Мешіт Шымкент қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан. Классикалық ислам стилі қазақтың ұлттық нақышымен үйлестіріле безендірілген.
Қала әкімі жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, еңселі мешіт асыл дініміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосатынын атап өтті. Ғабит Әбдімәжитұлы ғұмырын Құран жазуға арнаған қандасымыз, әйгілі каллиграф, Сауд Арабиясынан арнайы келген Осман Тоһаға Мемлекет басшысының дұғай сәлемін жеткізіп, иығына шапан жапты.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да жаңа мешіт елге қызмет ете беруіне тілектестігін жеткізді.
– Алла Тағала бұл мешітті ізгіліктің, бірлік пен берекенің, білім мен сүйіспеншіліктің ордасы еткей. Осы мешіт жанындағы медреседен тәлім алған жастарымыз шырайлы шаһардың, қала берді Қазақ елінің рухани дамуына өз үлестерін қосады деген сенімдемін. Мешіттің салынуына қолдау көрсеткен қала әкіміне ерекше алғыс айтамын. Ғасырлар бойы дінімізге қызмет ететін мешіт салып берген Серікжан Сейітжанұлы ағамызға да алғысымыз шексіз. Еңселі мешіт елге, дінге қызмет ете берсін, – деді Бас мүфти.
Наурызбай қажы мүфтият атынан Осман Тоhаға құрмет көрсетіп, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл» мерекелік медалін кеудесіне тағып, иығына шапан жапты.
Сондай-ақ, жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев, Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков ізгі тілектерін айтты.
Іс-шара соңында Бас мүфти жамағатқа жаңа мешіттің бас имамын таныстырды. Ол – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің белді мүшесі, діни салада тәжірибесі мол Ерсін Әміре.
Айта кетсек, мешіт кешенінде ислам тарихының мұражайы, медресе, оқу залы бар кітапханалар орналасқан. Сонымен қатар, конференция залы, 600 адамға арналған асхана, неке қию залы, әкімшілік бөлмелер, телеорталық қарастырылған. 736 орынға арналған жерасты паркингі де жұмыс істеп тұр.