АЛЛАДАН КЕЙІНГІ ШЫН ШЕБЕР

Среда, 23 Сентябрь 2020 03:57

755

Қос ана бауыр еті баласына бүйрегін жұлып берді

Қазығұрттық Гүлжанат ұлы Бейбіттің бүйрегі ауырып бастағалы өзін қоярға жер таппады. Шыбын жаны шырылдағанда баласына барын беруге дайын еді. Қайтсін-ай, бауыр еті баласы ғой. Әрі-беріден донор іздестіріп көрді. Табылмасын сезгенде «өзімдікін беремін» деп тастүйін шешімге келді.

Ананың мейірімі шексіз. Осыдан кейін Алладан кейінгі шын шебер ана дегенмен келіспеске лажың жоқ. Олай етпесе, Бейбіті небары 33 жасында көз алдында гүлдей солып бара жатыр. Болмады, болмаған соң дәрігерлерге «менің бүйрегімді алып, балама салыңдар. Баламды аман алып қалсаңдар болды» деп жалынды.
Әрине, мұндай отаны жасау үшін білікті маман қажет. Ал, Шымкенттегі қалалық №1 клиникалық аурухананың дәрігерлері бүйрек ауыстыру операциясына әбден машықтанып қалған. Трансплантацияның қыр-сырын меңгерген мұндағы дәрігерлер 2013 жылдан бері 160 бүйрек пен 21 бауыр алмастыру операциясын жасағандар.

Гүлжанат Ибраева Қазығұрт ауданынан баласы Бейбіт Сидазимовты дәл осы ауруханаға әкелгеніне өкінбейді. Ә дегенен-ақ, дәрігер-хирургтар Вячеслав Ли мен Сабитхан Байтеміров науқастың жағдайын жіті зерттеп, операцияға дайындады. Бұл орайда 55 жастан асқан Гүлжанаттың да жағдайы қатаң бақылауда болды. Бауыр еті баласына бір бүйрегін жұлып бергелі отырған ананың денсаулығына кінәрат келмеуі қажеттігін дәрігерлер жақсы білетін.
Енді міне, талай ұйқысыз түндер мен уайыммен өткен күндер артта қалды. 33 жастағы Бейбіт Сидазимовтың екі жылдан бері тартқан азабынан анасы құтқарып отыр. Төсек тартып, гемодиализ аппаратымен өмір сүріп келген Бейбітке дәрігерлер анасының бір бүйрегін салды.
Бейбіт қана емес, бұл күні Шымкенттің іргесіндегі Жаңаталапта тұратын Асылбек Түймебай да қуанышқа бөленді. Ол да талайдан бері бүйрегі істемей аурудың зардабын тартып жүрген-ді. Шырылдаған анасы Аққыз апа баласына доннор болып, бір бүйрегін берді.
Екі сағатқа созылған бүйрек ауыстыру отасын сәтті аяқтаған дәрігерлерді көргенде туыстары қуаныштан көзге жас алғаны бар.
Күрделі операцияны жүзеге асырған хирургтар Вячеслав Ли мен Сабитхан Байтеміров қызмет атқаратын Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында мұндай оталарды жасауға барлық жағдай қарастырылған. «Аурухана материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықталған. Мұнда ағзадағы органдарды ауыстыру жағынан тәжірибесі мол мамандар жұмыс істейді. Ауруханадағы гемадиализ орталығында бүйрек алмастыру отасын қажет ететін 400-ге жуық науқас есепте тұр. Донор табылған жағдайда білікті мамандар науқастарға трансплантация жасауға дайын» дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Лайым солай болсын. Десек те, баласы үшін жаны жаулығының ұшына түюлі аналардың мейрімі шексіз сонда да. Жарық дүние сыйлағаны аздай, енді міне, ажалдан да арашалап қалып отыр. Бала бауыр еті. Аналар жылап, балалар ауырмастай болсыншы, лайым.

Бір ескерткіштің сыры

Пятница, 11 Сентябрь 2020 05:29

6878e4cf3dc693cb60c76b2e2cc3205a

Даңқты Чугуев мектебі Шымкентке қалай көшірілді?

Шымкентте Абай саябағында 2010 жылы Даңқ Мемориалды кешені салынды. Сол жылы 9 мамырда ашылуы салтанатты жағдайда өткен ескерткіштер кешені Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне қойылған. Әскери комиссариаттың мәліметі бойынша алғашында соғысқа аттанған 90 мың боздақтың есімі мәрмарға ойылып жазылды. Кейін бұл тізім қайта сараланып, ұмыт қалған азаматтар түгелденіп, қазір 145 мың ардагердің есімі жазулы. Майданға өңірімізден аттанғандардың 60 мыңнан астамы елге қайта оралмаған.

