«Таза бейсенбі» тазалыққа сеп

Понедельник, 15 Июль 2024 11:19 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1054 раз

taza-beisenbi

AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Таза бейсенбі» акциясы жалғасын тапты. Экологиялық акция аясында Еңбекші ауданындағы Бадам өзенінің бойы қоқыстан тазартылды. «Таза QAZAQSTAN» жалпыұлттық жобасы аясында өткен іс-шараға партия филиалының қызметкерлері, «Жасыл ел» еңбек жасақтары, Еңбекші ауданы әкімдігінің қызметкерлері қатысты.

Іс-шарада «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Бекайдар Төлегенов, Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәслихат депуттары, жастар тазалыққа үлес қосты. Өзен бойында санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізді. Аудандық «Группа интеко» ЖШС коммуналдық мекемесінің жұмысшылары да жұмылдырылды. Жалпы 200-ден астам адам экоакцияға белсене қатысты.

«Таза бейсенбі» іс-шарасы барысында өзен-көлдердің жағалауын тазарту, тарихи, мәдени ескерткіштердің айналасын абаттандыру, қала көшелерін көгалдандыру жұмыстары атқарылуда. Қоғам қайраткері Еркін Сатқанбаев тазалықтың мән-маңызы зор екенін атап өтті.

Ұзақ мерзімге жоспарланған экологиялық акция барысында партияластар аптаның әр бейсенбісінде бекітілген учаскелерде тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ абаттандыру мен инфрақұрылымды дамытуға байланысты мәселелерді шешеді. Партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасында өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша ауқымды міндеттері тұр.

«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында барлық өңірлерде алдын-ала елді мекендердің ластанған аумақтарының карталары жасалған.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.