Ана бақытты болса, ел де бақытты Избранное

Среда, 31 Август 2022 08:23 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2645 раз

Ана мен бала саулығы және олардың алаңсыз өмірі ел беделін биіктетіп, бірлігін бекемдейді. Сондықтан да елімізде аналарды қолдау, оларға рухани әрі материалдық тұрғыдан дем беру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Аналарды қолдаудағы игілікті істер үшінші мегаполистегі «Бақытты жанұя» орталығында жүзеге асырылып келеді. Тарқатып айтар болсақ.

28

 

Шымкентте көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арналған «Бақытты жанұя» әлеуметтік орталығы бар. Бір ғана орталықтың көмегімен қаншама мұқтаж жан өмірге бағыт-бағдар алған. 2021 жылдың қазанынан бастап жұмыс істеп келе жатқан орталық көп балалы, аз қамтылған, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға қызмет көрсетіп келеді.
– Біздің орталық әл-ауқаты төмен отбасылардың атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыруы, Еgov.kz порталынан мемлекеттік қызметтерді алу, ЭҚҚ ашу, «Отбасы» банкіне арналған құжаттарды жинауда және аналарымызға заңды және психологиялық тұрғыдан туындаған сұрақтар бойынша көмек көрсетеді. Көмек түрі мұнымен ғана шектелмейді. Орталық отбасыларда орын алып жатқан өзекті мәселелердің алдын алу үшін психолог, медиатор, заңгер және әлеуметтік мамандардың қызметі тегін ұсынады. Кәсіп бастағысы келеген жандарға тегін тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM курстары, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығу курстары ашылған. Егер аналар заңгер кеңесіне мұқтаж болса, бизнесті қалай және неден бастау қажеттігін білмесе және отбасы тақырыптарында өзге де сауалдар мазаласа, біздің орталыққа жүгінуіне болады, – дейді «Бақытты жанұя» орталығының басшысы Абибулла Қалымбетов.
Орталық жетекшісі тілге тиек еткендей, атаулы әлеуметтік көмекке тәуелді болмай, көпбалалы аналардың кәсіптік тұрғыдан дамуына арналған тегін курстар мен бизнес бастау үшін грант ұтып алу мүмкіндігі талай жанға үміт сыйлаған. Орталықта тегін білім алып, алғашқы қолдаудың нәтижесінде өз кәсібін өрге дөңгелеткендердің қатары аз емес. Солардың бірі – Гүлбану Тойшиева SMM курсы бойынша білім алып, бүгінде отбасылық кәсібін дамытқан. Кейіпкеріміз әлеуметтік желі арқылы әйелдерге арналған сөмке сатып, ұялы телефонын тиімді қолданып отыр. Алдағы уақытта орталық ұсынған өзге де оқу курстарын меңгеріп, кәсібінің ауқымын кеңейтуді көздейді.
– Көп жылдан бері бала тәрбиесімен үйде отырдым. «Бақытты жанұя» орталығына келіп, жаңа кәсіп үйрендім. Бұл менің көптен бері арманымның орындалуына себепші болды. Бүгінгі таңда аталған мамандық қоғамда үлкен сұранысқа ие. Мәселен, әлеуметтік желі ақпаратқа толы. Көптің талқысына түскен резонансты ақпараттар да баршылық. Ұялы телефонды керексіз дүниелерге емес, отбасым үшін пайдалы кәсіпке қолданып жүргеніме қуаныштымын. Қазір осы орталықтың кондитер оқу курсында білімімді жалғастырып жатырмын.
Алдағы уақытта оны да кәсіпке айналдыруға ниеттеніп отырмын. Орталық шын мәнінде, еңбеккер аналар үшін таптырмас мүмкіндікті береді екен, – дейді Г.Тойшиева.
Нәзік жанды қыз-келіншектердің тұрмыстық жайттардың тасасында қалмас үшін оларды рухани қолдау маңызды. Бүгінде Қазақстан әлем елдерінің арасында ажырасу көрсеткіші жағынан алдыңғы орындардың бірінде тұрғаны көңілге кірбің ұялатады. Осыны ескерген орталық мамандары өміріне шағым айтып келген жандардың көңілін аулап, санасын серпілтуге мән береді. Кәсіби психологтар, тіпті тіршіліктен баз кешкен аналарға моральдық демеу беріп, орталық арқылы жан-жақты қолдау көрсеткен. Олардың ішінде орталық көмегімен жеке бизнесін бастап, қаржылық тәуелсіз-дікке қол жеткізгендер де бар, – дейді мамандар.

