Эпидемиологиялық, эпизоотологиялық тұрғыдан Шымкент қаласы сібір жарасы аурушаңдығы бойынша қолайсыз аймақтар қатарына жатады. Бүгінгі таңға қала көлемінде сібір жарасының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. 2024 жылдың 7 айында аталған вирус бойынша оқиға тіркелмеген.
– Жалпы, сібір жарасының адамдарға жұқтырушы көзі – үй жануарлары. Адамға аурудың жұғу жолы көбіне жанасу арқылы (малды сою мен өңдеу кезінде немесе мал терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішкенде жұғады. Сонымен қатар, ластанған топырақты егістікте қолдану кезінде жұғуы мүмкін. Биыл жаз өте ыстық болуына байланысты жайылымда шөп тез құрғағандықтан мал ластанған топырақтан сібір жарасын жұқтыруы әбден мүмкін. Адамдар ауру малға жақындағанда, ауру малдың етін тұтынғанда ауырады. Ауру адамнан адамға жұқпайды, — дейді Айгүл Мелесқызы.
Ал, қалалық онкологиялық орталықтың емдеу ісі бойынша директордың орынбасары Самат Исмаиловтың айтуынша, жатыр мойны рагы — Қазақстанда 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездесетін қатерлі ісік. Елімізде жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ден астам жаңа жағдайы анықталады екен. Бұл дегенеміз, жыл өткен сайын қатерлі ауру дендеп келеді. Ал, жыл сайын 600-ге жуық әйел осы дерттен қайтыс болады. Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы жатыр мойны рагы түрлі қатерлі дерттермен салыстырғанда бесінші орында тұр. Жалпы онкологиялық аурулардың 6,5 пайызын құрайды. 2024 жылдың 7 айының қорытындысы өткен жылмен жылмен салыстырғанда еселенген.
Айта кету керек, биыл қыркүйек айында елімізде 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салу жоспарланған. Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация үшін адам папиллома вирусының ең онкогенді түрлерінен қорғайтын АҚШ-тың 4 валентті "Гардасил" вакцинасы қолданылады. Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация онкологиялық аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының ауыртпалығын азайтады және жалпы халықтың денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға, онкологиялық аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендетуге ықпал етеді.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