– Жалпы биылғы ауа райының қолайлылығын ескере отырып, болжаммен 86 мың тонна өнім алу күтілуде. Тамыз айында ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 32,5 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103,3 пайызды құрады. Бүгінгі таңда 8 айдың қорытындысына сәйкес жалпы 66 мың тонна өнім жиналды. Сонымен қатар, қысқы маусымға 307 мың тонна мал азығы дайындалды. Бұл жұмыстар жоспарға сәйкес 93 пайызға орындалды, – дейді Қайрат Мейірханұлы.
Қайрат Мейірханұлының мәліметінше, көктемгі егіс жұмыстарына - 35,9 тонна дизель отыны бөлініп толығымен үйлестіріліпті. Ал, күзгі егін жинау жұмыстарына - 104,5 тонна дизель отыны бөлініп, таратушы оператор қызметіне «Ұлы Орда 01» ЖШС бекітілген. Бүгінгі күнде дизель отынын шаруашылықтарға үйлестіру жұмыстары жүргізілуде. Дизель отынын босату бағасы – литіріне 250 теңге деп нақтыланған.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 580 млрд теңге көлемінде қаражат бөлді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын кеңейту шаруаларға егіс науқанын сәтті өткізуге мүмкіндік беруде. Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметі бойынша 2024 жылы 9 бағдарлама аясында 3,9 млрд теңге субсидия және кредиттік жобаларды несиелендіруге 4 млрд 500 млн теңге бөлінген. Ал, бүгінде 2,7 млрд теңге игерілді. Оның ішінде егін шаруашылығы бойынша 911 млн теңге, мал шаруашылығы бойынша 1,1 млрд теңге бөлінген.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