Версия для печати

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА – АШЫҚ ӘРІ ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ ОРНАТУДЫҢ КЕПІЛІ Избранное

Пятница, 20 Май 2022 03:57 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 17953 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құру, ашық әрі әділетті қоғам орнатуға бағытталған бастамалары ел арасында қызу қолдауға ие болып жатыр. Бірақ, кейбір азаматтар елді көркейту мен қоғамды жақсы жағына қарай өзгерту – биліктің ғана мойнындағы міндет деп санап, өзі шетте қала бергісі келетін сыңайлы. Бұл – жаңсақ пікір, қате ұстаным. Өйткені, Қазақстан – біздің атамекеніміз, жалғыз Отанымыз. Оның тағдырына, болашағына бәріміз жауаптымыз. Мемлекетті қорғау, нығайту, дамыту, оны қуатты етуге атсалысу – өзін осы елдің азаматы санайтын, өзінің және ұрпағының болашағын осы елмен байланыстыратын әрбір адамның мойнындағы борышы. Иығымызда тұрған осынау жауапкершілік жүгін толық сезіне алғанда ғана Қазақ елінің болашағы жарқын болмақ. Міне, осы тұрғыдан қарағанда Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың және алдағы республикалық референдумның мәні мен маңызын толық түсінеміз.

546

 

