Несиеге жаңа көлік, тегін жаңа пәтер

Пятница, 11 Декабрь 2020 04:17 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2766 раз

Жаңа үй 2

Шымкенттегі №95 жалпы орта мектеп мұғалімі Алматыдағы «Хан Тәңірі» тұрғын үй кешенінен бір бөлмелі пәтер ұтты. Halyk Bank пәтерлерін ойнатудың екінші кезеңінде оған осындай қуаныш бұйырды. Күтпеген жерден баспанаға қол жеткізген психологтың қуанышында шек жоқ. Үш баланың әкесі Әлімжан Оразовтың жеңісіне шымқалалықтар ортақ. Көпшілікті оның аяқ астынан қалай пәтерлі болғаны қызықтырады. Кейіпкеріміз бұл туралы қаз-қалпында айтып берді.

Қазан айында Әлімжан Үлгібайұлы «Opel Vectra» көлігін жаңартқысы келген екен. Сол мақсатта Halyk Bank-тің 20-бөлімшесіне барып, автонесие алады. Банк қызметкерлері оған Алматы қаласында үй ойнатылып жатқанын айтып, қатысу шарттарын түсіндіреді. Бірақ мұғалім оған аса мән бермейді.
27 қарашада Әлімжан Оразов жаңа көлігі «Нексиямен» кептелісте тұрған. Сол сәтте оған банктен қоңырау шалып, тікелей эфирде екенін, Алматыдан пәтер ұтып алғанын айтып құттықтайды. Аяқ астынан асып-сасқан психолог алғашқыда бұған сенбейді. Эфирде екеніне де мән бермейді. Тек «құтты болсын» деп, телефон тұтқасын қоя салады. Артынша әріптесі педагог-психолог Клара Ибрагимова хабарласып, «пәтер ұтып алыпсың, тікелей эфирден даусыңды естіп, таныдым» деп жаңалығымен бөліседі. Әлімжан сонда ғана көлігін тоқтатып, эфирге қайта қосылғысы келеді. Бірақ уақыт бітіп қалған еді. Іле-шала банктің басшысы да қоңырау соғып, жеңісімен құттықтайды. Несие алған бөлімшеге жеке куәлігімен бару қажеттігін ескертеді. Сонда ғана Әлімжан Үлгібайұлы жаңа пәтер ұтып алғанына көз жеткізеді. Не керек, бақыттан басы айналған отбасы ағайын-туыспен бірге жаңа пәтерді көруге Алматыға аттанады. Өң мен түстей салтанатты түрде су жаңа пәтердің кілті мен құжаттарын алады.
– Алматыда баспанам болады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Тұрғылықты жерді ауыстырып, басқа қалаға көшемін деген жоспарым да болмаған. Банк менеджерлері автоматты түрде ұтыс ойынына қатыса алатынымды айтқанда да, ден қоймағанмын. Өйткені Halyk Bank-тің менен басқа да клиенті көп қой. Дегенмен, Алланың ұлылығында шек жоқ. Ұтысқа тігілген үш пәтердің бірінің қожайыны атандым. Жаңа үйім балаларыма қалады. Себебі, өмірімдегі бірінші жеңіспен алған баспанам бәрімізге ыстық, - дейді кейіпкеріміз.
«Сабақты ине сәтімен» деген осы шығар. Енді жеңімпаз мұғалімнің жаңа көлігі мен үйі бар. Ол клиенттерге, қазақстандықтарға осындай мүмкіндікті қалт жібермей, пайдалануға кеңес береді. Банк менеджерлері науқанға қатысу 20 желтоқсанға дейін Halyk Bank-тен 50% жеңілдікпен немесе 24 айға дейін артық төлемсіз бөліп төлеуге зат сатып алсаңыз, жеткілікті екенін айтады.

Последнее изменение Пятница, 11 Декабрь 2020 04:31
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.