ВАУЧЕРЛІК ҚАРЖЫЛАНДЫРУ БОЙЫНША ПИЛОТТЫҚ ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ Избранное

Среда, 21 Август 2024 05:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 235 раз

Қалада жекеменшік балабақшалар саны жыл санап артуда. Өткен жылы қалада 30 балабақша ашылса, биыл тағы 32 балабақша іске қосылатын болады. Бұл жөнінде Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева қаланың жаңа оқу жылына дайындығы жөніндегі брифингте мәлімдеді.

Shamshibeva

 

Қазірдің өзінде жеке меншік балабақшалар мектепке дейінгі ұйымдардың 88,3 пайызын құрап отыр, яғни, 611 балабақшаның 71-і мемлекеттік, 540-ы жекеменшік. Бұл саладағы жемқорлықты жойып, кезек мәселесін шешу үшін биыл Шымкент қаласы ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаға қатысатын болады. Сондай-ақ, Нұргүл Ақылбекқызының айтуынша осы жылдан бастап сабақтастықты қаматамасыз ету үшін балабақша жұмысын мектеппен синхрондау күшейтілетін көрінеді.
– Әр баланың білім беру траекториясын ойдағыдай дамыту үшін балалардың оқу бағдарламасының мазмұнын меңгеруіне мониторинг жүргізіледі, оның нәтижелері бойынша бала дамуының жеке картасы толтырылады. Жеке карта цифрландырылып, Ұлттық білім беру деректері базасына енгізілді. Жеке картаның нәтижелері бойынша бастауыш сынып мұғалімі оның білім беру траекториясын дамытуды жалғастырады. Сонымен бірге жеке карта деректері бойынша балабақшалардың сапалық көрсеткіш рейтингі жасалатын болады, – дейді Нұргүл Шәмшиева.
Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдар жанынан ата-аналарға арналған 97 консультациялық пункттердің жұмысы ұйымдастырылып,онда 1 мыңнан астам ата-ана мен бала кеңес алған. Биыл тағы осындай 15 орталық ашу жоспарланып отыр. Қабылданған шаралар нәтижесінде қаламызда кезекте тұрған 2-6 жас аралығындағы 83 590 баланың 89,3 пайызы балабақшамен қамтылған.
Бұдан бөлек брифингте бас ұстаз қаладағы 275 мектептің жаңа оқу жылына дайындығын атап өтті.
– Кез келген салада сапаны қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым, мамандар мен білім мазмұны маңызды. Қаламызда үшауысым мәселесі шешілді деп айттық. Дегенмен Шымкентте демографиялық өсім жоғары. Оған қоса қаламыз республикалық қала мәртебесін алғалы бері кәсіпорындар, мекемелер жұмыс беретіндіктен ішкі миграция процестері де өте белсенді жүріп жатыр. Сондықтан жыл сайын оқушы жасындағы балалар саны 8-9 пайызға өсіп отырады, – деді білім басқармасы басшысы.
Оның сөзінше, қалада қазіргі күні 21 мектепте әлі күнге дейін оқушы толымдылығы жоғары. Биыл жыл аяғына дейін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 11 мектеп беріледі. Оның 9-на кадр резервіндегі кандидаттар директор лауазымына тағайындалды.
Сонымен қатар осы жылы қаламызда алғаш рет 2 колледжде 10-11 сынып оқушыларына жұмысшы мамандықтары бойынша эксперименттік білім беру бағдарламалары енгізілді. Пилоттық жоба бойынша 1,5 жылдан кейін оқушылар орта білім туралы аттестатпен қоса, тігінші, аспаз, авто-газ дәнекерлеуші мамандықтары бойынша диплом алып шығады.
Тағы бір жаңашылдық – колледждегі 341 білім беру бағдарламалары Тізілімге енгізілді. Жаңа оқу жылынан бастап білім беру ұйымдары бағдарламалары Тізілімге енген мамандықтарды дайындау мүмкіндігін алады.

С. ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.