ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУ ЖАЛҒАСУДА Избранное

Пятница, 02 Декабрь 2022 06:04 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 772 раз

Үшінші мегаполистің жаңа бас жоспары 2023 жылдың көктемінде толық дайын болуы тиіс. Қазіргі таңда негізгі жұмыстар аяқталып қалды. 116 280 гектар үлкен аумаққа заманауи топографиялық карта жасалып, 25 қабаттан тұратын векторлық форматқа түсірілді. Онда үйлер, жол желісі, абаттандыру және т.б. көптеген сала қамтылған.

41

 

Қаладағы қазіргі баспана қорының жағдайына барлық сипаттама бойынша терең талдау жасалды, 275 жер-кадастрлық учаске бойынша халықтың қоныстануы, әлеуметтік мәдениет нысандары және басқа да көрсеткіштер зерттелді. Бұл жұмыстар 2012 жылғы бас жоспарда қарастырылмаған болатын. Бұл жұмыстар алдағы уақытта қаланың дамуына тұрақты мониторинг жүргізуге және өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді.

Шаһардың басты көлік күретамырын құрайтын негізгі көшелер мен жолдардың сызбасы әзірленді. Жоспар бойынша жылдам автобус көлігі (BRT) және жеңіл рельсті көлік (LRT) сияқты заманауи қоғамдық көлік түрлерін бойынша ұсыныстар берілді. Экологиялық зиянды жүктерді тасымалдау үшін теміржол қаланың солтүстік шетімен өтеді, жолаушылар көлігі қаланың ішіне кіреді. Ал әуежайдың жанынан жаңа вокзал салу ұсынылады.

Жаңа бас жоспардың жобасы көпшілікке таныстырылып, алғаш рет 1 айдан астам уақыт қоғамдық талқылаулар өткізілді. Көрмеге 2000-нан астам тұрғын келіп, 149 ұсыныс түсті.

Шымкенттің бас жоспарының негізгі ерекшелігінің бірі – қаланың полиорталығын дамыту. Яғни, қаладағы әр әкімшілік аудан, соның ішінде жаңа, бесінші аудан да өз орталығымен, саябақтарымен, бүкіл әлеуметтік инфрақұрылымымен өзін-өзі қамтамасыз ете отырып, өздігінен дамитын болады. Тұрғын аудандар үшін барлық қажеттілік жаяу жететіндей жерде болуы тиіс.

Жаңа бас жоспарды «Градкомплекс» ЖШС атқаруда. Болжамды мерзім 2050 жылға дейін. 2022 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша қала халқының саны 1 млн 112 мың 75 адамды құрайды.

Айта кетейік, қаланың бас жоспарының соңғы қоғамдық талқылауы 1 желтоқсаннан 12 желтоқсанға дейін жалғасады. Тұрғындар тарапынан алып-қосар ұсыныс-пікірлерді Желтоқсан көшесіндегі «Достық» үйі ғимаратына қалдыруға болады.

Последнее изменение Пятница, 02 Декабрь 2022 10:55
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.