Мазалайтын мәселелер: жарықтандыру, жол жөндеу, қоғамдық көлік... Избранное

Среда, 15 Январь 2020 03:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3027 раз

Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов аудан тұрғындары алдында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. №127 орта мектепте өткен жиынға қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек, басқарма басшылары, аудандық Nur Otan партиясының өкілдері мен тұрғындар қатысты.

еңбекші фото

Аудан әкімі негізгі әлеуметтік-экономкиалық даму көрсеткіштер, абаттандыру және санитарлық тазарлықты сақтау, тұрғын үй, коммуналды шаруашылық, инфрақұрылым, әлеуметтік қорғаудағы басты жетістіктер жөнінде баяндап берді. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, аумақты көріктендіруде бірқатар жетістіктер бар. Мәселен, 2019 жылы «Таза қала» акциясының қорытындысы бойынша Еңбекші ауданы «Үздік аудан» номинациясына ие болды.

Есепті кездесудің биылғы жаңа форматына сәйкес, аудан әкімінің баяндамасынан кейін тұрғындар бірден сұрақ-жауапқа ойысты. Тұрғындарды толғандырған сауалдар – жарықтандыру, аулаларды абаттандыру, жол жөндеу, қоғамдық көлік мәселелері. Жалпы сұрақ-жауап кезеңінде 16 адам мұң-мұқтажын жеткізді.

Қарабастау елдімекені тұрғындарын көпір құрылысының қашан аяқталатыны мазалайды. Саяжол көшесінің тұрғыны Бөкеева №13,113 бағыттағы автобустарды жүргізуді өтінді. Ал Бадам-2 елдімекенінің тұрғыны Сандуғаш Тәжібекова аялдамаға белгі қойып беруді, Қойгелді батыр көшесі тұрғыны А.Смағұлова бағыттардың кестесін реттеуді сұрады. Сондай-ақ, Саяжол көшесінің тұрғыны Шахида Даулетова көшені асфальттауды өтініп, №17 автобусты қайта жүргізуге назар аударуды сұрады.

№63 мектептің ата-аналар комитетінің мүшесі Бақыт Қойшыбаева мектепке қосымша ғимарат салып берсе дейді. Ақназархан көшесінің тұрғындары аулаларды абаттандыру, балалар ойын алаңшасын салып беруді өтінді. Ал 195-орам тұрғыны Нұрдәулет Сақташ ауызсу мәселесін жеткізді.
Аудан әкімі ауызша және жазбаша қойылған сауалдарға нақты жауап берді.

WhatsApp Image 2020-01-14 at 12.21.29

Ғалымжан Молдабайұлының айтуынша, ең алдымен маңызды мәселелерді шешуге басымдық беріледі. №63 мектептің қосымша ғимараты, Қарабастау елдімекеніне өтетін көпір құрылысы 2020 жылы аяқталады. Ақназархан көшесін абаттандыруға қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталмақ.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Наурыз Сүгірәлиев қоғамдық көлік мәселесі бойынша сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, шалғай елдімекендерде қоғамдық көліктер, негізінен, орталық көшелер арқылы жүреді. Өйткені, көлік жетіспейді. Ал аялдама белгілерін 1 аптада орнатып беруге уәде берді. Алда бірқатар бағыттар бойынша зерделеу жұмыстар жүргізілетінін де мәлімдеді.

Ғалымжан Молдабайұлы жол жөндеу жұмыстары әуелі инженерлік жүйелердің құрылысы біткеннен кейін қолға алынатынын ескертті. Жалпы, аудан әкімі мәселелерді бірлесе шешуге шақырды.

3 көпірдің құрылысы жүргізілуде

Аудан аумағындағы тұрғын алаптардағы өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары бойынша 2019-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары келісілген. Аудандағы жолдары жөндеуді қажет ететін шағынаудандар мен тұрғын алаптарға зерделеу жұмыстары ұдайы жүргізіліп, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсыныстар жолданған. 2019 жылы 167,8 млн теңге қаржы бөлініп, 8,74 шақырым жол асфальтталды.

Былтыр Қарабастау тұрғын алабына өтетін Бадам өзенінің үстіндегі көпір қайта құрылып, Бадам-2 тұрғын алабындағы көпірдің құрылысы жүргізілді. Сайрам су өзенінің үстінен өтетін көпірді қайта құру жұмыстары атқарылды.

Маятас және Тоғыс тұрғын алабындағы Бадам өзенінің үстінен өтетін көпірге ЖСҚ әзірленіп, сараптама қорытындысы алдынды.
Сондай-ақ, аудан әкімі 2020 жылдағы негізгі міндеттерден хабардар етті. Биыл ауданда жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты әлеуметтік қолдауды арттыру, аудан аумағын абаттандыру мен санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, жарықтандыру жұмыстарын ұйымдастыру жанданбақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.