 

Kozhedub

 

Соғыстағы ерен ерлігі үшін 51 жаужүрек жерлесімізге Кеңес Одағының Батыры, «Даңқ» орденінің иегері атағы берілді.
Дегенмен, бүгінгі айтпағымыз бұл емес. Елді қызықтыратыны Даңқ Мемориалды кешені аумағында тұрған ұшақ (самолет) ескерткіші. Шынында бұл ескерткіш не үшін қойылған? Шымкент пен бұл ұшақты не байланыстырады?
...Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ шымкенттік авиаторлардың (азаматтық авияция) жеке құрамы майданға аттануға сақадай сай тұрды. Майданға өз ұшақтарымен (ПО-2) алғашқы болып аттанғандар да солар. Қала аэродромында сол кездегі 35 ұшақтың тек екеуі қалады. Айта кету керек, Шымкент аэродромы жанынан 1940 жылы құрамында «ПО-2» 15 ұшағы бар арнайы эскадрилья құрылған болатын.
Ал, аэродром аумағы көнекөз қариялардың айтуынша қазіргі әл-Фараби алаңындағы орыс Драма театры ғимараты орналасқан тұстан басталып, «Шымкент» қонақ үйі, «Акация» гүлдер сауда орталығы, орталық емхана ғимараттары орналасқан аумақты толық алып жатқанға ұқсайды. Чугуев әскери-авиация мектебін осы жерге көшірген. Ендігі әңгіме сол жайында. Ол үшін архив құжаттарын арнайы ақтардық.
Фашист-басқыншылардың ұшақтары Харьковтың аспанында жиі көріне бастайды... Әсіресе, Чугуев әскери-авиация мектебі (училище атауы кейін берілген) үстінен жау ұшағының торуылы көбейді. Аңдыған жау алмай тыңбайтыны ақиқат. 1941 жылдың 30 қазанында жау әскері Чугуев базасын ақыры бомбалай бастады. Бірақ, жау әскері кеш қалды. Әйгілі авиабаза, авиация мектебі Орта Азияға, Қазақстанға, оның ішінде Шымкентке әлдеқашан көшіп кеткен-ді.
Мектеп түлегі, соғыс ардагері Павел Андреевич Щербиннің естеліктерінен үзінді келтіре кетейік.
«Біз авиация мектебін 1940 жылдың желтоқсанында бітірдік. Соғыс басталғанын ести сала майданға аттануға бұйрық күтіп, толқып жүргенбіз. Мықты деген ұшқыштарды, ұшу әдістемелерін, ұшақтың құрылысын, құрылғыларын жақсы меңгергендерді ұзақ әңгімелесуден соң инструктор етіп қалдырып жатты.

 

