Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасында «Лайықты ұрпақ тәрбиелейік!» атты жаңа жобаның таныстырылымы өтті.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, ОҚО прокуратурасының басшылары және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты. Жобаны таныстырған облыс прокурорының орынбасары Мұрат Әлімбеков балалардың қадағалаусыз және қараусыз қалуларын, жасөспірімдердің қылмыс жасауларын төмендетуде, кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда маңызды екенін атап өтті.
Облыстағы жасөспірімдер қылмыстылығының ахуалы жауапты лауазымды тұлғалардың қатысуымен бірнеше мәрте қаралғанын айта кету керек. Алайда қолданылған шараларға қарамастан, жастар арасындағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Өңірде жасөспірімдер арасындағы қылмыс өзекті болып отыр. Бүгінде оңтүстік өңірінде 1 млн. 200 мыңнан аса бала тұрады. Бұл көрсеткіш республикамыздың барлық балалар санының 20 %-ын құрайды.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың орын алуына жол бермеу мақсатында прокуратура органдарының жанынан құрылған мобильдік топтар балалармен жұмыс істеуде.
Таныстырылымда облыс прокурорының орынбасары Мұрат Әлімбеков пен облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков аймақтың жағдайын жақсарту және жасы кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында Жол картасын бекітті.