«ИГІЛІКТІҢ БАРЛЫҒЫ – СІЗ БЕН БІЗДІҢ ОРТАҚ ЕҢБЕГІМІЗ» Избранное

Среда, 26 Июнь 2024 04:47 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 747 раз

Шымкентте конгресс холл ашылды. «Tulip Hall» ғимаратында алғаш рет Қала күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

TulP

 

Салтанатты іс-шарада шаһар басшысы мерекемен құттықтап, қалаға еңбегі сіңген бірқатар азаматты марапаттады.
– Шырайлы шаһарымыздың бүгінгі шуақты мерекесі – Қала күні құтты болсын! 2200 жылдық тарихы бар қаламыз даму шежіресін алтын әріптермен жазып келеді. Қаланың келбеті жылдан-жылға ажарланып, экономикасы өрлеп, халықтың әл-ауқаты артуда. Жаңа идеялар мен жоспарлар, ауқымды инвестиция миллионды қаланың дамуына жаңа серпін берді. Игіліктің барлығы – сіз бен біздің ортақ еңбегіміз. Өз еңбегімен, күшімен және талантымен қаламыздың дамуы мен әл-ауқатына өлшеусіз үлес қосқан баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, амандық, барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! – деді қала әкімі.
Жиында қала әкімі Ғ.Сыздықбеков пен қалалық мәслихаттың төрағасы Б.Нарымбетов қаланың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматты «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Олардың қатарында Орынбай Рахманбердиев, Досыбай Шерімқұлов, Баян Жандосова, Асма Қалыбекова, Өркен Әбдіреев, Момбек Әбдәкімұлы, Серікбай Онбаев сынды белгілі азаматтар бар.
Іс-шарада Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреты Талғат Күзембаев, қалалық опера және балет театрының симфониялық оркестрі, хор ұжымы, «Шымкент концерт» ұйымының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.
Айта кетсек, жалпы ауданы 5,24 гектар аумақты алып жатқан нысанның жобасы 2021 жылы бекітіліп, құрылыс жұмысы 2023 жылы басталған болатын. Ал, ғимараттың ауданы – 17 964 шаршы метр. Үш қабатты ғимараттағы концерт залының сыйымдылығы – 2066 орын. Сонымен қатар, 190 орынды конференция залы бар. Мердігер «BI Global» ЖШС құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, Қала күніне орай пайдалануға тапсырды.
Жаңа нысанның ашылу салтанатында көпшілік «Шымкент: Кеше. Бүгін. Ертең» тақырыбындағы көрмені тамашалады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.