1399350831


Не керек, 1941 жылдың 16 қыркүйегінде Чугуев мектебін тез арада Қазақстанға, Шымкентке көшіру туралы бұйрық түсті. Командирлер мен мектебіміздің штабы шұғыл түрде арнайы екі бағыттық жоспар құрды. Әскери және оқу-жаттығуға арналған И-16, және УТИ-4 ұшақтары ұшып барады. Бұл дегеніңіз 300 ұшақ. Бүтіндей бір әуе армиясы! Олар Уразов—Старый Оскол—Воронеж-Борисоглебск бағытымен баратын болды.
Қалған УТ-2, У-2 ұшақтарын пойызбен жеткізуіміз керек. Осылайша Харьков—Балашов—Красный Кут—Уралск—Актюбинск бағыты бойынша жолға аттандық. Ұзақ жүрдік. Жол бойы станцияларда бізге қарсы бағыттарда әскери техникалар мен жауынгерлер эшалондары кездесіп жатты. Эвакуацияланған тұрғындар. У-шу, ертеңміз не болар екен, қайда бара жатырмыз? Шымкент деген қандай жер? Мида маза жоқ. Лажы болса соғысқа аттануға жалындап тұрмыз. Неге енді бізді ұшқыштар дайындауға жіберді екен... Не керек, түрлі ойдың шырмауымен Қазақстанның оңтүстігіне де келіп жеттік. Шымкенттіктер өте қонақжай болып шықты. Аймақтың климатын біз жатырқамадық. Өз үйіміздегідей күй кештік. Дегенмен, құрғақшылық пен аңызақ желден айнала шаң-тозаңданып кететініне алғашқы кезде үйренісе алмағанымыз рас. Палаткаларда тұрдық.
1941 жылдың 28 қазанында алғашқы оқу-жаттығу ұшуды Шымкент аэродромында бастап кеттік. Осылайша жылдың соңына дейін көптеген қиындықтарға қарамастан мен 10 ұшқышты майданға дайындадым».
Чугуев әскери-авиация мектебінің 6 эскадрилясы 28 күн жүріп, оның 11 күнін жаяу жүріп Шымкентке осылай жетеді. Эскадриляның бәрі де Шымкентте орналасқан жоқ. Нақтылап айтар болсақ, олар Түркістан қаласында, Арыс, Манкент, Сайрам ауылдарында, Бадам станциясында және Тараз қаласына жақын маңдағы сол кездегі Голочаевка елдімекенінде болды.
Шымшаһардың өзінде 2,5 мың курсант, 269 ұшқыш, механиктер мен авияция саласының кіші мамандарына жатар орын табу қиынға түсті. Мектеп түлектерінің естеліктерінен оқып білгеніміздей оларға Долорес - 18 (қазіргі Желтоқсан) көшесіндегі ғимаратты босатып беруге тура келген. Тіпті қалалық атқару комитетінің 1941 жылдың 22 қазанындағы шешімімен Чернышевский-8а (қазіргі Ж.Адырбеков) көшесіндегі баскондидер ғимаратын, ПромБанк және «Правда Южного Казахстана» газеті редакциясының ғимараттарын да босатып берген.
Көшірілген Чугуев әскери-авиация мектебінің инструкторларының бірі, кейіннен даңқты ұшқыш ретінде танымал болған, Кеңес Одағының үш мәрте батыры атанған Иван Никитович Кожедуб болатын. Ол өзінің «Верность Отчизне» атты кітабында Шымкентке келген кезін былайша баяндайды:
«Чугуевтан біз күздің суық күнінде ұшып кеттік. Шымкентке келсек – ыстық. Қапырық. Айнала шаң. Көптен бері жаңбыр жаумағаны байқалады.
Шымкент аэродромында ұшақтарды құрастыру, онымен Манкентке ұшып бару міндеті тұрды. Эскадрилямыздың негізгі базасы сонда болды.
Әрине, жұмыс істеуімізге бәрі де ыңғайлы болды дей алмаймыз. Қиындықтар көп болды. Алқаптардан бастап таудың ұшар басына дейін зерттеу үшін ұшып көрдік. Аэродромның айналасында мақта алқабы, айналада арық-атыздар, біртіндеп жасыл желекке оранған айналаға көз үйрене бастады. Бірақ, бізді аэродромның өзі алаңдатумен болды. Қиыршық тас топырақпен араласып кеткен. Ұшқан кезімізде аэродромды шаң басып қалатын. Көкке бізбен бірдей көтерілген шаң-топырақ көпке дейін басыла қоймайтын. Мұндай жағдайда ұшақтардың моторы қызып кете беретін. Іші-сыртын топырақ шаң басқан ұшақтардың кей жерлері сыр бере бастады. Техника ғой.
Біз, инструкторлар ұшқыштар даярлаумен айналыстық. Курсанттар үйренгенін тезірек тәжірибе жүзінде қолданып көрмесе ұмытып қалады. Сондықтан да күні-түні жұмыс істедік. Күндіз теориалық сабақты қайталаймыз, түнде ұшамыз. Курсанттарды И-16 ұшағында үйреттік. Күні-түні оқытқан сайыпқыран ұшқыштарымыз майданға аттанып жатты. Мектебімізге түлектеріміздің дайындығының мықтылығы жөнінде майданнан алғыс хаттар келе бастады. Шынымды айтсам, майданға кеткім келді. Жауға қарсы күресте жан аянып қалмасымды білемін. Бірақ, әркез менің өтінішіме «ЖОҚ! СЕНІҢ МІНДЕТІҢ МЫҚТЫ ҰШҚЫШ ДАЙЫНДАУ!» деген жауап алып отырдым.» дейді И. Н. Кожедуб.
