Қоғамдық көлік мәселесі кезең-кезеңімен шешілмек Избранное

Пятница, 09 Август 2019 06:33 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2904 раз

Қалада әлеуметтік маңызды 10 бағытқа жаңа қоғамдық көліктер жүре бастады. Одан бөлек, 138, 158, 45, 96, 16, 10 және 113 бағыттар бойынша да жаңа автобустар жолаушылар тасымалдауда. Жалпы шаһардағы қоғамдық көлік мәселесін кезен-кезеңімен шешу жоспарда тұр. Қала күніне орай муниципальды автобус паркі де жұмысын бастаған еді. Алда электронды билет жүйесін енгізу, цифрландыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге аспақ.

308

 

7 бағыт жаңа автобустармен қамтылды

Шымкентте 28 көлік компаниясы 83 бағытта, 1208 кестемен жолаушыларға қызмет көрсетеді. Шаһарда қоғамдық көлік бағыттарының жұмысын бақылау мақсатында, көлік компанияларының өкілдерімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізілуде. Жыл басынан рейдтік іс-шаралардың қорытындылары бойынша 21 көлік компаниясына кемшіліктерді жою туралы 67 ескерту хаттар жолданған.
Қала күніне орай «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде «Shymkent-Bus» автопаркі ашылған еді. Бүгінге дейін жоспарланған 300 жаңа автобустың барлығы жеткізілді. Жаңа автобус паркінде ЖМС, сервистік орталық, автожуу қызметі, жатақхана, медпункт және жүргізушілерге арналған асхана да қарастырылған. Автобустар салқындатқыштармен, пандустармен, бейнекамералармен, жолаушылар ағынының датчиктерімен, GPS-трекерлермен жабдықталған. Жолаушылардың жалпы сыйымдылығы – 56 адам, автобус ұзындығы – 8,5 метр. Қала күніне орай №138, 158 бағытта автобустар жолға шыққан-ды. Одан бері 45, 96, 16, 10 және 113 бағыттар жолға шығып, халыққа қызмет көрсетуде.

Әлеуметтік бағыттар мәселесі шешімін тапты

Қалалық маршруттардағы автобустарды жаңарту механизмі жасалды. 2018 жылы әлеуметтік маңызы бар 3 бағыттың, 2019 жылдың ақпан айында 2 бағыттың, сәуір айында 5 бағыттың, жалпы 10 бағыттың жұмыстары ұйымдастырылды. Аталған бағыттарды субсидиялау үшін қалалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді.

309


Әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттары қаланың шалғай орналасқан, жолаушылар ағыны төмен шағынаудандарына қатынайды. Соларды рет-ретімен айта кетсек: №55 автобус бағыты – Ынтымақ шағынауданына; №141 автобус бағыты – Қазығұрт шағынауданының К.Маркс бөлімшесіне, Мирас шағынауданына; №142 автобус бағыты – Текесу, Жалын, Жұлдыз шағынаудандарына; №143 автобус бағыты – Бадам-2, Оңтүстік, Химфарм шағынаудандарына; №144 автобус бағыты – Елтай, Айнатас, Жыланбұзған шағынаудандарына; №146 автобус бағыты – Жаңаталап, Көкбұлақ, Алтынтөбе шағынаудандарына; №147 (№147а) автобус бағыты – Ақжар, Ақтас шағынаудандарына; №148 (№148б) автобус бағыты – Шапырашты, Өтеміс, Абдулабад, Сайрам, Шаңырақ шағынаудандарына; №149 автобус бағыты – Қайнар бұлақ, Ақжайық шағынаудандарына; №150 автобус бағыты – Достық, Асар шағынаудандарына қатынап, жолаушыларға тасымалдау қызметін көрсетуде.
Қоғамдық көлік – қаладағы ең өзекті мәселенің бірі. Жалпы қалада қоғамдық көлік саласын реформалау басталды деуге негіз бар. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, жыл соңына дейін қалған 700 автобус та жеткізілмек.
– Жоспарланған 300 автобустың 280-ы қалаға келді. Қалғаны таяу уақытта толық жеткізіледі. Тек әкелу мәселесі қалып тұр. Жеті бағытта жаңа автобустар жолға шықса, екі-үш күнде тағы 2-3 бағытты жүргізу жоспарда. Бұлардың бәрі де қаланың орталығында қатынап жатыр. Бірқатар мәселелер шешімін тапты. 16 бағыт тоқтап қалған еді. Оны қайта жүргіздік. 45 бағыт шағын автобус еді. Кеңейту бойынша көп шағымдар түсті. Қазір ол бағытта да жаңа автобустарды қатарға қостық. Бұл бағыттағы бұрынғы ескі автобустар да қосымша жүре береді. Қайсысына міну – ол халықтың таңдауы. Енді таяуда 71 бағыт бойынша 171 жаңа бағытты ашылды. Қалған 700 автобус жылдың соңына дейін келуі керек. Ал бүгінде шалғайдағы елдімекендердің бәрін әлеуметтік бағыттармен қамтыдық, – дейді бөлім басшысы.

Цифрландыру жүйесі енгізілуде

Сондай-ақ, қалада қоғамдық көлік саласына да цифрландыру жүйелері енгізілуде. Мәселен, жолаушылар 2 ГИС қосымшасы арқылы автобустардың қозғалысын онлайн режимде көре алады. Нақты уақыт тәртібінде қоғамдық көлік қозғалысын бақылауға мүмкіндік бар. Бұл жұмыстарды қала әкімдігінің қолдауымен Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы және 2 ГИС компаниясы жүзеге асырып отыр.
Бір айта кетерлігі, Шымкент қаласы 2 ГИС картасына қоғамдық көлік қозғалысын алғашқылардың бірі болып ендірді. Бұл жүйені сонымен қатар, Ресейдің
Мәскеу, Санкт-Петербург және Новосибирск қалалары қолданып келеді.
Телефоныңызға жүктеген қосымшаға кіріп, аялдаманың белгісіне бассаңыз, картада автобустар пайда болады. Немесе іздеуде маршруттың нөмірін енгізсеңіз, қоғамдық көліктің қай жерде келе жатқанын және автобус жолын да көре аласыз. Бұл өз кезегінде аялдамада ұзақ уақыт тұрып қалу мәселесін жеңілдетеді.
Жүйе тек онлайн арқылы жұмыс істейді, сондықтан смартфонның ғаламторға қосылуы маңызды. Егер автобус кептелісте қалса немесе кез келген басқа себеппен маршруттан кетсе, өзгерістер 30 секундтан кейін картада бейнеленеді.

Электронды билет – уақыт талабы

Қалалық қоғамдық көлік бағыттарына электронды төлем жүйесін ендіру де уақыт талабы. Бүгінгі таңда, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС-мен келіссөздер жүргізілуде. Бұл бағытта Жол картасы әзірленеді. Қалалық қоғамдық көлік бағыттарына электронды төлем жүйесін 2019 жылдан бастап, 2020 жылдың
1 жартыжылдығында ендіру жоспарлануда. Басқарма мамандарының айтуынша, бұл жобаға инвесторлар қажет.
Аталған жобаны енгізу арқылы жолаушыларға қолайлы жағдайлар жасалады, тасымалдаушылар табыстарының ашықтығын көрсетеді және бюджетке төленетін салық төлемдері артады.
Ал қоғамдық көліктегі мәдениетті қалыптастыру бойынша апта сайын жиналыс өткізілуде. Негізінен, қала тұрғындары тарапынан әлеуметтік желілерден көп шағымдар түседі. Мәдениеттілікті сақтау – барлық компанияның тікелей міндеті.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.