Өзекті сауалдар жауапсыз қалмайды Избранное

Пятница, 11 Декабрь 2020 04:00 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2214 раз

4e3b0f9a0cd6f504f146e761290866df

Осылай деген «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ филиалының мамандары оқырмандардан келген сауалдарға жауап беруге әзір. Редакцияға қоңырау шалып, жолдаған сұрақтарды топтастырып отырмыз. Шымкент қалалық «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ филиалы салымшыға барып қызмет көрсету бөлімінің басшысы Ләззат ДҮЙСЕНОВАНЫҢ жауабын назарларыңызға ұсынамыз.

Лаззат

Сұрақ:
Ләйлім, қала тұрғыны:

–Бірнеше жыл бұрын мен БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы Жеке кабинетке тіркелдім. Бірақ біраз уақыттан кейін паролін ұмытып қалдым. Кейінірек телефонымды жоғалтып алып, бұрынғы нөмірімді қайта қалпына келтірмедім. Енді маған Жеке кабинетке кіріп, үзінді көшірмені онлайн режимде қалай алуға болады?

Жауап:
–Жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені Сіз ұялы қосымшадан, БЖЗҚ және электронды үкімет сайттарынан көре аласыз. Ол үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамынан алуға болатын электронды цифрлық қолтаңбаның негізгі кілтін пайдалануға болады.
Бұдан басқа, БЖЗҚ автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тіркелген жекелеген деректемелерді (электрондық мекенжай, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының телефон нөмірі) сіз ЭЦҚ-ны пайдалана отырып немесе БЖЗҚ кеңселерінің біріне жүгіну арқылы мәселеңізді шеше аласыз.

Сұрақ:
Спабек ЖОЛЖАҚСЫН, зейнеткер:

–Жақында мен 63 жасқа толып, зейнеткер атандым. Бірақ жұмысымды одан әрі жалғастыра беруіме жұмыс беруші қарсы емес. Сіздерден сұрайын дегенім, енді менің жалақымнан міндетті зейнетақы жарналары ұстала бере ме?

Жауап:
–Жоқ, зейнетақы қорына сіздің жалақыңыздан міндетті жарна аударылмайды. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабы 2-тармағының ережелеріне сәйкес зейнеткерлік жасқа толған адамдар БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.

Сұрақ:
Сәндігүл, қала тұрғыны:

–Материалдық жағдайымның ауырлығына байланысты мерзімі өткен және төленбеген екі несием бар еді. Осы қарыздарды менің зейнетақы жинақтарымнан өндіріп ала ала ма?

Жауап:
– Жоқ, өндіріп алу мүмкін емес. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 50-бабының 3-тармағына сәйкес салымшының (алушының) борыштары бойынша міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына, өсімпұлдарға, зейнетақы активтеріне және
зейнетақы жинақтарына тыйым салуға немесе олардан өндіріп алуға жол берілмейді.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 98-бабының 14-тармағына сәйкес өндіріп алу салымшының (алушының) борыштары бойынша зейнетақы жинақтарына қатысты қолданылмайды.

Сұрақ:
Ақжан Байсариева, қала тұрғыны:

– Ағам қайтыс болғаннан бері бір ай мерзім өтті. Біз оның зейнетақы жинақтарын алу үшін қандай құжаттар қажет екенін және нақты қандай қаражат ала алатынымызды білмей отырмыз. Жөн сілтеп жіберсеңіздер...

Жауап:
–«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабының 5-тармағына сәйкес (бұдан әрі – Заң) алушы, сондай-ақ, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және Заңның 11-бабының 1-3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлік жасқа толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға БЖЗҚ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшері шегінде, бірақ жеке зейнетақы шотындағы (бұдан әрі- ЖЗШ) қаражаттан аспайтын мөлшердегі жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді.
Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін алушының ЖЗШ-сындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы тиісті қаржы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраған жағдайда, бұл қалдық жерлеуге арналған төлем ретінде төленеді.
Бұған қоса Заңның ережелерінде БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылатыны айқындалған.
Заңның 34-бабы 9-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БЖЗҚ алушыларға зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асыруға міндетті. Аталған тәртіп, сондай-ақ, қажетті құжаттар тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 02.10.2013 ж. № 1042 қаулысымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларында айқындалған.
Төлем түріне, оларды БЖЗҚ-ға беру тәсіліне (өзі келгенде/пошта байланысы құралдары/үшінші тұлға арқылы жүгінген кезде) байланысты қажетті құжаттардың өзекті тізбесі, оларды ресімдеуге қойылатын талаптар, сондай-ақ, өтініш бланкілері және төлем валютасының түріне қарай оларды толтыру және сенімхат үлгілері www.enpf.kz сілтемесі бойынша БЖЗҚ-ның веб-сайтында орналасқан.

Сұрақ:
Мирас, құрылысшы:

–Коронавирус індетіне байланысты жұмыс берушім біраз уақыт жалақы төлемеді. Егер мен ресми түрде жалданып жұмыс істейтін болсам, алдыңғы айлар үшін міндетті зейнетақы жарналарын өз бетімше аудара аламын ба?

Жауап:
–ҚР қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын салымшылар салымшы агентінің (жұмыс берушінің) аударуы арқылы төлейді. Бұл ретте «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-на аудару арқылы өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын мына жеке тұлғалар ғана төлей алады:
- жеке кәсіпкерлер;
- жеке нотариустар;
- жеке сот орындаушылары;
- адвокаттар;
- кәсіби медиаторлар;
-азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар;
- бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер.
Осылайша егер сіз жоғарыда аталған тұлғалар санатына жатпасаңыз, онда МЗЖ есебінен қалыптастырылған жеке зейнетақы шотын өз бетіңізше толықтыру мүмкін емес.