коммуна, Добролюбов көшелерінде әлі де бар.
Жоғарыдағы пікірден ұғатынымыз, соғыс кезеңінде Шымкент қорғасын зауытының Отан алдындағы қызметі орасан зор болғаны анық.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін кәсіпорын экономикалық және экологиялық мәселелерге байланысты бірнеше рет жабылып, қайта ашылды. 2010 жылы Оңтүстiкполиметалл ӨК» акционерлік қоғамы мен «Қазақмыс» корпорациясы және «А-мега трейдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үшжақты келісімі негізінде толыққанды жұмысқа көшкен болатын. Алайда, ол да сәтсіздік алып келді де, кәсіпорын 2012 жылы түбегейлі жұмысын тоқтатты. Осылайша аты аңызға айналған алпауыттың бұрынғы орны тып-типыл күйге түсті. Айнала қирандылар, үйінділер. Төгілген топырақ, бұрқыраған шаң. 2018 жылы алып зауыттың 200 метрлік құбыры механикалық тәсілмен құлатылғаны есімізде. Қазірде ғалымдар 2 млн тоннаға жуық үйілген қалдықтың қала тұрғындарының денсаулығына кері әсер етіп жатқандығын анықтаған. Зиянды қалдықтар ақырындап қала сыртына тасылып жатыр.
Айтпағымыз, түрлі-түрлі заман бар, заманға қарай амал бар. Соғыс жылдарында қару-жарақ, оқ-дәрінің барлығы осы алпауыттан тарағаны сол заманның амалы еді. Ал бүгінгі күннің сұранысы басқа. Қайткен күнде де Шымкент қорғасын зауытының тарихтағы салмағы, ел экономикасын дамытудағы үлесі жылдар шежіресінен өшпейтіні анық. Өйткені, ол 2200 жылдық тарихы бар көне қаланың бөлінбес бір бөлшегі.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.