Версия для печати

«Disney» ханшайымын қазақша сөйлеткен Избранное

Среда, 30 Март 2022 04:04 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4148 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Назерке СЕРІКБОЛҚЫЗЫ — тал бойына өнер тұнған жас дарын. «Жастар театрының» сахнасында қазақтың Жібегін, Айманын сомдап, ұлт аруларының бейнесін жаңғыртып жүр. Ал дубляж саласындағы еңбегі — бөлек тақырып. 2015 жылдан бастап халықаралық деңгейдегі «Disney» мультфильмдерін қазақ тілінде дубляждауға өз үлесін
қосып келеді. Бүгінге дейін жас бүлдіршіндердің
кумиріне айналған оннан астам «Disney» ханшайымын қазақша сөйлеткен жан. Танымал режиссер, профессор Нұрқанат Жақыпбай ағамыздың шеберханасынан тәлім алған Назерке СЕРІКБОЛҚЫЗЫМЕН Шымкентке келген сапарында сұхбаттастық.

64

 

— Назерке Серікболқызы, қазақта көбінесе қыз баласының сахнаға шығуына ата-анасы қарсылық танытып жатады ғой. Сіз өнерге қалай келдіңіз?

— Иә, ондай жағдай кездесетіні рас.
Дегенмен, менің өнерге келуіме, керісінше, ата-анамның септігі көп тиді. Себебі, отбасымызда әкем де, анам да өнерге жақын жандар. Әкем – жоғары білімді суретші. Қазіргі уақытта өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген жоқ. Біраз уақыт музыка мектебін басқарған. Кейінгі жылдары Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының мәдениет бөлімін басқарып келеді. Ал анам –
қобызшы. Кәсіби қобызшы ретінде оркестрде ойнайды. Осылайша мен кішкентай күнімнен өнерге жақын болдым. Ән айтқанды жақсы көретінмін. Отбасым бойымдағы талантымды, өнерге деген қызығушылығымды көрген соң, ешқандай қарсылық танытқан жоқ. Зайсанда жүргенде анамның «Қобыз» сыныбында білім алдым. Мектепте 9-сыныпты аяқтаған соң Алматыға барып, Темірбек
Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы колледжіне оқуға түстім. Колледжден соң Қазақ Ұлттық өнер академиясында профессор Нұрқанат Жақыпбай ағайымыздың шеберханасында білім алдым. Үшінші курста оқып жүрген кезде ағайымыз өндірістік тәжірибеден өту үшін тобымызбен «Жастар театрына» алып келді. Сол 2015 жылдан бастап осы өнер ордасында қызмет етіп жүрген жайымыз бар.

— Яғни, «Жастар театрына» алғашқы қадамыңыз өндірістік тәжірибе кезеңінен басталды ғой?

— Колледжде оқып жүрген кезде «Жастар театры» Алматыға гастрольдік сапармен келген болатын. Театр қойылымдарының жан-жақтылығына, актерлерінің шеберлігіне тәнті болып, әрқайсысымызда осы театрдың құрамына қосылсақ деген үлкен арман пайда болды. Сөйтіп, арманымыз Академияға, Нұрқанат ағайымыздың шеберханасына алып келді. Ал, Нұрқанат ағай өзі тәрбиелеген шәкірттерінің кемі 80 пайызын театрға жұмысқа алады. Бірақ, оның өзінде үлкен сынақтан өткізеді. Сол үшінші курста жүргенде бір топтан он төртіміз «Жастар театрына» жұмысқа қабылдандық. Біз – қазір театрдағы төртінші буынбыз.

65

 

— «Жастар театры» әлеуметтік желілерде өте белсенді. Әсіресе, өзіңіз жүргізіп жүрген «ТеатрAll» бағдарламасы – өз алдына ерекше жоба. Осы жобаны бастауға не түрткі болды? Идея кімдікі?

