Версия для печати

Қасымбек САЙЛАУОВ: «ӘРЕКЕТ ЕТКЕН ЖАНҒА МҮМКІНДІК МОЛ» Избранное

Пятница, 19 Февраль 2021 04:20 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 17644 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Әлеуметтік сала – өзекті саланың бірі. Қоғамның ажырамас бөлігі. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда әлеуметтік салаға, халықтың әлсіз топтарына қолдау көрсетуге баса назар аударылып келеді. Әсіресе, 2020 жылғы пандемия кезінде әлеуметтік қамқорлыққа деген сұраныс артты. Осы орайда үшінші мегаполисте атқарылған іс-шаралар туралы Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Қасымбек САЙЛАУОВТАН сұрап-білген едік.

107

 

– Қасымбек Пернебекұлы, сіздердің басқармаларыңыз халық ең жиі жүгінетін мемлекеттік орган десек те болар. Айтыңызшы, қазір басқармада қанша қызметкер бар, олар 2020 жылы жалпы қанша тұрғынға қызмет көрсетті?

– Сұрағыңыз орынды. Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, аты айтып тұрғандай, әлеуметтік саламен айналысады. Жалпы, басқармада 57 штаттық бірлік қарастырылған. Біз тұрғындарға 25 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеміз. Осы қызметтер санына келер болсақ, басқарма тарапынан 2020 жылы 166 435 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Халықпен тікелей жұмыс істейтін 22 қызметкердің әрқайсысына, орта есеппен, 7 565 мемлекеттік қызметтен келіпті. Оның ішінде 43 619 қызмет электронды түрде көрсетілді. Бұл жалпы қызметтің 26,2 пайызын құрайды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы – 43 565 қызмет (26,2%), ал басқарманың өзі және басқармаға қарасты Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 79 251 қызмет көрсетілді (47,6%).
Айта кетейік, басқарма көрсететін қызметтер біртіндеп электронды порталға өтуде. Алдағы уақытта толықтай цифрландыруға өткен кезде көрсетілетін қызмет көлемі бұдан да арта түседі деп ойлаймыз.

– Әлеуметтік мәселе дегенде ойға ең бірінші жұмыссыздық келеді. Осы орайда маман ретінде айтыңызшы, мысалы, қандай да бір азамат жұмыссыз қалған жағдайда не
істеуі керек?

– Кез келген жұмыссыз қалған азаматқа жұмыс тапқанға дейін «Халықты жұмыспен қамту туралы» заң бойынша композиттік қызмет көрсетіледі. Ол бойынша азамат жұмыспен қамту орталығына келіп, өтініш білдіреді, жұмыссыз ретінде тіркеледі. Оған жұмысындағы 2,5 жыл бойы алған жалақысының 40 пайызы көлемінде жәрдемақы төленеді. Дегенмен, жәрдемақыны алып отыра бермей, композиттік қызметке орай ол азаматтың кәсібіне, мамандығына сәйкес жұмыс ұсынып отырамыз. Ол бос орындар «Еңбек нарығы» деп аталатын порталда жарияланады. Осылайша жерлестеріміз ары қарай тұрақты жұмыспен айналысып кетуі керек.
– Ал белгілі бір мамандығы жоқ азамат болса ше?

– Ондай жағдайда сол порталдағы бос орындар бар, уақытша және қоғамдық жұмыстар бар, мамандығы жоқ азаматтарға арналған жұмыстар табылады. Мысалы, құрылыс саласы. Немесе, мамандығы жоқ азаматты, қалауы бойынша, қысқа мерзімді, кәсіптік оқуға жібереміз. Сонымен қоса кәсіпкерлікке баулу шараларына қатыстыра аламыз. Мысалы, «Бастау бизнес» деген бағдарлама бар екені көпшілікке белгілі. Сол бағдарламаның оқу курсын бітіргендер ары қарай сертификаты арқылы 555 мың теңге көлемінде грант алуына мүмкіндігі бар. Осылайша жан-жақты, кешенді іс-шаралар арқылы еңбекке жұмылдыра аламыз.

106

 

– Сол қысқа мерзімді оқу туралы толығырақ айта кетсеңіз...

– Мерзімі үш айлық оқу – қатысушыларға тегін, оған қоса оқып жүрген уақытында сол азаматтарға шәкіртақы төленеді. Оқып болған соң жоспарын-жобасын сәтті қорғап, грант ұтып алуға мүмкіндік бар екенін тағы да айтып өтейін. Осылайша қандай да бір жағдаймен жұмыссыз қалған азаматты жұмыспен қамтуға жан-жақты жағдай қарастырылған. Ең бастысы, әрекет етемін, талпынамын деген азаматтарға жұмыс көп.

– Енді былтырғы жұмыс қорытындысына келсек.
Өткен жыл, қай салада болмасын, оңай болмағаны жасырын емес. 2020 жылғы төтенше жағдай кезінде басқарма тарапынан шымкенттіктерге қандай көмектер көрсетілді?

