Дәрігерлерге домбыра сыйлаған қолөнер шебері Избранное

Среда, 27 Май 2020 04:16 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2961 раз

Без имени-11

Шымкентте ұлтымызды ұлықтайтын ұлы аспапты жасауды өз кәсібіне айналдырып, ұлттық дәстүрді насихаттап жүрген Мұталхан Байырбеков есімді шебер бар. Отбасылық кəсіп түрін дамытып отырған жас кәсіпкер мемлекеттің қаржылай қолдауымен кəсіп ашып, талмай еңбектеніп келеді. Он саусағынан өнер тамған шебер елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде өзі жасаған бірнеше домбырасын індетпен күні-түні алысып жүрген дəрігерлерге сыйлап, ақ халаттыларға құрмет көрсетіпті.

Тарихымызды қос ішегіне сыйдырған ұлы аспапты киелі санап, қастерлеп, төрге іліп қоятын қазақ халқы домбырамен әуелетіп ән де салған, күмбірлетіп күй де шерткен. Қадыр Мырза Әлі атамыз айтқандай, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген түсінік қалыптасқан.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында жазған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан кейін қолөнершілеріміз де бір серпіліп қалғаны бар. Солардың бірі – кәсібім-нәсібім дейтін шебер Мұталхан Оспанұлы.
Ағаш ұстасы домбыра жасауға алғаш рет осыдан екі жыл бұрын кірісіпті. Кішкентайынан осы іспен айналысатын ағасының тәлім-тәрбиесін көріп өскен. Қызығушылықпен басталған ісі кәсібіне айналып, бүгінде домбыра жасау оның сүйікті ісіне айналған. Ол былтыр «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 3 млн теңге қайтарымсыз грант жəне «Еңбек» бағдарламасы аясында «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасынан 505 мың теңге грант жеңіп алып, ұлттық музыка аспаптарын жасау ісін жолға қойған. Аға-інілі шеберлер бүгінде үйінің ауласынан шағын ғана шеберхана ашқан. Аядай ғана бөлме демесең, іші толған кепкен ағаштар мен домбыра жасауға қажетті темір жабдықтар.
– Негізі домбыра жасауды ағамнан үйрендім. Ол біраз жыл бойы жалдамалы қызметші болып жұмыс істеді. Мен бұл уақытта құрылыс саласында жүрдім. Кейін отбасылық кәсіп ашуға бекіндік. Домбыра – қазақ халқының ұлттық мәдени мұрасы. Ұлттық аспабымыз. «Рухани жаңғыруға қосқан үлесіміз болсын, əрбір жас бала осы ұлттық аспабымызбен ойнасын» деген ниетпен бастадық. Əрине табыс жағын да ойладық. Қай-қай жағынан да тиімді əрі қолдан келетін іс болған соң осы кəсіпке тоқтадық. Мемлекеттік бағдарламаға қатысып, үйіміздің ауласынан шағын цех аштық. Шеберханада өзімді қосқанда төрт адам домбыра жасаумен айналысып келеді, – дейді Мұталхан Байырбеков.
Бұл шеберханадағы домбыраларды қолөнершілер көбіне жаңғақ ағашынан жасайды екен. Ал музыкалық аспапқа қажетті материалдардың қаладағы базарлардан және қалаға жақын орналасқан елдімекендерден алады. Дайындалу технологиясы үш кезеңмен жүзеге асады дейді шебер.
– Бірінші бүтіндей ағаш тілінеді. Белгілі өлшеммен кесіп аламыз. Дайын болған материалды келесі этапта домбыраның мойынымен бірге шанағы қалыптастырылады. Жалпы домбыраның формасы әзірленеді. Ал соңғы этапта аспаптың беті жабылып, негізгі жұмыстары жасалады, – дейді жас кәсіпкер.
Ұста музыкалық аспап ерекше күтімді қажет ететінін айтады. Домбыра қоңыр үнін жоғалтпай, ұзақ уақыт күмбірлеуі үшін қажетті кеңестерімен де бөлісті.

– Жаңадан жасалған аспаптың дауысы дұрыс шығуы үшін бір ай көлемінде күнделікті бір күйден орындап отыруы керек. Сезімтал болғандықтан арнайы қаптамада тұрғаны мақұл. Ыстық немесе суық жерге қоймағаны дұрыс. Бірқалыпты ауа температурасында сақтаса, аспаптың үні өзгермейді, – дейді шебер.

Мұталханның сөзінше, домбыра жасау адам бойынан қандай да бір талантты қажет етпейді. Алайда қолының ебі, икемі болуы керек. Оның айтуынша, қолөнерші жоқтан бар жасайтын маман. Талмай еңбектенсе, маңдай тердің ақталатыны анық. Қазірде ұлттық аспапты асылына бағалап, сыйға тартушылардың да қатары көбейген. Музыкалық мектептер де тапсырыс береді. Бірақ пандемияға байланысты шеберхана жұмысы уақытша тоқтап тұр.
– Әлемдегі болып жатқан жағдай қаламыздағы шағын және орта бизнесті дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге оңай тимеді. Наурыз айының екінші жартысынан бері сұраныс күрт түсті. Отбасылық бизнес болған соң аздап қиындық туғызғаны бар. Бірақ бұл сынды ел болып еңсереміз деген ойдамын. Мемлекеттік қолдау шаралары жарияланып жатыр. Несие төлейтіндірге ауыр соғатыны белгілі. Осы ретте несиеге барынша жеңілдіктер қарастырылып, шығынға батқан кәсіпкерлердің қайта аяққа тұруына ұтымды қолдау шаралары қажет деп санаймын, – дейді қолөнерші.
Ел арасында темірден түйін түйген, сауыт соғатын, тері илейтін, ағаш шабатын шеберлер аз емес. Тек олар бұл салада айлығын шайлығына жеткізе алмайтындықтан бойдағы өнерін әрі қарай дамытуға мұршасы келмей жүр, жан бағу үшін жаны қаламайтын салада жұмыс істейді. Ал кейіпкеріміз еңбекке икемі бар жандарға мемлекеттік бағдарламаларды зерттеп, өз кәсібін оңтайлы игерудің жолдарын үйренуге болатынын айтады. «Ұлттық мұрамызды насихаттаудың тағы бір жолы, мектеп оқушылары меңгеруге тиіс негізгі үйірме дәрістерін қосу керек» – дейді. Шебердің алдағы уақытта ұстаханасын кеңейтсем деген жоспары бар. Көне өнердің өріс жаюына үлес қосып жүрген азамат атадан балаға мирас болған өнерді жандандырып, ата кәсібін нәсібіне айналдырып, ұлттық дәстүрді насихаттауды одан әрі де жалғастыра бермек.