Конституция – мемлекеттік-қоғамдық құрылымның негіздерін айқындайтын, билік институттарының құзіреті мен олардың өзара қарым-қатынасын реттейтін басты нормативтік акт. Ол мемлекеттің құрылудағы мақсаты мен оның негізгі құндылықтарын паш ете отырып, еліміздің құқықтық, саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйесінің негізгі принциптерін белгілейді. Ең бастысы, Конституция – азаматтардың құқықтары мен бостандықтары көрсетілген және олардың сақталуы мен іске асырылуына кепілдік беретін құжат. Демек, Ата Заңымызға енгізілетін әрбір өзгеріс мемлекет пен қоғамға жалпылама түрде ғана емес, әрбір жеке азаматтың өміріне, оның тағдырына, тұрмыс деңгейіне, ұрпақтарының болашағына да тікелей әсер ететіні сөзсіз. Сол себепті әрбір адам референдумға қатысып, өзінің таңдауын саналы түрде жасауы тиіс.
Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістер мен толықтырулардың мақсаты – Мемлекет басшысының наурыз айындағы Жолдауында көрсетілген саяси реформалардың берік құқықтық негізін қалыптастыру. Бұл реформалар елімізді одан әрі демократияландыру, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, саяси монополия мен экономикалық олигархизмді шектеу, құқық қорғау жүйесін дамыту және халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізіледі. Енді солардың негізгілеріне тоқталып өтсек.
«Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген қағида бар. Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев осы қағиданы басшылыққа ала отырып, өзгерістерді өзінің билігі мен өкілеттіліктерін шектеуден бастап отыр. Атап айтқанда, ендігі жерде Президент пен оның жергілікті жердегі өкілдері болып саналатын әкімдер саяси партияларға мүше бола алмайды. Сол себепті Конституцияның 43-бабы 3-тармақпен толықтырылып отыр. Онда Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауы тиіс деп көрсетіледі. Партиялардың сайлау кампанияларында үлкен рөл атқаратынын, олардың билікке қол жеткізу мен саясатты жүзеге асыруға қолғабыс ететін ықпалды құрал екенін ескерсек, Қасым-Жомарт Кемелұлының партия төрағалығынан өз еркімен бас тартуы және оны заңнамалық тұрғыда бекітуі – елдің болашағын ойлаудан, мемлекеттің мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін қайраткерліктен туындаған батыл қадам.
Соңғы жылдары елімізде плюрализм мен саяси бәсекелестіктің дамуына жағдай жасалып келеді. Соның көрінісі ретінде жаңадан құрылатын саяси партияларды тіркеу үшін талап етілетін мүшелер саны 40 мыңнан 20 мың адамға дейін қысқартылған болатын. Президенттің бастамасы бойынша енді бұл меже 5 мың адамға дейін төмендетілді. Демек, қазіргі қоғамдық ұйымдардың және өзіндік балама көзқарастар мен ұстанымдарға ие топтардың өз партияларын құрып, саяси күшке айналу мүмкіндігі пайда болып отыр. Бұл өзгерістер ашық әрі әділ сайлау өткізуге және шын мәніндегі көппартиялы, ықпалды Парламент қалыптастыруға жол ашады.
Конституцияның 43-бабына жаңадан қосылатан 4-тармақта «Президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға қақысы жоқ» деп жазылған. Жақын тарихымыз көрсетіп бергендей, бұл норманың да маңызы аса зор. Ол олигархизм мен коррупцияның алдын алуға және халықтың билік институттарына деген сенімін нығайтуға септігін тигізеді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Сенат депутаттарын тағайындау бойыншасы 15-тен 10-ға дейін қысқарады, Президенттің облыс және қала әкімдері қабылдаған нормативтік актілердің күшін жою немесе олардың қолданылуын тоқтата тұру, аудан, кент, ауыл әкімдерін қызметінен босату деген өкілеттіліктері алынып тасталады.
Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың екінші бір маңызды бағыты – Парламенттің ықпалын арттыру. Ең алдымен, Конституцияның 50-бабы 3-тармағының жаңа редакциясына сәйкес, Мәжілісті жасақтау барысында пропорционалды және мажоритарлы әдістер қатар жүретін аралас сайлау жүйесі енгізіледі. Мәжіліс депуттарының 30 пайызы, ал, облыстар мен республикалық маңызға ие қалалардағы мәслихат депуттарының 50 пайызы бір мандаттық окург арқылы тікелей сайланады.
Бұл норма барлық азаматтардың құқықтарының толық сақталуына, қарапайым азаматтардың мүддесін қорғауға оң ықпал етеді. Оған қоса, ендігі жерде сайлаушылар бір мандатты сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутаттарының мандатын кері қайтарып алу құқығына ие болады Бұл талап Конституцияның 52-бабы 5-тармағының жаңа редакциясында көрсетілген. Осының өзі депутаттар мен сайлаушылардың арасында кері байланыстың күшеюіне және саяси мәдениеттің қалыптасуына жол ашады.
Парламенттің ықпалын күшейтетін нақты екі өзгеріс бар. Біріншіден, бұған дейін Мәжіліс тек заң жобасын қарап, мақұлдаған, ал, Сенат заң жобасын қарап, оны қабылдайтын еді. Осы жердегі заң қабылдау дейтін үлкен өкілеттілік енді тікелей халық сайлайтын Мәжіліске беріліп отыр. Яғни, Мәжіліс заңды қабылдайды, ал, Сенат депутаттары оны мақұлдау немесе мақұлдамау құқығына ие. Ал, екінші өзгеріс республикалық бюджеттің орындалуын парламенттік бақылауды күшейтуді көздейді. Яғни, бұрынғы Есеп комитетінің орнына Жоғарғы аудиторлық палата құрылады. Оның төрағасы жылына 2 рет Мәжіліс депуттарының алдында есеп беруге міндеттеледі. Бұл іс жүзінде Мәжіліс Үкіметтің жұмысын толығымен қадағалап, одан есеп алып отыратын болады деген сөз.
Конституцияға енгізілетін өзгерістердің үшінші бағыты жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамытуды және тұрғындардың жергілікті жерде қабылданатын шешімдерге ықпалын күшейтуді көздейді. Біріншіден, Конституцияның 87-бабы 4-тармағының жаңа редакциясына сәйкес, Мемлекет басшысы астананың, облыстар мен республикалық маңызға ие қалалардың әкімдерін жергілікті мәслихаттардың келісімімен тағайындайды. Бұл жердегі жаңалық Президент бұрынғыдай бір емес, кемінде екі кандидатты ұсынатын болады. Ұсынылған кандидаттардың ішінен қайсысы әкім болып тағайындалатынын мәслихат депуттары шешеді. Әкімдер өзінің тағайындалуы барысында түпкілікті шешімді қабылдаған мәслихат депуттарымен есептесе отырып жұмыс істейтін болады.
Бүгінде жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені жайындағы норма қоғамның қызу қолдауына ие болып отыр. Бұл жерде жер мен оның қойнауындағы байлықтарға меншік құқығын халықтың атынан мемлекет жүзеге асыратынын ескерген жөн. Бұл елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтетін кесімді норма деп айтуға толық негіз бар.
Сонымен қатар Конституциялық Кеңесті Конституциялық Сот ретінде қайта құру көзделген. Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты нормативтік-құқықтық актілердің Ата Заңға сәйкестігін қарайды. Осылайша, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру жоспарлануда.
Қазақ – қашаннан ұрпақтың қамын ойлаған халық. Ұл-қызы мен немере-шөбересінің қауіпсіз, жайлы әрі мағыналы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – біздің өміріміздің мәні десек артық айтқандық емес. Мұны біздің ұлттық ерекшелігіміз деуге де болады. Айтайын дегеніміз, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар Қазақстанның қазіргі азаматтарының ғана емес, келер ұрпақтың да өркениетті, ашық, демократиялық әрі әділетті қоғамда өмір сүруіне, әрбір қазақстандықтың өзін осы елде қауіпсіз, әрі бақытты сезінуіне және ертеңгі күніне сенімді болуына кепілдік береді. Сондықтан 5 маусымда өтетін республикалық референдумға бәріміз біркісідей қатысып, саналы таңдауымызды жасауымыз керек.

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.