Альбина ЕЛШИЕВА, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, бюджет және экономикалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы: ШЫМКЕНТ – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫН АЛҒА СҮЙРЕЙТІН ӘЛЕУЕТКЕ ИЕ Избранное

Среда, 20 Июль 2022 04:25 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3674 раз

– Альбина Балғабайқызы, Шымкент республикалық мәртебеге ие болған 4 жылдың ішінде қаланың бюджеті 4 есе көбейді. Соның ішінде бюджеттің жергілікті кірістері 2,5 еседей артқаны айтылып жүр. Әрине, бұл жақсы көрсеткіш. Бірақ, қала қашан өз шығындарын өзі жауып, дотациялық өңір атанудан құтылады? Әкімдіктің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарын қалай бағалайсыз?

–Шымкенттің республикалық статусқа ие болуы шаһардың экономикалық дамуына оң ықпал еткені сөзсіз. Мәселен, осы төрт жылдың ішінде 1.5 триллион теңге инвестиция тартылған. Биыл да 500 миллиард теңге инвестиция құйылады деп жоспарланып отыр. Бұрын қалаға мұндай көлемде қаржы келмеген. Бүгінде Шымкент инвестиция көлемінің өсімі бойынша республикада бірінші орында тұр.

157

 

Бұл жағдай қалада құрылыс, өнеркәсіп пен шағын-орта бизнестің дамуына жол ашты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2018 жылдан бері 60 пайызға өсіп, 785 миллиард теңгеден асты. Осы мерзімде 2.6 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Оған қоса салық базасы кеңейтілді. Осының бәрінің арқасында қала бюджетінің жергілікті түсімдері де көбейді. Шымкенттің 2022 жылға арналған бюджеті 573 миллиард теңге болса, соның ішінде 200 миллиардтан астамын жергілікті түсімдер құрайды. Қалғаны республикалық бюджеттен келетін трансферттер мен субвенциялар.
Менің ойымша, Шымкент республикалық бюджетке қол жайып отырудан құтылып, өз шығындарын өзі өтейтін, тіпті, ел экономикасын алға сүйрейтін ірі орталық болуы тиіс. Оған қажетті потенциал бар. Ал, сол әлеуетті қалай пайдаланып жатырмыз, қала экономикасын дамыту үшін әкімдік пен мәслихаттың және бизнестің бірлесіп істеп жатқан жұмысын қалай бағалауға болады дегенге келсек, жалпы бағыт дұрыс. Әрине, адами фактордың әсерімен орын алатын кемшіліктер жоқ емес, бірақ, әкімдіктің ұстанған бағыты дұрыс екенін жоққа шығаруға болмайды.
Мұның дәлелі ретінде қалада 3 индустриалды аймақтың құрылысы жүріп жатқанын айтуға болады. «Жұлдыз» индустриалды аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, құрылыс өнеркәсібі мен жиһаз жасау бағыттары дамыса, «Бозарық» индустриалды аймағы тамақ өнеркәсібіне маманданады. Ал, жекеменшік «Стандарт» индустриалды аймағында шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасалады.
Бүгінде «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймақтардың табысты жұмыс істеп, онда нақты тауар өндіріліп, мыңдаған адамдар еңбек етіп жатқанын ескерсек, бұл тиімділігін уақыттың өзі дәлелдеген жоба. Оған қоса, Шымкентте 2025 жылға дейін жүзеге асатын инвестициялық жобалардың пулы жасақталған. Оған жалпы құны 2.6 триллион теңгенің 242 жобасы еніп отыр. Демек, Шымкент орнықты экономикалық дамуға бет алды деп айтуға болады.

–Қала бюджетінің басым көпшілігі ағымдағы шығындарға жұмсалатыны белгілі. Дегенмен, біршама қаржы даму бюджеті ретінде қарастырылып отыр. Биыл даму бюджеті қаланың, тұрғындардың қандай мәселелерін шешуге бағытталған?

–Шымкенттегі ең өзекті мәселе – қаланың шеткі шағын аудандары мен тұрғын алаптарының жағдайы. Маятасқа, Тассайға немесе Қайнарбұлаққа барсаңыз, ол жерлерді қала деп айтуыңыз қиын. Шеткі шағын аудандардың көбісі әлі ауылға көбірек ұқсайды. Шешілмеген мәселесі өте көп. Мәселен Сайрам тұрғын алабында ауыз су әліге дейін сағатпен беріледі. «Шымкент заманауи мегаполиске айналды» деп мақтанып айтқанымызбен, ондағы жағдай қаланың бұл статусына сай емес. Сондықтан депутат ретінде, бюджет және экономикалық даму жөніндегі комиссияның төрайымы ретінде бірінші кезекте осы мәселелерге басымдық беріліп, қаржы бөлінуіне ықпал етіп келемін.
Жалпы, даму бюджетінің көлемі жалпы 123 миллиард 800 миллион теңге. Бұл қаланың жалпы бюджетінің шамамен 21 пайызын құрайды. Бұл қаржының елеулі бөлігі энергетика басқармасына берілген. Яғни, 42 миллиард 700 миллион теңге халықты таза ауыз сумен қамту, кәріз жүйесімен, сапалы электр қуатымен және табиғи газбен жабдықтауға, жалпы, инженерлік-инфрақұрылымды жетілдіруге және жылу энергетикасын дамытуға жұмсалады.
Тағы 56 миллиард 512 миллион теңге құрылыс басқармасы арқылы тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-инфрақұрылым салуға, елді мекендерді абаттандыруға, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, төтенше жағдайлар салаларына қажетті нысандар мен өзге де әлеуметтік нысандарды салуға жұмсалып отыр.
Оған қоса жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы 24 миллиард 636 миллион теңге қаланың көлік инфрақұрылымы мен жолаушылар тасымалы саласын дамытуға бағытталған.

