Версия для печати

«БІЛІМ САПАСЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУМЕН ӨЛШЕНЕДІ» Избранное

Пятница, 12 Ноябрь 2021 03:49 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5957 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті – бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда өзінің даңғыл жолы бар іргелі жоғары оқу орындарының бірі. Ғасырға жуық тарихы бар қара шаңырақтан түлеп ұшқан мамандар еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы білім ордасында нендей өзгерістер болып жатыр? Өскелең жастардың педагогикалық мамандықтарға деген көзқарасы қалай? Болашақ педагогтарға қойылатын талаптардың түйіні нені меңзейді? Президент Жолдауында айтылған жоғары оқу орнын бітіруші түлектердің жұмыспен қамтылуына мүмкіндіктер жасау туралы тапсырмалар қалай орындалуда? Осы және өзге де сауалдарға ОҚМПУ Кәсіптік бағдар және мансап орталығының басшысы, Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ғалымжан БИТҰРСЫН жауап берді.

355

 

– Ғалымжан Шәмшідінұлы, өткен жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Жаңа заң мұғалімдер даярлайтын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне не өзгеріс әкелді?
– Расында, жаңа заң оқу ордасына үлкен леп берді. 2020 жылы екі бірдей аккредитациядан сәтті өтіп, ең жоғары 5 деген баллға ие болған ОҚМПУ-да бүгінде 34 білім беру бағдарламасы бойынша бакалавр, 22 білім беру бағдарламасы бойынша магистратура, 11 білім беру бағдарламасы бойынша докторанттар білім алуда. Жалпы, 67 білім беру бағдарламасы негізінде қызмет көрсету бағыты болсын, тарихы жағынан болсын университетіміз қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие жоғары оқу орындарының алғы шебіне енді. Бұл – ұжым қызметкерлерінің қажырлы еңбектерінің нәтижесі.
«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін ұстаздар қауымының қоғамдағы орны айшықталып, беделі өсті. Жалақылары жыл сайын артқанымен, мамандарға деген талап та күшейді. Оның бірі – ұстаздардың білім берудегі әдіс-тәсілдері халықаралық стандарттың талаптарына сай болуы қажет. Бұрын Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы ұлттық ЖОО-мен тәжірибе алмасып, салыстырмалы түрде жұмыс істеп, әдістемелік жұмысымызды дайындайтынбыз. Ал, қазіргі талап басқа. Яғни халықаралық білім берудегі әдістерді қатар ала жүріп, тәжірибелі, білімді мамандарды даярлауымыз керек.
Үлкен өзгерістің бірі биылдан бастап педагогикалық мамандықтарға оқуға түсу баллы (75 балл) бұрынғыдан жоғарылады. Осыдан 3-4 жыл бұрын бұл көрсеткіш 50-70 балл аралығында болатын. Ал, медицина мамандықтарына – 70 балл. Енді медицинаға қарағанда педагогика мамандығына оқуға түсу жоғарырақ. Бұл дегеніміз – қоғамда педагог мамандарға деген талаптың күшейгені және мұғалімдердің сапалы әрі білімді маман болып шығуына деген сұраныстың болуы. Екінші бір өзгеріс – педагогикалық мамандықтарға екінші жоғары білім алуды сырттай немесе қашықтан оқытуға жол берілмейді. Сондай-ақ, педагог мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің шәкіртақысы өсті. Міне, осындай жайттардың барлығы биыл педагогикалық мамандықтарға деген сұранысты арттырды. Биыл университетімізге 3000-ға жуық талапкер қабылданып, оның 915-і грант иегері болды. Бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда 2-3 есеге артып отыр.
– Жан жадырататын жақсы жаңалықтар екен. Сонымен қатар, университетте оқимын деген талапкерлерге тағы қандай мүмкіндіктер бар?
