ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ САЛАСЫНДА КЕМШІЛІК КӨП

Пятница, 28 Февраль 2020 03:40 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2763 раз

Бүгінде бюджет қаржысын тиімді жұмсау – ең маңызды міндеттердің бірі. Біз осы мәселемен тікелей айналысатын Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Нұржан Налибаевпен сұхбаттасып, тексеру комиссиясының 2019 жылы атқарған жұмыстары туралы әңгімелескен болатынбыз.

Налибаев

– Нұржан Абдуллаұлы, тексеру комиссиясы жаңадан құрылуына байланысты оның негізгі міндеттеріне және 2019 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысына тоқталып өтсеңіз...

– «Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі туралы ережеге сәйкес, тексеру комиссиясының мынадай міндеттері бар. Атап айтсақ, комиссия жергілікті бюджеттердің атқарылуына, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің пайдаланылуына жергілікті деңгейде сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізеді.

Сондай-ақ, жергілікті бюджеттің атқарылуын, аумақтарды дамыту бағдарламаларының және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын талдап, бағалап отыру да біздің міндетіміз.
Мемлекеттік аудит объектілерінің бекітілген тізбесіне сәйкес тексеру комиссиясы өткен жылдың екінші жартысында 6 аудиторлық іс-шара жүргізуі тиіс еді. Жылдың қорытындысында 5 аудиторлық іс-шара жүргізіліп, біреуі 2020 жылға өтпелі болды.

Аудиторлық іс-шаралардың шеңберінде мемлекеттік аудитпен 17 млрд 436 млн 622,7 мың теңге қаржы қамтылған. Жалпы, 4 млрд 863 млн 484 мың теңгенің кемшіліктері анықталды.
Жалпы қалпына келтірілуі және өтелуі тиіс қаржы көлемі 1 млрд 106 млн 300,5 мың теңге болса, 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қалпына келтірілген және өтелген қаржы көлемі 978 млн 645,3 мың теңгені құрады. Қалған 127 млн 655,2 мың теңге қаржының қалпына келтірілу және өтелу мерзімі әлі келмеген.

Өткен жылы аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша анықталған фактілер жөнінде 1 аудит материалы процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды. Есепті кезеңге әкімшілік-құқық бұзушылық туралы материалдар бойынша барлығы 33 лауазымдық тұлғаға жалпы 3 млн 074,2 мың теңге айыппұл салынған болса, 17 материал өндірісте. Сот органдарының қарауына 2 әкімшілік іс жолданып, барлығы 164,1 мың теңге айыппұл салынды.

– Бүгінде елімізде мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Тексеру комиссиясы бағдарламалардың іске асырылуын қадағалап отыр ма?

–Иә, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы тексеру комиссиясының бақылауында. Мәселен, өткен жылы «Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бюджет қаражатының және мемлекет активтерінің тиімді пайдалануына мемлекеттік аудит жүргізілді. Сол кезде «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы мен ««Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуына талдау жасалып, жұмыс бағаланды.

Жалпы 2 млрд 330 млн 780,2 мың теңгенің бұзушылықтары анықталды. Орталық халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға және жергілікті атқарушы органға «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасының үшінші бағыты шеңберінде 2016 жылы 1 322 адам кәсіптік қайта даярлау курстарына жолданып, оқуын аяқтап, толықтай жұмысқа орналасты деп мәлімет берген. Бұл мақсатқа 139 млн 764,5 мың теңге жұмсалған.

Алайда, аудит нәтижесінде жұмысқа орналасты делінген 1 322 адамның 479-ы іс жүзінде жұмысқа орналаспағаны анықталды. Яғни, бұл азаматтарды оқытуға жұмсалған 51 млн 930,1 мың теңге бюджетке қайтарылуы тиіс.

Орталықтың есебіне сәйкес «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының» аясында 2017 жылы 3 402 адам техникалық және кәсіптік мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқытуға жолданып, оқуын аяқтаған. Оның 2 062-сі оқыған мамандықтары бойынша жұмыспен қамтылған делінген. Жалпы кәсіптік оқытуға жұмсалған қаржы 477 млн 758 мың теңгені құраған немесе бір азаматты оқытуға 140 434 теңге жұмсалған.

Ал, 2018 жылы кәсіптік оқытуға 1 807 адам жолданып, оқуын аяқтаған, оның 1 330-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Жалпы кәсіптік оқытуға жұмсалған қаржы 213 млн 738 мың теңгені құраған немесе бір азаматты оқытуға 118 283 теңге жұмсалған. Талдау нәтижесі көрсеткендей, 2017 жылы кәсіптік оқуды аяқтаған 3 402 адамның 120-сы ғана жұмысқа орналасқан немесе жұмысқа орналасқандар бар-жоғы 3,5 пайызды құрайды. Ал, 2018 жылы кәсіптік оқуды бітірген 1 807 адамның 114-і ғана жұмысқа орналасқан. Яғни, курстан өткендердің 6,3 пайызы ғана жұмыспен қамтылған.

Бұл бағдарламаға қаралған бюджет қаржысы мақсатсыз және тиімсіз жұмсалды деген сөз. Нақты айтар болсақ, 2017-2018 жылдары жалпы 661 млн 157,5 мың теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған. Кәсіптік оқытуды ұйымдастырушылар оқытылатын біліктіліктер мен дағдылар тізбесін еңбек нарығының сұранысына сәйкес түзбеген. Салдарынан 2017 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқуды тігінші мамандығы бойынша аяқтаған 992 адамның 9-ы ғана (0,9%) жұмысқа орналасқан.

Шаштараз, аспаз, кондитер мамандықтары бойынша да осындай жағдай орын алған. Осындай келеңсіздіктер 2018 жылы да қайталанған. Мәселен 2018 жылы аспаз мамандығын игерген 140 адамның ешқайсысы және кондитер мамандығы бойынша кәсіптік оқуды аяқтаған 100 адамның бірде-бірі жұмысқа орналаспаған.

Мұнан бөлек әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған азаматтарға 3 млн 632 мың теңге бюджет қаржысы негізсіз төленген. Мемлекеттік бағдарлама бойынша әлеуметтік жұмыс орындарын құруға 2017-2019 жылдары бөлінген қаржының 49 млн 400,5 мың теңгесі, жастар практикасын ұйымдастыруға 2017-2018 жылдары жұмсалған қаржының 35 млн 013,6 мың теңгесі және қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға жұмсалған қаржының 42 млн 725 мың теңгесі тиімсіз жұмсалған.

Қорытындылай келе, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысына жасалған аудит нәтижесі олардың орындалып жатқанын көрсеткенімен, маңызды бағыттар бойынша нәтижелер ойдағыдай болмай отырғанын аңғартты.

–Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Айдар Құлжанов