Оңтүстік Қазақстан облыстық және Түркістан қалалық мәслихаттарынан шығып қалған депутаттардың орнына халық қалаулыларын сайлау науқаны 30 қазан күні аяқталып, жеңімпаз депутаттардың есімі белгілі болды. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
– 30 қазан күні өткен сайлау қорытындысы бойынша облыстық мәслихаттың депутаттығына Мақтарал ауданы №25 облыстық сайлау округі бойынша 93,7 пайыз басымдықпен (23695 дауыс) Джамалов Бауыржан Салдарұлы жеңіп шықса, Түркістан қалалық мәслихаттығына Түркістан қаласы №13 қалалық сайлау округі бойынша Мұстапаев Ержан Хабибуллаұлы 91,3 пайыз дауыспен (4913 дауыс) басым түсті. Сайлау ҚР сайлау туралы талаптарының заңына сай өткізілді, – деді Ә.Өмірәлиев.
Жалпы, кешегі өткен сайлауда облыстық мәслихат депутаттығы бойынша 25 мыңнан астам сайлаушылардың арасында 3 үміткер бақ сынаса, Түркістан қалалық мәслихатына 6,5 мыңнан астам сайлаушылардың ішінде 4 кандидат сынға түскен.