– Осы тұста бір мәселеге тоқталып өткім келеді, ол оқу ордасына талапкерлерді тарту жұмыстары жыл бойына жалғасады. Университеттің «Кәсіби бағдар және мансап» орталығы Түркістан облысындағы барша білім беру мекемелері және басқармалармен меморандум түзіп, тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы бітруші сынып оқушыларына (колледж студенттеріне) арналған «Мен 85 жылдық тарихы бар ЖОО таңдаймын» атты апталық акциясы ұйымдастырылды. Оған барлық факультеттер атсалысты. Акция барысында қала мектептерінің бітіруші сынып оқушылары мен колледж студенттері университет базасымен, профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдар, студенттермен танысып, оқу ордасының жетістіктері мен заманауи мүмкіндіктері туралы мағлұматтарға қанықты. Қазір Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасымен екіжақты келісім жасасып жатырмыз. Бұл бастама 30 қараша дейін жалғасады. Негізгі мақсат – өңіріміздегі өзге де аудан, ауылдардағы мектеп бітіруші түлектерді ақпараттандыру және Шымкент қаласындағы, облыс аумағындағы ЖОО-на түсуші талапкерлердің бірыңғай базасын орнатуға қол жеткізу.
ОҚМПУ мен Шымкент қалалық білім басқармасы және облыс аумағындағы білім бөлімдерінің арасында ынтымақтастық меморандумдар түзілген. Меморандум талабы бойынша оқушылар біздің университеттің мүмкіндіктерін пайдалана алады. Озық оқушылардың ғылыми жобасын жүргізуге, жетекшімен қамтамасыз етуге дайынбыз. Мұны ғылым мен ілімнің дамуына қосқан үлесіміз деп білемін. Бүгінде, ғылыми жоба жүргіземін деген жастарға мемлекет тарапынан түрлі гранттар тағайындалған. Студенттерге де, магистранттарға да, тіпті оқушыларға да бөлінген. Елімізде жас таланттарды қолдайтын «ҚР Тұңғыш Президенті қоры» бар. Осы бағыт бойынша да үлкен қолдау көрсетіледі.
Қазіргі таңда шет елдерде білім алуға ниеттенген студенттер үшін ең тиімді мүмкіндік – ол «Қос дипломдық бағдарлама». Аталмыш бағдарлама бойынша жарты немесе бір жыл шетелдік ЖОО-на барып, білім алады. Бұл дегеніміз студенттеріміз бірден екі дипломды қатар алады. Аталған бағдарлама бойынша қазір 40-қа жуық студент білім алып жатыр.
– Президент Жолдауында Мемлекет басшысының «жоғары оқу орнын бітірген түлектер жұмыспен қамтылуы тиіс. Жұмыспен қамтылу деңгейіне қарап жоғары оқу орнындағы білім сапасын анықтауға болады» деп айтқаны бар. Осы тұрғыда сіздерде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Ия, бітіруші түлектердің жұмыспен қамтылуы – ЖОО үшін басты мәселелердің бірі. Биылғы жылдың 8 қаңтарында ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы №390 қаулысымен бекітілген маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған азаматтарды жұмысын өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларына (Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 08 қаңтардағы №410-VI Заңы) толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, бітірушілер үшін бірқатар жеңілдіктер берілді. Бұған дейін мемлекеттік білім тапсырысында оқитын бітірушілер тек қана мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасуға тиіс болатын. Аталған өзеріс өз мамандығы бойынша мемлекеттік емес мекемелерге де жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді.
Бұл бағытта ОҚМПУ-да кешенді жұмыс жоспары жасалып, түлектерді жұмыспен қамтудың жаңа форматы құрылған. Университет ректоры Гүлжан Сүгірбаеваның бастамасымен Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, Тараз қаласында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде, Қызылорда қаласында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «HR-Process» білім саласының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесін тиімді пайдалану арқылы бітіруші түлектерді жұмыспен қамтудың жаңа форматы талқыланған болатын. Нәтижесінде, аталмыш жоғары оқу орындарының арасында ынтымақтастық меморандумы бекітіліп, бітіруші түлектерді жұмыспен қамтудың Алматы-Тараз-Шымкент-Қызылорда дәлізі құрылды.
Енді бітіруші түлектеріміз ешбір мекемеге бармастан «МАНСАП-ҚР аумағындағы бос орындар туралы ақпараттар қоры» мобильдік қосымшасына және өңірлік «HR Process білім саласының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесіне тіркеліп, Қазақстан аумағы және өңірлер бойынша онлайн тәртібімен өтініштер бере алады.
– Әңгімеңізге рақмет!