Республика бойынша халқы ең көп өңірлердің бірі ретінде Шымкент қаласында бұл бағытты дамыту ерекше жолға қойылған. Шымкент Креативті индустрия қауымдастығы 2022 жылдан бері жеке кәсіпкерлермен жұмыс жасап, оларға бағыт-бағдар беріп келеді. Соның айғағы ретінде өткен демалыс күндері Арбат алаңында Шымкент қаласының креативті индустриясы кәсіпкерлері қатысқан жәрмеңке өткенін айта аламыз.
Аталған іс-шара барысында кәсіпкерлер өз өнімдерін халыққа ұсынып, ұлттық нақышта дайындалған бұйымдардан көрме ұйымдастырды.
Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының Шымкент қаласының Креативті индустрия қауымдастығымен бірге өткізген осы жәрмеңкеге қолөнер шеберлері, тоқымашылар, дизайнерлер, суретшілер және тағы басқа өнер мен кәсіп иелері қатысты.
Аталған іс-шара алдағы уақытта аптаның әр сенбі күні тұрақты түрде өткізіледі дейді жауаптылар.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