ШЫМКЕНТТЕ ЗАМАНАУИ ЭКО-ОРТАЛЫҚ БАР Избранное

Среда, 15 Апрель 2020 02:20 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3676 раз

 1286-2850

алайда, мемлекеттен бөлінетін квота тым аз

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша әлемдегі барлық ерлі-зайыптылардың 8 пайызы бедеулік пен белсіздіктен зардап шегеді. Халықаралық ұйымның сарапшылары зерттеу кезінде кемінде 5 жылдан бері бала сүйе алмаған жұптарды ғана есепке алған.

Ал, елімізге белгілі маман Салтанат Байқошқарованың айтуынша,
Қазақстанда бұл көрсеткіш 15 пайыздан кем емес. Яғни, Қазақстанда бедеулік пен белсіздік әлемдік орташа көрсеткіштен 2 есе жоғары. Бірақ, бұл отандастарымыздың бәрі баланың қадірін біледі деген сөз емес.
Өкінішке қарай, ҚР Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, еліміздегі 15–49 жас аралығындағы әйелдердің 20 пайызы өмірінде бір рет болсын жасанды түсік жасатқан. Әрбір бесінші әйел жасының ұлғайғанын, әлеуметтік жағдайының нашарлығын, денсаулығындағы кінәратты, баласының онсыз да көптігін сылтауратып құрсағындағы шаранасын көзі қиып, өз қолымен өлтіретін қатыгез қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Жасанды түсік жасататындардың 70 пайызға жуығы өмірлік тәжірибесі аз жас келіншектер емес, керісінше жасы 40-тан асқан салиқалы әйелдер екені де ойландырады. Дүние-ай десеңші, біреулер сәбидің тырнағына зар болып, перзент сүйе алмай жүрсе, өзге бір әйелдер жатырында пайда болған жаңа өмірді қыршынынан қиып, түсік жасатады... Мұндайда халықтың демографиялық өсімі қайдан оңсын?!
Жастардың ұрпақ өрбітуінде кездесіп отырған қиындықтар қайсы? Жас толқынның репродуктивті денсаулығын жақсарту үшін мемлекет қандай қолдау көрсетуі керек? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген болатынбыз.
Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде бедеулік пен белсіздікті емдеудің ең тиімді тәсілі – экстракорпоралды ұрықтандыру. Жұртшылық ЭКО деп атайтын бұл ем түрін Еуропа елдері 40 жылдан бері қолданып келеді. Ал, Қазақстанға ЭКО бағдарламаларының ене бастағанына 20 жылға жақындады. Белгілі дәрігер-репродуктолог Алмас Ибрагимовтің мәліметі бойынша, осы жылдар ішінде елімізде жасанды ұрықтандыру әдісімен 20 мыңға жуық бала өмірге келіпті. Осы әдіспен бала сүюге талпынып жүрген ерлі-зайыптылардың бірімен біз де әңгімелескен едік.
Арман мен Айдананың (кейіпкерлердің аты-жөні өздерінің өтініші бойынша өзгертіліп алынды – авт.) жасы отыздан асып барады. Отасқандарына 9 жылдан асқанымен, әзірге дүниеге сәби әкелу бақыты бұйырмапты.
Алғашқы екі жылда жас жұбайлар бұл мәселеге онша назар аудармаған. «Әне-міне болып қалар» деп жүре берген. Тек содан кейін емделе бастапты. Үш жыл бойына үздіксіз емделгенімен нәтиже болмаған.
– Бір күні Арман үйге келіп «Перзентті бола алмағанымыз бізге Құдайдың берген сынағы ғой, Алла сүйген құлдарына ғана ауыр сынақтар береді, сондықтан ендігі жерде не болса да, тіпті перзент сүйе алмасақ та жанжалдан аулақ болайық, бір-бірімізден айрылмайық» деді. Азаматымның осындай парасаттылық танытқанына қатты қуанып, бар қайғымды ұмытып, өзімді сондай бақытты сезіндім. Содан кейін екеуміз де жұмыстан демалыс алып, Алматы қаласына ЭКО жасатуға бардық. Оған 700 мың теңгедей қаржы керек екен. Қолымыздағы қаржы оған жетпейді. Содан банктен 500 мың теңге несие алып, Алматыға аттандық, – деген Айдана 5 жыл бұрын басынан өткен оқиғаларды еске алды.
Бірақ, ерлі-зайыптылардың арманы бірден орындала қоймапты. Мамандар тағы бір рет байқап көру қажеттігін айтқан. Алайда, Шымкентте пәтер жалдап тұратын, екеуі бірдей жұмыс істесе де жалақыдан жалақыға әзер жетіп жүрген жас отбасы 700 мың теңгені қайта-қайта қайдан ала берсін?! Сонда да сағы сынбай, үш айдан кейін шекесі торсықтай ұл асырап алыпты. Ал, 2016 жылдың күзінде емхана мен ЭКО-орталықтағы түрлі тексерулерден, комиссиялардан өтіп жүріп, квотаның кезегіне тұрыпты. Арада 2 жылдан астам уақыт өткен соң кезектері келіп, екінші рет ЭКО бағдарламаның көмегіне жүгінген. Қазір бақытты жұп он жыл сағындырған сәбилері жарық дүние есігін ашар күнді күтіп, Алладан құрсақтағы шарананың амандығын сұрап отыр.