– Иә, былтыр пандемия болып, біраз азамат табысынан уақытша айрылды. Осыған орай мемлекет тарапынан мұндай азаматтарға 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы берілгені белгілі. Осы бойынша айтар болсақ, төтенше жағдайдың бірінші кезеңінде, яғни, 2020 жылғы 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында Шымкент қаласы бойынша 285 551 адамға жалпы 19,9 млрд теңге төленді. Оның ішінде 285,5 мың адам – бір рет, 183 мың адам екі рет көмек алды. Ал шілде-тамыз айлары аралығындағы төтенше жағдайдың екінші кезеңінде 143 519 адамға 6,1 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалып, төленді. Бұл – проактивті және штаб қорытындысымен тағайындалған көмек.
Бұған қоса халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтары 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленді. Мысалы, наурыз-мамыр айларында 74 мыңнан астам тұрғынға 5556 теңге көлемінде көмек берілді, ал шілде-тамыз айларындағы карантин кезінде 89 мыңнан астам адамға 958, 3 млн теңге көлеміндегі жәрдемақы есеп-шотына аударылды.
«Birgemiz» қайырымдылық қоры арқылы республика бойынша халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына 50 мың теңгеден, 41 630 адамға 2,1 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді, 20 мың отбасыға осы қайырымдылық қорынан 1 млн бетперде таратылды. Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен, Наурыз мерекесіне орай 1 800 отбасыға және 6 шілде – Нұр-Сұлтан қаласы күніне орай 1 200 отбасыға азық-түлік жиынтығы таратылды.

– Жалпы, Шымкентте халықты жұмыспен қамту мақсатында қандай бағдарламалар іске асуда?

– Бұл тұрғыда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, «Жұмыспен қамту жол картасы» мен мемлекеттік және салалық бағдарламалар негізінде құрылып отырған жаңа жұмыс орындары жұмыссыздықты азайтудың басты құралдарының бірі болып отыр. Мысалы, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2020 жылы 25 390 адамды жұмыспен қамту шаралары жоспарланса, нақты 34 847 адам қамтылып, көрсеткіш 137 пайызға, яғни, асыра орындалды. Ал
«Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 239 жоба жүзеге асты. Жоспар бойынша 4371 азаматты жұмыспен қамту көзделсе, 8753 жұмыс орны құрылып, 4491 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы «екі қолға бір күрек» тапты. Жоспар 102,7 пайызға орындалып отыр.
Жол картасы аясында жұмыссыз азаматтар қаладағы коммуналды-инфрақұрылым жобаларына, мәдениет, білім салаларындағы, құрылыс, қаладағы аулаларды абаттандыру жұмыстарына бағытталды.

– Ал біраз отбасыға демеу болып отырған атаулы әлеуметтік көмек туралы көрсеткіш қандай?

– 2020 жылы Шымкентте 32 929 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, жалпы сомасы 17,8 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұл – 161 975 адам мемлекеттік қолдау көрді деген сөз. Ақшалай жәрдемақымен қоса осы отбасылардағы 28 778 бала кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 1-3 жас аралығындағы балаларға 144 663 азық-түлік жиынтығы, 3-6 жасар балаларға – 196 089 азық-түлік жиынтығы берілсе, 1-6 жас аралығындағы балаларға 119 555 тұрмыстық-химия жиынтығы үйлестірілді.

– Осы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау рәсімі қандай? Қателеспесем, карантин шараларына байланысты құжат рәсімдеу барысы онлайн жүруде.

– Ия, заң бойынша атаулы әлеуметтік көмек бір жылда 4 тоқсан бойынша рәсімделеді. Ол көмекті алатын отбасы әр тоқсан сайын құжаттарын жаңалап өткізуі тиіс. Бірақ, пандемия және оған байланысты туындаған карантинге байланысты қауіпсіздік шаралары қолға алынғаны белгілі. Осыған орай министрлік тарапынан келген нұсқаулық бойынша құжат рәсімдеу барысы жеңілдетілді. Азаматтардың денсаулығына байланысты, халықты көп шоғырландырмау мақсатында көмекке мұқтаж отбасылардың І тоқсанда атаулы әлеуметтік көмекке тапсырылған құжаттары автоматты түрде ары қарай созылатын болып шешілді. Бұл да болса жерлестеріміздің қауіпсіздігі үшін қолға алынған қадам.

– Қасымбек Пернебекұлы, сөз соңында биылғы жоспарларыңызға тоқталып өтсеңіз.

– Жоғарыда аталған жұмыстар 2021 жылы да жалғасын тауып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша – 22 075 адамды, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша – 392 адамды және мемлекеттік салалық бағдарламалар негізінде 11 151 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Бұған қоса қаламызда тың жоба қолға алынбақ. Ол – «Тең қоғам» орталығы. Бұйыртса, биылғы наурыз айында ашылады деп жоспарланған орталық жұмысының негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсартуда мемлекет және үкіметтік емес ұйымдардың арасында негізгі бағыттаушы, сабақтастырушы қызметін атқару.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.