Еркін САТҚАНБАЕВ, Шымкент қаласы бойынша референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың төрағасы: ОТАН, ТАРИХ ЖӘНЕ КЕЛЕР ҰРПАҚ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ БІРЛЕСІП КӨТЕРЕЙІК Избранное

Среда, 18 Май 2022 04:16 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 1738 раз

– Еркін Тұрниязұлы, референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың құрылудағы мақсаты және оның қазіргі жұмысы туралы айтып беріңізші...

– Біз өткен отыз жылда тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, халықаралық қауымдастықта өз орнымызды иемденіп, аумақтық тұтастығымыз бен ұлттық қауіпсіздігімізді бекемдеп, ұлттық экономикамызды біршама бекемдеуге қол жеткіздік. Дегенмен, елдің дамуы барысында өзекті мәселелердің туындағаны, қоғамда түрлі қайшылықты көзқарастардың қалыптасқаны да жасырын емес. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түбегейлі реформаларды қолға алып, елде әлеуметтік әділеттілік орнату бағытында жұмысты бастады. Осынау түпкілікті өзгерістерді құқықтық тұрғыда негіздеу үшін Конституцияның 33 бабына өзгерістер енгізілетін болды. Демек, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, бұл – тәуелсіз Қазақстанның даму тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы.

526

 

Бұған дейін Ата Заңымызға енгізілген өзгерістер Парламент арқылы бекітіліп отыратын еді. Әрине, ол да заңды механизм. Алайда, бұл жолғы өзгерістердің ауқымы мен сипатын ескерер болсақ, Президенттің республикалық референдум өткізу жөніндегі бастамасы – құптарлық әрі орын шешім деп есептеймін. Себебі, елімізде биліктің қайнар көзі халық деп танылғандықтан, республиканың негізгі заңын қабылдау кезінде халықтың ойы мен еркі ескерілгені жөн.
Байыппен қараған адам бұл тек құқықтық реформа емес, Қазақстанның дамуына, әр адамның өмір сүру сапасына, тіпті тағдырына әсер ететін, еліміздің ертеңгі болашағын айқындайтын мәселе. Осыны ескере отырып, біз –
Қазақстанның азаматтық қоғамының белсенді өкілдері, референдумды қоғамдық қолдаудың қалалық штабына топтастық. Біздің қатарымызда саяси партиялардың, Шымкент қалалық Азаматтық альянсының, жетекші үкіметтік емес ұйымдардың, жастар мен ардагерлер қауымдастықтарының, этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ғалымдар, блогер мен журналистер және тағы басқалар бар.
Штаб мүшелері бірнеше жұмысшы топқа бөлінді. Олар халық арасында конституциялық өзгерістердің бағыт-бағдарын түсіндіру және азаматтардың бұл мәселелерге қатысты ұсыныстары мен пікірін тыңдап, оны зерделеумен айналысып жатыр. Жалпы, референдумға дейін Шымкент қаласында орналасқан жоғары оқу орындарында, мекемелер мен ұйымдарда, өндірістік кәсіпорындарда және шалғай елді мекендер мен шағынаудандарда халықпен 200-ге жуық кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде күн сайын бірнеше кездесуден өткізіп келеміз. Сол жиындарда байқағаным, азаматтардың конституциялық реформаларға деген қызығушылығы жоғары екені байқалады.

– Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістердің барлығын жеке-жеке айтып шығу мүмкін емес шығар. Сонда да негізгі бағыттарын атап көрсетсеңіз...

– Бұл жерде мына бапқа енгізілетін өзгеріс маңыздырақ, ал мына баптың маңызы төмен деп айтуға келмейді. Мұндағы 33 баптың қай-қайсысы да ерекше маңызға ие. Әрі баптардағы бұл өзгерістердің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Мәселен, билік тармақтарының арасында өкілеттілікті қайта бөлу, Парламенттің құзіреті мен рөлін күшейтуге бағытталған бірнеше бап бар. Соның бірі өзгермей қалса, реформа мақсатына жетпей, басқа өзгерістердің мәні қалмас еді. Сондықтан азаматтардың барлығын референдумда дауыс беруге барардан бұрын ресми ақпарат құралдарына жүгіне отырып өзгерістермен танысып шығуға кеңес берер едім.
Ал негізгі бағыттарға келер болсақ, Ата Заңымызға енгізілгелі отырған бұл өзгерістер Қазақстанды суперпрезиденттік басқару жүйесінен президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшіруді көздеп отыр. Ендігі жерде биліктің бәрі бір адамның қолына шоғырланбай, шешім қабылдау мен басқару функцияларының үлкен бөлігі Парламент Мәжілісінің құзіретіне беріледі. Сайып келгенде бұл елімізде партиялық жүйенің дамуына, сол арқылы атқарушы билікті бақылап, халықтың атынан одан есеп алып отыратын ықпалды көппартиялы Парламенттің қалыптасуына жол ашады.
Маңызды өзгерістердің бірі ретінде Президенттің туған-туыстары мен отбасы мүшелерінің лауазымды мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың басшылығына қызметке тұра алмайды деген норманы айтуға болады. Бұл халықтың билікке деген сенімін нығайтуға, коррупция мен олигархизмнің кеңінен таралуына жол бермейді деген сенім бар.
Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, сонымен қатар, жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамытуға ықпал етеді. Бұл жерде әңгіме мәслихат депутатарының партиялық және можаритарлық аралас сайлау моделі арқылы сайланатын жөнінде. Яғни, депутаттардың тең жартысы саяси партиялардың тізімі арқылы сайланса, қалған жартысын бір мандаттық округтер арқылы тұрғындардың өзі сайлайды.
Жергілікті өкілетті органның маңызы мен рөлін арттыра түсетін тағы бір норма бар. Ол бойынша қала әкімін тағайындар кезде Президент мәслихаттың қарауына бұрынғыдай бір ғана кандидатты емес, баламалы түрде кемінде екі немесе одан да көп кандидат ұсынады. Іс жүзінде кімнің әкім болып тағайындалатынын халық сайлаған мәслихат депутаттары шешеді. Бұл Конституциядағы «Биліктің қайнар көзі – халық» деген қағидаға толығымен сай келетін норма дер едім. Бұған қоса Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың арасында жер мен оның қойнауындағы қазба байлықтардың иесі халық екенін бекітетін, өлім жазасын қолдануға түпкілікті тыйым салатын бап тар да бар.

– Иә, республиканың негізгі заңына енгізілетін өзгерістердің тарихи маңызға ие екені сөзсіз. Осы орайда Шымкент қаласының тұрғындарына, газет оқырмандарына айтар тілегіңіз бар ма?

– Қазақстанда қордаланып қалған мәселелерді шешу, елімізді дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстарды атқару және келер ұрпаққа өркениетті, құқықтық-демократиялық, қауіпсіз әрі өмір сүруге жайлы мемлекет етіп қалдыру – тек биліктің мойнындағы шаруа емес, бұл – баршамыздың ортақ азаматтық борышымыз. Ел дамуының игіліктерін баршамыз бірге көргіміз келсе, қазір Отан, тарих пен келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті де бірлесіп мойнымызға алуымыз керек. Ал сол жауапкершіліктің үдесінен шығып, азаматтық борышымызды орындаудың ең алғашқы қадамы – референдумға белсенді түрде қатысу. Сондықтан
Шымкент қаласының тұрғындарын, барша жерлестерімді осынау тарихи маңызға ие оқиғадан сырт қалмауға шақырамын.

– Әңгімеңізге рақмет!