САЙЛАУҒА ҚАТЫС! ӨЗ ТАҢДАУЫҢДЫ ЖАСА! Избранное

Пятница, 25 Декабрь 2020 04:04 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 859 раз

ak5zeocy

«Парламенттің және жергілікті өкілді органдардың жаңартылған құрамы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық реформаларды сапалы әрі заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса мән береді.
Алдағы сайлау еліміздің саяси жүйесін жаңартуды қамтамасыз ететін саяси институттарды дәйекті түрде демократияландыруға және жаңғыртуға Қазақстанның аса ықыласты екенін тағы да бір дәлелдейтін болады.
Біздің ортақ миссиямыз – Қазақстанды өркендету, азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет ету. Қазақстан халқы аса маңызды тарихи сындарлы сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Халқымыз осы жолы да елімізді жан-жақты жаңғырту бағытындағы жаңа тарихи миссиясын лайықты атқарады деп сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліміз кемелдене түсіп, дамудың жаңа кезеңіне шығатынымыз анық.
Мемлекетіміздің барлық азаматтарын белсенді азаматтық ұстанымын танытуға, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың алдағы сайлауына ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын.

Қасым–Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.
(Мемлекет басшысының ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын
тағайындау туралы Үндеуінен. 21 қазан 2020 жыл).

Nur Otan

«Nur Otan»: Зауыт ұжымымен кездесу өткізді

Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының белсенді өкілдері «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан «HILL CORPORATION» компаниясының ұжымымен кездесіп, жұмысшыларға партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген маңызды бағыттарды түсіндірді.

Маторлық май өндіруші зауытта 300-ден астам адам еңбек етеді. Кездесу барысында «Nur Otan» партиясының алдағы бес жылда Шымкентте дамыту мен көркейту бағытында атқарылатын жұмыс жоспары баяндалды.
Өз кезегінде жұмысшылар көкейде жүрген сауалдарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, қаладағы көлік кептелісі, шалғай елдімекендердегі қоғамдық көліктің жайы, азық-түлік бағаларының тұрақсыздығы және баспана мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар көп балалы аналарға көмек көрсету, кәсіпкерлікті қолдауға қатысты проблемаларды көтерді.

 

67-2-1000x

«Ауыл» партиясы: Адвокаттар алқасына өз бағдарламасын таныстырды

Жуырда «Ауыл» партиясының өкілдері Шымкент қалалық адвокаттар алқасымен кездесу өткізіп, құқық қорғаушыларды өз бағдарламаларының негізгі бағыттарымен таныстырды.

—«Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасы бес бөлімнен тұрады. Біріншісі – «Ұлы мәдениет —жарқын болашақ» — өскелең ұрпақты дәстүрлі құндылықтар негізінде тәрбиелеу арқылы еліміздің дамуына ықпал ету. Екінші бағыт «Ауыл – елдің алтын бесігі» деп аталады. Яғни, партия ауылды негізгі моральдық-этникалық дәстүр ретінде қарастырады, ал, оның дамуы елдің толыққанды жаңғыртуының негізі деп есептейді. Үшінші бөлім — «Әлеуметтік даму – рухани прогресс негізі». Бұл бағыт бюджеттік сала қызметкерлерін әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету, сән-салтанатқа салынатын салық енгізу, медициналық көмектің сапасы бойынша ұлттық стандарттар құру мәселелерін қарастырады. Бағдарламада «Қазақстандық отбасыға нақты қолдау» және «Жастарға жол» дейтін бағыттар да бар, — деді партияның Шымкент қалалық филиалының төрағасы Қанатбек Досалиев.
Айта кетейік, бүгінде «Ауыл» партиясының 17 өңірлік және 177 аудандық штабы үгіт-насихат жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде.

 

КХП

ҚХП:  Халықты несиенің ауыртпалығынан арашалау керек

Қазақстан халық партиясы үгіт-насихат жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Партия өкілдері Шымкенттегі №1 қалалық аурухана ұжымымен кездесіп, дәрігерлерді өздерінің бағдарламасымен таныстырды.