Жақында Репродуктивті медицина институтының Шымкент филиалы ашылды. Институттың басты артықшылығы — емделуші барлық қажетті сараптамаларды осында жасата алады. Науқас бұрынғыдай сараптама жасату үшін өзге қалаға сабылмайды. Тіпті жатырына салынған баланың да талдамасын осы орталық тексеріп бере алады. Орталық жұмысы Еуропалық мамандардың тәжірибесіне сүйене отырып жүргізіледі.
— Бұл жердің лабораториясы өте жақсы. Бір сағаттың ішінде 15 рет ауа ауысып тұрады. Өте таза ауа береді және басқа да артықшылықтары бар. Және бұл орталықта ЭКО-дан басқа әйелдерге лапороскопиялық отаның барлық түрі жасалады. Және ерлердің де бедеулігін шешеді.
Клиника бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Бір мезетте 25 адам лапороскопиялық ота жасатып, емделу мүмкіндігі бар. Жылына 3000 ЭКО бағдарламасын және 2000 лапороскопиялық ота жасай алады, – дейді институттың бас маманы, репродуктолог
Ләззат Айтожина.
Әрине, Шымкентте осындай заманауи емдеу мекемесінің ашылуы тамаша жетістік. Алайда, ең өзекті проблема — ЭКО жасатуға мемлекеттен бөлінетін квотаның жеткіліксіздігі.
Шымкент қаласында қазір экстракорпоралды ұрықтандырумен айналысатын «Экомед», «DL-ЭКО», «Брак и семья» және «Доктор Тарараканың ЭКО орталығы» атты 4 орталық бар. Қазір баға біршама арзандаған. Шамамен 400-450 мың теңгенің төңірегінде. Бірақ, кейіпкерлеріміздің сөзінен байқағанымыз, жастардың басым бөлігі үшін бұл орталықтардың қызметі әлі де қымбат.
Жалпы, Қазақстанда экстракорпоралды ұрықтандыруға квота 2010 жылдан бері бөлініп келеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, республика бойынша 2019 жылы – 900 квота, биыл 1200 бөлінген. Егер елімізде репродуктивті жастағы ерлі-зайыптылардың жалпы саны 2 миллионнан асатынын, оның 15 пайызы бедеулік пен белсіздіктің түрлі деңгейлерінен зардап шегетінін ескерсек, 300 мың ата-ана перзент сүйе алмай қиналып жүр деген сөз. Оның ішінде жыл сайын кемінде 20 мың жұп емнің осы тәсілін қолданғысы келеді. Бірақ, оған бәрінің бірдей қолы жетпейді.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметтерге сәйкес, 2019 жылы қалада емнің осы түріне 159 квота, ал, биыл Шымкент қаласында ашылған жаңа орталыққа бюджет есебінен 322 квота бөлініпті. Алайда, бұл — жеткіліксіз.
Дәрігер-репродуктолог Алмас Ибрагимовтің айтуынша, біздің елімізде ерлі-зайыптылар ЭКО қызметіне өте кеш, көбіне 35 жастан асқан соң ғана жүгініп жатады екен.
– Жастар көп жылдарын консервативті ем тәсілдерін қолданумен өткізіп алады. Тәуіпке барып, қасиетті жерлерді аралап уақытын зая кетіреді. Ал, біздің қызметімізге 80 пайыз жағдайда 35-40 жастан асқан ерлі-зайыптылар жүгінеді. Иә, теория бойынша қазір жасанды ұрықтандыруды 45 жастан кейін де іске асыруға болады. Бірақ, іс жүзінде жұбайлардың жасы ұлғайған сайын нәтижеге қол жеткізу қиындай береді. Ал, мемлекет бөлетін квотаны алу үшін кемі 2 жыл кезек күтуге тура келеді. Осы аралықта кейбір әйелдердің репродуктивті жасы өтіп кетеді. Сондықтан мемлекет бұл бағытқа бөлінетін квотаны еселеп арттыруы керек, – дейді А.Ибрагимов.
Дәрігердің айтуынша, соңғы 1-2 жылда ЭКО-ға жүгінетін жастар да көбейген. Бұрындары барлық ЭКО жасатқандардың небәрі 10 пайызы 30 жасқа толмағандар болса, қазір бұл көрсеткіш 30 пайызға жетіпті.
Арман мен Айдананың әңгімесінен аңғарғанымыз, мұндағы жалғыз проблема кезек күтуде емес, мемлекеттік квота алу үшін ерлі-зайыптылар шамамен 70 түрлі медициналық тексеруден өтуі керек. Біздегі онсыз да кезегі бітпейтін емханада 70 есікке кіріп-шығу дегеніңіз оңай шаруа емес.