— Пандемия жаңадан басталған кезде барлық мәдениет ордалары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Карантин шектеулері белгісіз мерзімге созыла берді. Біразымыз ауылдағы туыстарымызға кеттік. Екі айдай жұмыссыз қалған кезде театрды, сахнаны, көрермендерімізді сағындық. Бір күні әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, театрдағы әріптестерімізбен байланыса бастадым. Кейінірек аптасына бір рет тұрақты түрде байланысқа шығып отырдық. «Жастар театрының» актерлерімен бірлесіп, түрлі ойындар, сұхбаттар жүргізіп, көрермендермен байланыс орнатуды қолға алдық. Бірнеше рет тікелей эфир өткізген соң, көрермендеріміз кері байланысып, асыға күтетінін айтып жатты. Тіпті, оларды тікелей эфирдің келесі қонағы кім екені де қызықтыра бастады. Міне, маған пандемия кезіндегі көрерменнің өнерге деген осындай ыстық ықыласы серпін берді. «Неге YouTube желісінде жастарға театр туралы кеңінен мағлұмат беретін, таныстыратын, баршаға қолжетімді бағдарлама ашпасқа?» деп ойладым. Себебі, қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде театрға қатысты, әсіресе, қазақ тілді контент өте аз. Еуропа елдерінің, Ресейдің театрлары туралы мәліметтерді өте жиі кездестіреміз. Соларды қарап жатамыз. Ал қазақ театрларындағы актерлер жайлы мәлімет тым аз. Егер олар киноға, әлеуметтік роликтерге түспесе, халық арасында аса танымал да емес. Осы олқылықтардың орнын толтырып, театрымыздағы әр актерді халыққа таныстырғым келді. Себебі, еліміздің өзге өңірлеріне танылып үлгермесе де әріптестерімнің қандай талантты, еңбекқор екенін мен жақсы білемін. Сондай-ақ, өнер ордаларында білім алып жүрген жастар қазақ театрының майталмандарына қарап өссе, солардың бойындағы жақсы қасиеттерді алса, шабыттанса деп ойладым.

— Яғни, «ТеатрAll» – сіздің авторлық жобаңыз. Келешекте бағдарламадан кімдерді көреміз?

— Иә, авторлық жоба. Карантиннен кейін жұмысқа келгенде, ойымды әбден пісіріп, театрға ұсыныс білдірдім. Театр ұжымы, әсіресе, басшымыз Әділ аға ерекше қолдау көрсетті. Ол кісі «Мұндай көпке пайдалы жоба жалғасын табуы тиіс» деп, бағдарламаның шығуына қажет барлық жағдайды жасады. Мұндай жобаларды ұйымдастыруда құрал-жабдық алу сынды кез-келген мәселе қаржыға келіп тірелетіні анық. Әділ аға бағдарлама өміршең болсын деген тілекпен жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Ол кісінің қолдауына, жанашырлығына деген алғысым шексіз. Кейінгі бағдарламаларда театр, өнер саласында жүрген өзге де аға-әпкелерімізді қонаққа шақыра бастадық. Шымкентке гастрольдік сапар барысында Жұмат Шанин атындағы академиялық драма театрдың актрисасы Жәудір Сарыпбековамен сұхбаттастық. Бұйыртса, оны «ТеатрAll»-дың келесі шығарылымынан көре аласыздар. Жалпы, театр саласындағы өнер адамдарының айтары көп. Сондықтан тек өзіміздің театрмен шектелмей, бағдарламаға еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтарды шақыратын боламыз.

66

 

— Талантты, жан-жақтысыз. Киноға түсуге ұсыныс жасалса, қалай қабылдайсыз?

