Бүгінде Байтұрсынов көшесінде құрылыс жұмыстары қызған шақ. Жөндеу жұмыстары ақпан айында басталған. Қазір мұнда үш бригада жұмылдырылып, аяқжол салу, жолдарды кеңейту, веложол құрылысы қарқын алған. Бір айта кетерлігі, құрылыс материалдары отандық өнімдер. Абаттанған жолды тезірек тұрғындар игілігіне беру де – басты талап.
Басқа көшелер де осы үлгі бойынша абаттандырылады
Таяуда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осы көшедегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан еді. Әрине, басты мақсат – бұл көшені қаланың ең көрікті орындарының біріне айналдыру. Алда басқа көшелерді де осы үлгі бойынша абаттандыру міндеттері тұр. Жалпы, Байтұрсынов көшесі – жастардың көп жүретін орны. Көше бойында жоғары оқу орындары көптеп орналасқан.
Бұл ретте өз бастарының мүдделерін қоғам мүддесінен жоғары қоятындар да жоқ емес. Қала әкімі мұндай кейбір жеке тұлғаларға заң аясында қатаң іс-шара қолдану керегін де мәлімдеді. Жалпы қаланың көркін бұзатын, тұрғындарға қолайсыздық тудыратын осындай келеңсіз іс-әрекеттердің барлығы қатаң бақылауда.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Баймендиевтің айтуынша, жобаның жалпы құны 1 млрд 310 млн теңге. Құрылысқа қолданылып жатқан материалдың бәрі отандық өнімдер. Олар зертханада тексеріліп, жұмысшыларға жеткізілуде.
– Құрылысқа қолданылып жатқан гранит тастар Қордайдан, ал плиталар жергілікті зауыттан келеді. Отандық өнімдерге басымдық беріледі. Мұнда аяқжолдар мен веложолдар кезең-кезеңімен, бөлек салынады. Көшенің екі жағынан да веложол құрылысы жүргізіледі. Еуропаның көптеген елдерінің көшелері осындай.
Жалпы құрылыс жобасы бойынша көшедегі ағаштарды кеспей, сол күйі қалдыру көзделген. Жөндеу жұмыстарын жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлаудамыз, – дейді Қ. Баймендиев.
«Адамды да, техниканы да көбейтіп жатырмыз»
Құрылыс барысымен танысып шықтық. Мердігер мекеме «Отырабат-Құрылыс» ЖШС-нің жұмысшылары өздеріне жүктелген міндеттің жауапкершілігін сезінеді. Құрылысты мерзімінен бұрын аяқтауды да жоспарлап отыр.
Ал «Гарант» аялдамасы маңындағы құрылысқа жауапты бригада аяқ жолдарды ретке келтіруде. Олар «Жеңіс-Құрылыс» және «Агат» ЖШС қызметкерлері.
– Дәл қазір бұл көшеде 3 бригада жұмыс істеуде. Әрқайсысында 20-30 адамнан. Шаршы тақтаны қоятындар бөлек, жол шекараларын орнататындар бөлек. Бірінші бригада каркасын істеп берсе, келесі топқа плитаны қою жүктелген. Жұмысты қыркүйекте толық аяқтаймыз деген сенім бар.
Ол үшін адамды да, техниканы да көбейтіп жатырмыз, – дейді «Жеңіс-Құрылыс» ЖШС-нің жұмысшысы Әлішер Есенәлі. Жұмысшы жігіттер қала тұрғындарына «сабырлық танытып, аз ғана уақыт шыдай тұрса» деген өтінішін айтады.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдерінің айтуынша, шілде айында асфальт төсеу қолға алынбақ. Қазір көшені жарықтандыру жұмысы қатар атқарылып жатқанын да айта кеткен жөн. Сондай-ақ, ескі аялдамалар алынып, орнына жаңалары орнатылады.