27


Ресми ақпаратарға сүйенсек, бүгінгі таңда қала бойынша 23 905 аз қамтамасыз етілген және көпбалалы аналардың мұқтаждықтары тіркеуге алынып, ақпараттық қолдау, психологиялық, құқықтық кеңес беру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, тұрғын үй кезегіне тұру, Еqov.kz порталынан қызметтер алу секілді аналардың сұраныстарына сәйкес қызметтер көрсетілген.
Әлеуметтік категорияларға жататын азаматшалардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында биыл 504 анаға тегін оқу курстары ұйымдастырылған. Соның ішінде 216 анаға сертификат табысталыпты. Қалған аналар сертификатсыз білім жетілдірген. Орталық басшысы Абибулла Исламбекұлының сөзінше, оқу курсынан өткендердің жұмыстарына әрі қарай талдау жасалып, мамандар өз тараптарынан көмек көрсетеді.
– Бүгінгі таңда алған білімінің жемісін көріп жүрген 176 ана бар. Оның ішінде 42-сі орталықпен белсенді жұмыс істейді. Атап айтар болса, кондитерлік курсынан өткен 2 ана «Айжамал» кондитерлік дүкенінде тәттілерге тапсырыс қабылдап, нәпақа тауып жүр. Бұған қосымша 3 ана тәттілер пісіріп, үйде отырып табыс табады. Массаж курсын оқыған 12 келіншек балаларға массаж жасайтын маман атанды. Шаштараз курсын бітірген әйел сұлулық салонының бір бұрышын жалға алып, еңбек етуде. Тігін курсынан сертификат алып шыққан 3 әйел үй жағдайында тапсырыс қабылдап, тігін тігетін болған. SMM мамандығын меңгерген 8 ана әлеуметтік жеке парақшаларында өз бизнесін дамытып отыр. Маникюр-педикюрдің қыр-сырын үйренген 2 әйел сән салонынан бір орынды жалға алып жұмыс істесе, үшеуі үйден пайда табуда. Орталықта аналарды жаңа кәсіпке баулу үрдісін жалғастыруда қыркүйек айында өтетін оқу курсында білімін жетілдіру үшін 251 адам кезекте тұр, - дейді орталық басшысы.
Осы жылдың 8 айында әлеуметтік аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасындағы жағымсыз жағдайға ұшыраған 448 анаға психологиялық, 327 анаға заңгердің көмегі көрсетілген.
Орталық берген дерекке сүйенсек, мекемеде жоспарға сәйкес жыл басынан бері пайдалы ақпарат пен бағыт-бағдар беретін отбасы тақырыбында 82 тренинг, семинар, кездесулер ұйымдастырылған. Және де, ажырасуға өтінім берген 354 отбасымен медиатор мамандары әңгімелескен. Оның ішінде 43 отбасыға психологиялық көмек көрсетілсе, 21 отбасы заңгердің көмегіне жүгінген.
Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктерді қатыстыра отырып «Ашық алаң», «Жұмадағы жақсылық», «Мобильді қызмет» жобалары жүзеге асырылған. Соның аясында 53 іс-шара өткізіліпті. Атап айтқанда, «Ашық алаң» мемлекеттік орган мүшелерімен бірлесе отырып, жеке немесе топпен азаматтарды қабылдап өзекті мәселелерін шешу жолдары қарастырылады. «Жұмадағы жақсылықта» үкіметтік емес ұйымдар, ерікті азаматтар, топтар, ұжымдармен бірлесе отырып әлеуметтік осал отбасы мүшелеріне көмек көрсетіледі. Ал «Мобильді қызмет» – түрлі жағдайға тап болған азаматтарға құқықтық, психологиялық немесе үй жағдайында отырып құжаттарын рәсімдеу шараларына көмек береді.
2022 жылдың мамыр айында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары
Ералы Тоғжановпен өткен жиында Шымкент қаласының «Бақытты жанұя» орталығының жұмысына оң баға берілген. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов орталықтың жаңа форматта жұмыс жүргізу тәжірибелерін өзге өңірлермен бөлісуге арналған жұмыс жоспарын пысықтаған. Осыған байланысты орталықта тәжірибе алмасу үшін Нұр-
Сұлтан қаласы, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстары, Түркістан қаласы және өзге де аудан, қалалардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары мен жауапты мамандары арнайы келіп, жұмыс жүргізу практикасынын өтіпті.
Қысқа мерзім ішінде жүзеге асқан игілікті іс талай жанның жүзіне шуақ сый-лағаны қуантады. Алдағы уақытта мұндай нағыз қажет шара мемлекеттік деңгейде кеңейтіліп, шалғай елді мекендердегі кәсіби мамандардың кеңесіне зәру болып отырған жандарға да қамқорлық көрсетілсе құба-құп болар еді.