Ал Шымкенттегі іс-шараға Өзбекстан Республикасы фармацевтикалық саланы дамыту агенттігінің директоры Сардор Кариев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов пен «DentaFill Plus» компаниялар тобының директоры Саркор Исонбаев қатысты.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Құрметті Шавкат Миромонұлы! Dentafill Kazakhstan зауытының бірінші кезеңінде жаңа 75 жұмыс орны құрылып, өндірістік қуаттылығы жылына 18 млн орамға жетеді. Өндірістің бірінші кезеңін іске қосуға дайынбыз! – деді Саркор Кариев.
Айта кетейік, бүгінгі таңда дәрі препараттарын шығаруға арналған жобаның екінші кезеңінің құрылысы да басталмақ. Оның аясында қосымша 60 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Жүзеге асырылса, Шымкентте жылына 20 млн дайын дәрілік препараттар шығарылады.
«Dentafill Kazakhstan» ЖШС – Шымкент қаласында дәрілік препараттар, медициналық бұйымдар мен жеке гигиена құралдарын шығару мақсатында құрылған жаңа кәсіпорын. Жобаның аясында жылына 1,5 миллиард теңгенің өнімі шығарылады деп жоспарлануда. Өнімнің 60 пайызы ішкі нарыққа босатылса, ал 40 пайызы ТМД елдеріне экспортталады деп күтілуде.