 

ТҮЙІН:

Әрине, қазіргі заманда әркім өз денсаулығына өзі жауапты. Бедеулік пен белсіздікке әкеп соқтыратын себептердің қатарында спиртті ішімдіктер, темекі, дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы, төсектегі серіктестің тұрақты болмауы, жыныстық инфекциялардың таралуы және жыныстық аурулардың уақтылы емделмеуін айтуға болады. Жастар осының бәрінен аулақ болса, бәлкім бедеулік қаупі де азаяр ма еді?!
Иә, Біріккен Ұлттар Ұйымының репродуктивті денсаулықты қорғау бойынша мамандандырылған мекемесі – ЮНФПА-ның еліміздегі өкілдігі соңғы 25 жылда атқарылған іс-шаралар нәтижесінде Қазақстандағы туу көрсеткіштері 19.6 пайызға өскенін, бала өлімі көрсеткіші 3,4 есе азайып, ана өлімінің көрсеткіштері 5 есе азайғанын мәлімдеді. Мұның бәрі тамаша жетістіктер.
Дегенмен, бүгінде қазақ жастары бетпе-бет келіп отырған күрделі проблемалар шаш-етектен. Бедеулік пен белсіздік – солардың ең өзектілерінің бірі. Егер болашағымызды ойласақ, мемлекет ЭКО бағдарламаларға бөлінетін квотаны еселеп арттыруы тиіс деп ойлаймыз. Егер Реподуктивті медицина институтының Шымкентте жаңадан ашылған филиалына мемлекет тарапынан көбірек квота бөлінсе, бұл бүкіл оңтүстік өңірде демографиялық өсімнің артуына оң ықпал етер еді.