Версия для печати

Шымкент қаласының штаттан тыс бас инфекционисі Мұрат ИБИШЕВ, «Адамзатқа қауіп төндірген індеттерден екпе арқылы құтылғанбыз» Избранное

Пятница, 23 Июль 2021 03:51 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5618 раз
Оцените материал
(0 голосов)

22-шілде күнгі дерек бойынша қалада бір тәулікте 418 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Соңғы уақытта ауру жұқтырғандар саны күннен-күнге өсіп барады. Мұндай статистика былтырғы жағдайларды қайталамай ма? Шымкент індетпен күресудің қай сценарийіне өтті? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында Шымкент қаласының штаттан тыс бас инфекционисі Мұрат ИБИШЕВПЕН арнайы сұхбаттасқан едік.

511

 

 – Мұрат Майлыбайұлы, шаһардағы бүгінгі эпидемиологиялық жағдайға тоқталсаңыз... Инфекциялық ауруханаларда төсек-орынның толымдылығы қай деңгейде?

– Жасыратыны жоқ, инфекциялық емдеу мекемелеріне, оңалту орталықтарына түсіп жатқан науқастар саны өте көп. Олар мұнда 14 күндей жатып ем қабылдайды. Мәселен, «Атамекен» оңалту орталығында 450 төсек-орын болса, қазіргі таңда толымдылығы 350 орынды құрап отыр. Басқа провизорлық орталықтар мен ауруханаларда 50-100 төсек-орыннан бар. Өкпесі 50 пайыздан жоғары зақымдалғандар қалалық инфекциялық аруханаға, №2 ауруханаға және модульді инфекциялық госпитальға жатқызылады. Өкпе зақымдалуы 50 пайыздан төмен дәрежедегі пневмониямен ауырғандар «Атамекен», қалалық №14 емхана, Орынбаев клиникасы секілді оңалту орталықтарына жіберіледі.

512

 

– Адамда коронавирусқа күдік болғанда «жедел жәрдем» шақыру керек пе, әлде үй жағдайында емделген дұрыс па?

– Ауру симптомдары байқалса, тіркелген жері бойынша емханаға хабарласуы керек. Ол жерде арнайы мобильді топтар құрылған. Шақырту түскен соң емхананың мобильді тобы келіп ПТР-тест алады, науқастың жағдайына қарай өкпесін рентген, КТ аппаратқа түсіреді. Мамандар өкпенің қабыну дәрежесіне байланысты ем тағайындайды. Егер коронавирусты пневмонияның ауыр түрі болса стационарға жатқызылады. Жеңіл түрімен ауырғандарға үйде жатып емделуге кеңес беріледі.

– Коронавирусты инфекцияның профилактикасы қандай? Алдын алу шаралары туралы айтып өтсеңіз?

– Жұқпалы індеттің профилактикасы күнделікті қолданып жүрген қарапайым медициналық ережелерден тұрады. Ол бетперде тағып жүру, адам көп шоғырланған жерге бармау, антисептик қолдану, қолды жиі сабындап жуу. Иммунитетті көтеретін тағамдар жеу және сұйықтықты көп ішуді де ескерген жөн. Ал ең тиімді профилактика ол – вакциналау. Тарихтан белгілі адамзатқа қауіп төндірген қаншама індеттен тек екпе салдыру арқылы құтылғанбыз. Сондықтан бұл аурудан айығудың жалғыз жолы бүгінде тек вакцинаға келіп тіреліп тұр.

– Симптомсыз коронавируста адамдар дәм, иіс сезбей қалып жатады. Ұзақ уақыт жөтел кетпейді. Бұл жағдайдағы ем-дом қандай?

– Әлбетте, жоғарыда айтқанымдай, тұмаудың қандай да бір белгісі байқалса, емханаға хабарласып мобильді топты шақырту керек. Коронавирустың белгісі – дене қызуының көтерілуі болатын. Қазір температура көтерілмей-ақ, аурудың басқа белгілері көрініс табуы мүмкін. Оған мәселен, жөтел, әлсіздік, бас ауруы, құсу, іш өту, мұрыннан су ағу, тамақтың ауруы жатады. Дәм мен иіс сезбеу вирустың осы сезім мүшелеріне жауапты рецепторларды зақымдауына байланысты болады. Ол уақытша болатын белгі. Бір-екі ай немесе жарты жылдан кейін дәм, иіс рецепторлары қайта қалпына келеді.

–Шымкентте Covid-19-ға қарсы бірнеше сценарий қабылданғаны белгілі. Бүгінгі таңда індет тудырған қауіптің қай деңгейіне сай әрекет етіп жатырсыздар? Эпидемияның шарықтау шегіне жеттік пе?

–Ауырған науқастардың көбеюіне байланысты індетпен күресудің С сценарийіне көштік. Ол емдеу мекемелеріндегі төсек-орын санын 5 мыңға жеткізу мақсатын көздейді. Індет әлі өзінің шырқау шегіне жеткен жоқ. Болжам бойынша тамыз айының ортасында инфекция жұқтырғандардың көрсеткіші ең биік сатысына жетуі керек. Содан кейін эпидемиологиялық ахуал бірте-бірте қалыпқа түсе бастайды. Қазір күніне 400-500 адамнан ауырса, ол кезде бір күндік көрсеткіш 1,5-2 мың науқасқа өсуі ықтимал.

– Коронавирус індеті жасарып барады деген мәлімет қаншалықты рас?

– Шынын айту керек, ауру күннен күнге жасарып жатыр. Яғни қауіпті инфекцияға егде жастағы кісілермен қатар жастар да жиі шалдығуда. Былтыр коронавируспен көбінесе тек жасы елуден асқан адамдар ауырса, биыл ауруханаларда 30-40 шамасындағы азаматтарды жиі кездестіруге болады. Өйткені вирус сәт сайын мутацияға ұшырауда. Сол үшін оның алдағы уақытта қандай «тосын сый» дайындап отырғанын ешкім дөп басып айта алмайды.

–Статистикаға сенсек мегаполис тұрғындарының тең жартысы вакцина алды. Алайда ауырғандар саны неге күннен-күнге артып барады?
– Мұның барлығы вакцинаны кеш алудан туындап отыр. Екпенің екінші компонентін алған соң адам ағзасында инфекцияға қарсы иммунитет 21 күннен кейін қалыптасады. Өкінішке орай вакциналанғандардың көпшілігінде ол әлі қалыптасып үлгермеді. Тұрғындардың көпшілігі індеттің жаңа толқыны басталған сәтте ғана қауіптің алдын аламыз деп салдыра бастады. Егер вакциналау науқаны басталған кезде екпе салдырғанда індетті жұқтырмай немесе ауру жеңіл түрде өтіп кетер еді. «Атамекен» оңалту орталығының жансақтау бөлімінде жатқан науқастырдың барлығы да екпе алмаған азаматтар.

– Ұлыбританияда індет қаупі сейілмегеніне қарамастан бетперде тақпауға, көпшілік орындарға баруға рұқсат беріліп жатыр. Өйткені ағылшындардың тоқсан пайызға жуығы вакциналаныпты. Мұндай тәртіп біздің елге де келуі мүмкін бе?

– