×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Жастар саясатына – жаңа бетбұрыс Избранное

Пятница, 21 Апрель 2017 09:27 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4393 раз

Жасөспірімдерді қоғамдық қызметке тарту, белсенділігін ынталандыру – негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысындағы жоспарлы жұмыстардың жай-күйі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде кеңінен талқыланды.

DSC 3657Жиында қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков негізгі үш бағыт бойынша іс-шаралар жоспары түзілгенін мәлім етті. Яғни, алғашқы бағыт – бұқаралық спортты дамыту, білім беру мекемелеріндегі жастарды қолдауды көздесе, екінші бағыт – жастар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуды, үшіншісі – жұмыссыздықтың алдын алу, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталмақ. 

– Қала аумағында жалпы саны 240 мыңнан астам жас тіркелген, – деді Қанат Жұмағұл-ұлы. – Бұл – қала халқының 27 пайызын құрайды. Әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында тек өткен жылда 216 жас отбасы тұрғын үймен қамтылды. Жұмыссыз ретінде тіркелген 4212 жастың 2454-і тұрақты жұмысқа орналасты.

 

«I-mektep» құқықбұзушылық деңгейін төмендетеді

Жиында өзекті мәселе ретінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейінің көрсеткіштері сараланды. Атап айтқанда, өткен жылдың алғашқы 2 айында кәмелеттік жасқа толмағандар қолымен 30 қылмыс жасалған болса, биыл есепті мерзімде 48 қылмыс тіркелген. 

Өзекті мәселенің шешімін табу орайында, қала әкімдігі жуырда «I-mektep» электронды журналын пилоттық жоба ретінде іске қосқан еді.

Әкімдіктің прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірлесіп әзірлеген электрондық бақылау жүйесі ендігі жерде еліміздің өзге өңірлерінде де тәжірибеге енгізілмек. Аталмыш пилоттық жобаны жүзеге асыруды ҚР Парламентінің депутаттары ұсынып отыр.

DSC 3542

Қазіргі таңда «I-mektep» электронды жүйесі оқушылардың үлгерімі мен сабаққа қатысуын бақылау бойынша қала аумағындағы 29 мектепте жұмыс істеуде. Қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірханның айтуынша, электронды бақылау жүйесі оқушылардың үлгерімін арттыруға толық мүмкіндік береді.

– Оқушылардың сабаққа жүйелі түрде қатысуы – қылмыстық жағдайдың алдын алуда маңызды орын алады, – деді Данияр Мейірхан. – Бұл жүйе өз кезегінде, біздің ұзақ жылдар бойы атқарып келген қызметімізді едәуір жеңілдетіп, құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге айтарлықтай септігін тигізуде.

Шымкент қаласының мектептерінде қолданысқа енген аталмыш пилоттық жүйе ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Ішкі істер министрлігі тарапынан зерделеніп, ел аумағындағы өзге де орта мектептерде жүзеге аспақ.

Шымкентте жасөспірімдер спорт лигасы құрылады

Жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық деңгейін төмендетудің бірден-бір жолы – салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту. Осы орайда, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов спорттық ойын түрлерінен жастар спорт лигасын құруды ұсынды.

– Түрлі командалық спорт түрлері бойынша мектеп лигасын құрып, оны қаржыландыруда қаладағы ірі кәсіпкерлерді демеуші ретінде тартуға болады, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы. – Жеңімпаз деп танылған команда мүшелерін бағалы сый-сияпатпен марапаттап, Астана немесе Түркия қалаларына саяхаттауына мүмкіндік жасауымыз керек.

DSC 3696

Ол үшін жастардың қоғамдық қызметтерге белсенділігін арттыру және оларды жүйелі ақпараттандыру мақсатында әлеуметтік желілерді кеңінен пайдаланып, түрлі бағыттағы флешмобтарды ұйымдастыру күн тәртібіндегі алғашқы мәселе болмақ.

– Салауатты өмір салты және ізгі бастамалар трендке айналуы тиіс, – деді Ғ. Рахматоллаұлы. – Кеңес заманында, қарт адамдарға жәрдем қолын соза білген «тимуршылар» қызметін қазір де жандандыру керек. Бүгінгі идеология ретінде жастарға осындай бастамаларды ұсына аламыз.

Сондай-ақ, жиында ОҚМУ-нің ғимаратына қарсы бетте орналасқан, «Гарант» аталатын дүкен маңында ұялы телефондарды саудалаумен айналысатын азаматтардың мәселесі де сөз болды. Бұл орайда, қала әкімі жауапты сала мамандарына аталмыш орында бей-берекет әрекеттерді шектей отырып, ұялы телефондарын саудалаушы азаматтар үшін өз алдына жеке ғимаратты пайдалануға беруді тапсырды.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді. Берілген тапсырмалардың орындалу барысын өз қадағалауына алатынын жеткізді.

Последнее изменение Пятница, 21 Апрель 2017 09:41