Қазақстан халық партиясының мүшелері өздерінің бағдарламасы қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын жеткізді. «Әсіресе, мұғалімдер мен дәрігерлердің жағдайын жақсартуды басты назарға алып отырмыз. Өйткені, пандемия денсаулық сақтау саласына тың серпін керектігін көрсетті» дейді олар.
—Тегін білім алу, несиелік амнистия, зейнеткерлік жасын төмендету... Еліміздің тұрғындарын осы мәселелер қатты алаңдатады. Банктер беретін несиелердің үстемақысы тым жоғары. Бұл тұрғындарды қажытып бітті, қарызын өтей алмай жалғаз баспанасынан айырылып жатқан отбасылар бар. Біздің партия осы мәселеге ерекше назар аударады, деді – Қазақстан халық партиясының мүшесі Гүлайша Мүсілтаева.
Айта кетейік, партия атынан Мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде 113 азамат тіркелген болса, соның 6-уы шымкенттік кандидаттар.

 

Ак жол

«Ақ жол» партиясы: Медицинаның дамуына баса назар аударады

«Ақ жол» партиясының кандидаттары Шымкент қаласындағы «Медикер» медициналық бірлестігі ұжымымен кездесті. Кездесуге медициналық мекеменің дәрігерлері, қала жастары, партия мүшелері мен кәсіпкерлер қатысты.

«Медикер» медициналық орталығы 2015 жылдан бастап халыққа қызмет көрсетіп келеді. Мекемеде 350 медицина маманы қызмет атқарады.
Жиында «Ақ жол» партиясы Шымкент филиалынан Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер Тұран Әбжанов партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
– Биыл елімізді жайлаған COVID-19 індетімен жан аямай күрескен Сіздерге алғыс білдіремін. Өздеріңіз білесіздер, «Ақ жол» партиясы эпидемияны ескере отырып, дәрігер мен медицина қызметкерінің материалдық жағдайын жақсарту, сондай-ақ, ақ халатты жандардың кәсіби және адами қасиеттерін қорғау үшін олардың мәртебесі туралы арнайы Заң қабылдауды ұсынды. Сіздердің еңбектеріңізді біз әрқашан бағалаймыз және құрметтейміз, – деді
Тұран Әлімханұлы.
Айта кетейік, «Ақ жол» партиясының «Түбегейлі өзгерістер қажет» атты бағдарламасында елімізде терең саяси, экономикалық және әлеуметтік реформа жүргізудің бағыт-бағдарлары көрсетілген.

 

Адал

«ADAL» партиясы: Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізді

«ADAL» партиясының Шымкент қалалық филиалы үгіт-насихат жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Бұл жұмыс тек қан а партия бағдарламасын талқылауға арналған шаралардан тұрмайды. Сонымен қатар практикалық маңызы бар кездесулер де өткізілуде.

Осындай бірнеше жиын Шымкент қаласында өтті. Мысалы, «БАСТАУ» бағдарламасы түлектерінің екі конференциясы ұйымдастырылды. Конференцияға қатысушыларға кәсіп ашудың жолдары, бизнес-жоспарды қалай құру керектігі, бизнеске қолайлы орын табу және кәсіпкерлікке қатысты өзге де маңызды мәселелер бойынша кеңес берілді.
Партияның сайлауалды науқанының басты бағыттарының бірі – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Партияның Шымкент қалалық филиалы осы мақсатта бос орындарының жәрмеңкесін өткізді. Оған 12 жұмыс беруші қатысты. Олар 100-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды.
Айта кетейік, партия күнкөріс минимумын 60 мың теңге деп белгілеп, ең төменгі жалақы мен зейнетақыны және көпбалалы отбасылардың әр баласына берілетін жәрдемақыны осы мөлшерге жеткізуді ұсынады. Сондай-ақ, «адалдықтар» зейнетақы жасын 60 жас деп белгілеу керек деп есептейді.