«Игі істер марафоны» жобасы жалғасып жатыр
Жастарды ізеттілікке, парасаттылыққа баулу және қала тазалығы мен мәдениеттілігін сақтай отырып, игі іс-шараны жастар арасында насихаттау мақсатында «Игі істер марафоны» жобасы қолға алынған болатын.
Осы ретте «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен қаламыздың тарихынан сыр шертетін Ескі қалашықта тазалық жұмыстары жүргізілді.
Тазалық акциясы аясында Ескі қалашықтағы ағаш, бұталар ретке келтіріліп, түптері әктелді, сондай-ақ, орындықтар мен қоршаулар сырланып, арық-атыздар мен өзгеде қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, азалық жұмыстарына қаламыздың 50-ге жуық ерікті жастар қатысты.
Жастар да үлес қосты
Қаламыздағы Shymcity жаңа саябағында да «Игі істер марафоны» жобасының «Экологиялық апталығы» аясында тазалық іс-шарасы өтті. Қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ және Абай ауданы әкімшілігі бірлесе ұйымдастырған іс-шараға «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері, «Jasyl el» еңбек жасағы және қаламыздың 50-ге жуық ерікті жасы қатысты. Іс-шара барысында ерікті жастар саябақтағы қоқыс жәшіктерін тазартып, ағаштарды ретке келтірді. Одан бөлек, көше бойындағы арық-атыздарды қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ, экоакцияға аудандық коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысшылары мен 12 техника жұмылдырылды.
«Нұрсәт» аллеясы нұрлана түсті
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Игі істер марафоны» жобасының экологиялық аптасы аясында Қаратау ауданында орналасқан Нұрсәт аллеясында тазалық жұмыстары жүргізілді. Қала тазалағына ерекше мән беретін еріктілердің бұл жұмысына тұрғындар дән риза. Сондай-ақ, тазалыққа жауапты мамандар да өз алғыстарын білдіруде.
Жастар ресурстық орталығының Қаратау ауданының жастарымен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бекарыс Бахадыр туған жердің тазалығы әр адамға парыз болса, «Таза Қазақстан» акциясы соның алғышарты екендігін айтты.
–Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағыталған шара бүгінгі күні халықтың ыстық ықыласын, белсенділігін туғызды. Ал, қаламыздың қай кез болсын мұнтаздай болып тұруында тазалықшылардың еңбегі зор. Дегенмен, дәстүрге айналған тазалық жұмыстарына ерікті жастар және Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері де өзіндік үлесін қосуда, – дейді Бекарыс Бахадыр.
Жастар «Нұрсәт» аллеясындағы ағаштарды әктеу, сырлау және шашылған қоқыстарды жинау жұмыстарын атқарды.
Бадам өзенінің аумағы тазаланды
Шымкент қаласында экология департаментімен Республика көлемінде кең ауқымда «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза жағалау» атты іс-шара өтті.
Акция мақсаты – өзендер мен су айдындарының жағалауларын қоқыстардан тазарту. Бұл бастама су ресурстарының экожүйелерін қалпына келтіруге және су объектілерінің тұрмыстық және өндірістік қалдықтармен ластануын болдырмауға бағытталған.
Аталған іс-шараға Шымкент қаласының Экология департаменті және Тұран ауданы әкімдігінің атсалысуымен Бадам өзенінің бойын қалдықтардан тазалау жұмыстары жүргізілді. Игілікті іс-шараның аясында 3500 шаршы метр аумақ тааланып, 2100 шаршы метр жердің шөбі орылды. Барлығы 55 адам қатысқан акция кезінде Бадам өзені жағалауынан 14 тонна қоқыс шығарылды.
Иә, қаладағы тазалық жұмыстары бір күндік іс-шаралармен аяқталып қалмасы белгілі. Дегенмен, мұндай акциялар халық арасында экологиялық мәдениеттің қалыптасуына әсер етері сөзсіз.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ,
Тағабай ҚАСЫМОВ