Д.Есілбектің мәліметінше, ауданда тұрғындарды ауыз сумен қамту 97 пайызға, сапалы электр жарығымен қамту 99,8 пайызға жеткен. 2023 жылдың қорытындысымен халық шоғырланған аумақтар толық ауыз сумен қамтылды. 2024 жылы Жастар көшесі мен «Қазығұрт» станциясы аумағындағы 102 абонентті және Оңтүстік тұрғын алабы жаңа құрылыс аумағындағы 989 абонентті сапалы ауыз сумен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу жоспарланып отыр.
Өткен жылы Исфиджаб тұрғын алабындағы жеке меншік жүйедегі электр желісін ауыстыру үшін «DIAS Проект» ЖШС-і мердігер мекемесі тарапынан жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. Одан бөлек 9 трансформатор ауыстырылып, 16,7 шақырым желі жаңартылды.
Қазіргі уақытта Қарабастау шағын ауданы жаңа құрылыс аумағында (120 абонент) ОЖТ тарапынан 19 трансформатор мен 33,4 шақырым желіні жаңарту жоспарланған.
Ауданда ұзындығы 732,91 шақырым 728 көше мен өткелдер бар. Жолдардың 535,77 шақырымы асфальт, 158,38 шақырымы тас, 38,76 шақырымы топырақ жолдарды құрайды. Жол инфрақұрылымын жақсартуға жылдан жылға көңіл бөлініп келеді. 2024 жылы ұзындығы 30,5 шақырым 78 көшені жөндеу жоспарлануда. Қазіргі таңда бірқатар көшелерде жұмыстар бастау алды.
Сонымен қатар, 12 көшеге шағал тас төсеу және 10,3 шақырым аяқ жол салу жоспарда тұр. Бүгінде Базарқақпа тұрғын алабында аяқ жол салу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, қазіргі таңда 5 шақырым аяқ жол салынды.
Аудан аумағында жарықтандырылған көше саны – 117. 2024 жылы 244 көшені жарықтандыру жоспарға алынған. Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жарықтандыру жұмыстары атқарылуда. Қазіргі таңда бетон бағаналар орнатылыпты.