–Өзіңіз жетекшілік ететін тұрақты комиссияның жұмысы туралы да айтып берсеңіз...

–Шымкент қалалық мәслихатының бюджет және экономикалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясы бюджеттің жобасын, оған қатысты мәселелерді қарауға тікелей қатысады. Біздің міндетіміз – бюджетті жоспарлау барысында қазына қаржысының басым бағыттарға, бірінші кезектегі мәселелерге жұмсалуына ықпал ету және орынсыз, тиімсіз, басы артық шығындар болған жағдайда оларды оңтайландырып отыру.
Мәселен, 2021 жылдың бірінші жартысында қаланың бюджеті 2 рет нақтыланып, жалпы, 94 миллиард теңгеге ұлғайды. Біз бюджетті нақтылау барысында сайлаушыларымыз көтерген мәселелерге қаржы бөлініп, проблемалардың шешілуіне атсалыстық. Депутаттық сауалдарда көтерілген мәселелерді шешуге 20 миллиард 500 миллион теңге қаржы бөлінуі сөзіміздің айғағы бола алады.
Салық төлеуші төлеген қаржының әрбір тиыны мақсатты, тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету – ортақ міндетіміз. Сол себепті бюджетті жоспарлау кезінде қандай да бір кемшіліктер орын алса, біз оларды дер кезінде түзеп отыруға ұмтыламыз.

–Соңғы жылдардағы ең үлкен кемшілік ретінде нені айтуға болады?

–Қазір жол немесе өзге де нысандарды салу үшін мемлекет мұқтаждығына жер телімдерін сатып алуға өте көп қаржы жұмсалып жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, 2021 жылы 482 жер телімін алуға 8 миллиард 394 миллион 546 мың теңге жұмсалды. Ал, биыл 139 жер теліміне 2 миллиард 169 миллион теңге бөлінді. Жекеменшік иелері бұл жерлерді мемлекеттің қалай да алуы керектігін біліп алған. Сот арқылы өздерінің меншік құқықтарын қорғап, бағасын барынша қымбаттатуға тырысады.
Бұған тұрғындарды кінәлай алмаймыз. Бұған жергілікті билік кінәлі. Негізінде бұл жерге инфрақұрылым нысандары түсетіні қаланың бас жоспарында көрсетілген. Соған қарамастан бұл жер телімдерін уақытында мемлекет мұқтаждығына қайтарып алмаған. Егер ертерек алғанда қаланың бюджеті мұндай шығынға ұшырамас еді.

–Депутаттың негізгі міндеттерінің бірі – сайлаушылармен үнемі кері байланыста болу. Сіздер, яғни, жетінші шақырылымдағы депутаттар партиялық тізіммен сайланғандықтан, яғни, нақты бір округтің атынан өкілдік етпегендіктен, сайлаушылармен байланыстарыңыз аздау, олардың алдындағы жауапкершіліктеріңіз де жеңілдеу шығар? Әлде олай емес пе?

–Жауапкершілік жеңіл немесе тұрғындармен кері байланысымыз аз деп айта алмаймын. Иә, біз еліміздің сайлау заңнамасына сәйкес, мәслихатқа партиялық тізім арқылы сайландық. Бірақ, бұл мүлде сайлау болмады немесе іріктеуден өтпедік деген сөз емес. Сайлаудың алдында партияішілік іріктеу – праймериз болды. Біз соған қатысып партия мүшелерімен, қала тұрғындарымен кездесіп, оларды мазалайтын мәселелермен танысып, солардың дауысын алдық. Қазір де сол сайлаушылармен тұрақты байланысымыз үзілген жоқ. Мәслихаттың мінберінен олар көтерген мәселелердің өзектілерін қозғап отырамыз. Оған қоса мәслихат хатшысы Бахадыр Мәдәліұлы Нарымбетовтың бастамасымен жетінші шақырылымдағы барлық депутаттарға шағын аудандар мен тұрғын алаптар немесе орталықтағы көшелер бөлініп, бекітіліп беріліп, сол жердің тұрғындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу жүктелген.
Бюджет және экономикалық даму жөніндегі комиссияға мүше 5 депутат өткен жылы сайлаушылармен 108 кездесу мен 58 жеке қабылдау өткізді. Онда көтерілген мәселелер бойынша құзырлы органдарға 36 депутаттық сауал жолданып, азаматтардың мәселелері оң шешілді. Тағы 89 мәселе бойынша заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жеке өзім айына 4 рет азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап тұрамын. Нақтырақ айтар болсақ, әр айдың бірінші және үшінші сейсенбісінде сағат 16:00-ден 17:00-ге дейін Шымкент қаласы Н.Назарбаев даңғылы №10 мекен жайында орналасқан Шымкент қаласы мәслихат аппаратында және әр айдың екінші және төртінші сәрсенбі күні сағат 16:00-ден 17:00-ге дейін Шымкент қаласы, Бейбітшілік көшесі №3 ғимаратында орналасқан «AMANAT» партиясының Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалында жеке қабылдау өткіземін. Келіп пікір алмасамын, ой бөлісемін, өзекті проблемаларды қозғаймын деген кез келген азаматқа есігіміз ашық.

–Әңгімеңізге рахмет!