15 ШАҒЫНАУДАНДА ИНТЕРНЕТ ҚОЛЖЕТІМДІ

Пятница, 02 Декабрь 2022 10:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 710 раз

Шымкентте биыл 15 шағынауданды сапалы интернетпен қамту үшін мобильді операторлардың базалық станциясын орнату жұмысы жоспарланған.

 

Қазірдің өзінде қажет 10 жер телімінің құжаты рәсімделіп, антенна-мачталық құрылғылары қойылды. Ендігі кезекте электр қуатын жалғау жұмыстары атқарылып жатыр. Ал қалған 5 елді мекендегі жер телімінің құжатын рәсімдеу аяқталуға таяп қалды.
Жыл соңына дейін көзделген барлық базалық станциясы қолданысқа берілсе, Асар, Мәртөбе, Бадам, Ақниет, Тұран, Азат, Ынтымақ-2, Игілік, Шапағат, Достық (мамандандырылған ХҚО), Ақжар, Достық, Ақтас, Ақжайық және Самал-3 шағынаудандарындағы 71 мыңға жуық тұрғын сапалы интернеттің игілігін көрмек.
Шаһарда тұрғындарды оптика желісімен қамту ісі де қарқын алған. Биыл 12 елді мекенге оптика желісін тарту жұмысы жоспарланып, қазірдің өзінде 8 елді мекен толықтай талшықты желіге қосылып отыр. Олар: Забадам, Солтүстік-Батыс, Самал-3, Құрсай, Қазығұрт және Қарабастау, Ақниет, Қайтпас-1 шағынаудандары.
Ал Еламан, Қызылжар, Асар-2 және Қайнарбұлақ саяжайына талшықты желі тарту жұмысы жыл соңына дейін жүргізіледі. Нәтижесінде 165 мыңға жуық тұрғын сапалы интернетпен қамтылса, жалпы қала бойынша оптикалық желінің көрсеткіші 75 пайызға жетеді. Сапалы интернетпен қамту жұмыстары инвестициялық жоба негізінде жүзеге асырылып жатыр.