Туристік саланың мамандары біліктілік арттырды Избранное

Среда, 02 Август 2023 03:59 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 526 раз

Шымкентте қонақ үй және мейрамхана бизнесі әкімшілерінің біліктілігін арттыру мақсатында семинар тренинг өтті. Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырған бұл іс-шараға көршілес елден білікті мамандар келіп қатысты. Тренингте, қызмет көрсету саласының әкімшілері өз білімдері мен дағдыларын кеңейтіп, туристік саланың жетекші мамандарынан құнды тәжірибе алып, біліктілігін шыңдады.

702

 

Семинар-тренингті қонақ үй және мейрамхана саласының білікті мамандары, 25 жылдан астам тәжірибесі бар бизнес-тренер Гүлнар Жүнісова мен Өзбекстандағы «Ишга Мархамат» кәсіби білім беру орталығының бірінші топтағы батлерлерді дайындау бойынша эксперті, ғылым кандидаты Александр Машков жүргізді. Арнайы шақырылған білікті спикерлер қатысушыларға теориялық дәрістер мен тәжірибелік сабақтар өткізіп, өз білімдерімен бөлісті.
Тренингте қонақ үй және мейрамхана бизнесінің әкімшілері: қабылдау және орналастыру қызметінің жұмысын реттейтін стандарттар, қонақ үйдегі ұйымдастыру құрылымы, сату бөлімі мен нөмірлік қордың жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ банкеттер мен конференц-залдарды сату, жұмыс құжаттамасының нысандары, Front Office операциялық басқару жүйесін таңдау саласында білімдерін толықтырып, нөмірлік қор қызметінің жалпы стандарттары, мейрамханада қызмет көрсету стандарттары мен қызмет көрсету ережелері, «Түнгі аудит», «Бөлменің компоненттерін ақылға қонымды пайдалану тәсілдері» секілді кейстермен танысты. Барлық алынған білім мен дағдылар практикалық сабақ түрінде де жүзеге асырылды.
Айта кетейік, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы жыл сайын оқыту семинар-тренингтерін өткізеді. Былтырғы жылы қонақ үй және мейрамхана бизнесінің 50-ден астам әкімшілері білімін жетілдірген. Семинар-тренинг соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Г.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.