— Бүгінге дейін киноға түсу жайлы ойланбаған екенмін. Театрдағы жұмысымды игеріп алайын, шыңдалайын деген ойда болдым. Ал қазір киноға ұсыныс түсіп жатса, қабылдауға дайынмын. Себебі, кино – біздің кәсіби мамандығымыздың бір саласы. Киноға ұсыныс түсіп жатса, неге бағымды сынап көрмеске?! Десек те, Нұрқанат ағайдың өзіндік талаптары бар. Ағайымыз біздің киноға түскенімізді қалайды, қолдайды. Бірақ, негізгі жұмысымызға, театрға кері әсері тимесе дейді. Оның өзіндік себебі бар. Театр труппасында актер көп емес. Бір мезгілде оншақты актер киноға кетіп қалып жатса, спектакльдеріміз ақсап, белгілі бір ырғақпен келе жатқан театрдағы жұмыс процесі әлсіреуі мүмкін. Нұрқанат ағай осының барлығын ескере келе, біздің сыртқа көп алаңдамағанымызды қалайды. Ағайымыздың «Шәкірттерім театрда, осы сахнада көбірек қызмет етсе» деген тілегі бар. Бұл ол кісінің театр өнеріне деген тазалығы, құрметі деп білемін. Дегенмен, біздің театрда киноға түсіп, екі жұмысты да үйлестіріп жүрген актерлер жетерлік.

— Елімізде талантты жандар жетерлік. Десек те, жас дарындардың көпшілігі театрдың жалақысын азсынып, басқа салаларға ауысып жатады. Жас актерлерге қандай қолдау болғанын қалар едіңіз?

— Ең әуелі, жалақы мәселесін айтар едім. Елордада жүрсек те жалақымыз аз. Тек бізде емес, еліміздегі кез-келген театрдың айлық жалақысы мәдениеттің өзге салаларымен салыстырмалы түрде алғанда едәуір төмен. Тіптен, мұны жауыр болған тақырып десек те болады. Дей тұрғанмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен, кейінгі жылдары театрдағы айлық біршама өсті. Сондай-ақ, Президентіміз театр саласына, музейлерге көбірек көңіл бөліп келеді. Өзіміздің театрдың басшылығы да әрқашан жас мамандарға қолдау көрсетіп отырады. Дегенмен, бүгінде табысты боламын деген адамға мүмкіндік мол. Өзің жалқаулыққа салынбасаң, талпынсаң, киноны да, өзге жұмыстарды да қатар алып жүруге болады. Мәселен, театр актерлері дубляж жасап, түрлі іс-шараларды жүргізіп жатады. Яғни, «багажы» көп актер жерде қалмайды деген ойдамын.

— Сіз дубляж саласында да біраз еңбек етіп келесіз. Әсіресе, «Disney» ханшайымдарын қазақша сөйлетіп, ән де шырқап жүрсіз. Өткен жылы желтоқсан айында «Энканто» мультфильмінің тұсаукесері өтті. Сонда бас кейіпкер Мирабельді дыбыстадыңыз. Дубляждағы табыс қалай? Мұнда да кастингтен өтесіздер ме?

— Иә, дубляждағы табыс біршама қомақты. Яғни, бір жобадан театрдағы 3-4 айлықтың көлемінде еңбекақы аламыз. Бірақ, дубляж жасау оңай емес. Кейіпкердің әрекетіне ілесіп отыру, бүкіл эмоциясын тек қана дауыспен жеткізу – дубляждың өзіне тән қиындықтары. Дегенмен, дубляж – менің жаныма жақын, өте жақсы көретін саланың бірі.
Мұнда да актерлер кастингтен өтеді. Дубляждау жұмысының өзіне тән қиындығы болғандықтан, кастинг әрқашан әділ әрі таза өтеді. Даусымызды таспаға жазып, «Диснейдің» тиісті бөліміне жібереді. Сарапшылар дауысы, мүмкіндігі барлығын сараптай келе, кейіпкерді аша алатын мамандарды таңдайды.
Бүгінге дейін «Диснейдің» оннан аса ханшайымына дубляж жасадым. «Золушкада» – Дризелланы, «Ақшақар» мультфильмінде – Ақшақарды, «Мұзды өлкеде» – Аннаны, «Моанада» – Моананы, «Рапунцельде» – Рапунцельді, өзге де бірнеше кейіпкерді қазақ тілінде дыбыстадым.

— Әңгімеңізге рақмет!