Жалпы Чугуев мектебі Шымкентте болған 3 жыл 8 айдың ішінде майданға 2515 ұшқыш-бомбалушыны даярлаған. Мектепте 22 ұшақ болды. Курсанттарды И-16, УТ-2, УТИ-4, У-2 ұшақтарында жаттықтырды. Курсант дайындаған инструкторлар қатарында И.Кожедубтан өзге А.Е.Боровых, А.А. Ворожейкин, А.М. Голубоев, А.Х.Клубев, В.Д. Лавриненков, В.Н. Попков, В.В.Сенько болды. Есімдері аталған инструкторларды қосқанда Шымкент мектебінен майданға аттанған 160-тан астам ұшқыш кейін Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олар дайындаған 30 ұшқыш майданда жаудың төбесінен жай түсіре шабуыл жасаса, 11-і даңқты Гастеллоның ерлігін қайталаған.
Ал, И.Н.Кожедуб 1942 жылдың қараша айында 240-шы авиациялық полкке алынып, Иванов қаласында жасақталған 302-ші авиациалық дивизия құрамына енеді. Бұл кезде зауыттан жаңа шыққан ЛА-5 ұшағын сынақтан өткізу жұмыстары жүріп жатқан. Кожедуб дәл осы ұшақпен Воронеж майданына 1943 жылы аттанады. «Мен майданға қашан барамын?!» деген оның арманы осылайша орындалды.
...Жеңіс туы желбіреген шақта Чугуев мектебін Харьковке қайта көшіру ісі бірден-ақ қолға алынды. Атап айтқанда 1945 жылдың 13 мамыры күні Шымкент темір жол станцасынан алғашқы эшолон жолға шықты. Эвакуация үшін 116 вагон қажет болды. Олар 13 тәулік жол жүріп, 2 маусым күні Чугуевке жетті. Әрине, бұл кезде қаланың тас-талқаны шыққан, соғысқа дейінгі қалпынан ештеңе де қалмаған еді...
Ал, 1945 жылдың қыркүйегінде Чугуев мектебіне әскери авиация училищесі деген мәртебе берілді.
Шымкенттіктер соғыс жылдарындағы Чугуев мектебін, онда даярланған ұшқыштардың майдан даласындағы ерлік істерін ұмытқан емес. Сондан да болар, 1975 жылы сол кезде Юбилейный аталатын (қазіргі Тәуелсіздік саябағына бастайтын Алтын көпір орналасқан жарқабақ маңы) даңғыл бойынан ұшақ ескерткішін орнатты. Әрине, бұл кезде Чугуев мектебінің курсанттары оқу-жаттығу жасаған нағыз И-16, УТ-2, УТИ ұшақтарын табу мүмкін емес еді. Сондықтан ескерткіш ретінде авиабазада есептен шығарылған ескі СУ-7 ұшағын алып ескерткіш ретінде орнатуға шешім қабылданды.
Кейбір деректерде осы ескерткіштің ашылу салтанатына Кеңес Одағының үш мәрте батыры атанған Иван Никитович Кожедуб арнайы келді деген мәлімет бар. Анығында ол ескерткіштің ашылу салтанатына дейін Шымкентке келіп кетеді. Сайрамда, Манкентте болып, бұрын өзі оқу-тәжірибе сабақтарын өткізген авиабазалардың орнымен танысып қайтады. Бұл жайлы сол жылдардағы тележурналист Юрий Шпилькиннің жазбаларында айтылады.
Еліміз Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардың басында «Самолет» ескерткіші тұрған Ордабасы алаңын қайта жаңғырту, көгалдандыру жұмыстары қарқынды түрде қолға алынғанымен ескерткіш орналасқан қыр базарға айналды. Ол «Самолет» базары деп те аталды. Бұған қарсылық танытушы шымкенттік зиялы қауым өкілдері аз болмады. Олардың бір қатары Чугуев мектебі түлектері үшін қойылған ескерткіштің аяқ асты болғанын алға тартса, енді бірі Шымкенттің көне тарихы – қаланың Цитаделі аяқасты болды деп дабыл қақты. Археологтар жеті қат жер астында сыр бүккен талай тарихымыздың жатқанын, тіпті адам сүйектері барын айтумен болды. Бірақ, тоқсаныншы жылдардың алғашқы бес, он жылдықтарындағы экономикалық, әлеуметтік қиындықтар биліктің де халықтың да рухани байлықты сақтау, қадірлеуге мұршасын бергізбегені тағы да рас.
Уақыт өте келе бәрі де өз орнына келді. Базар жабылды. «Самолет» ескерткіші Абай саябағына көшірілді. Ал, 2010 жылы осы саябақты қайта қалпына келтіру, әсіресе соғыс ардагерлерінің құрметіне Даңқ мемориалды кешен салу жұмыстары жүзеге асқанда өңір тұрғындары қатты қуанды. Қаншама азаматтың есімдері тасқа жазылып, ұрпағы аталарын еске алып, тағзым ететін орынға айналды.
Шымкент қаласының көне тарихи орны да қамқорлыққа алынды. Цитадельдің орнында археолог-тарихшылар зерттеу жұмыстарын жүргізді. Белгілі журналист-тарихшы Кеңесбай Исмайлов өз естеліктерінде былай деп жазады: «Ғалымдар құрлықтық зонаға дейін 17 метр қазып, осы жерде 2200 жыл бұрын қоныс болғанын айғақтайтын артефактілерді тапты. Яғни, Шымкент қаласының жасы ресми дәлелденді» .
Шымкент – көне мен жаңа бір-бірімен біте қайнасып, үйлесім тапқан шырайлы қала. Шаһардағы әрбір көшенің, әрбір ескерткіштің, әрбір ғимараттың өз тарихы бар. Шерте білсек талай шежіре жатыр. Біз бүгін оқырманға соның бірі – «Самолет» ескерткіші туралы ғана сыр шерттік.

 

Жәмила МАМЫРӘЛІ

 
Страница 8 из 8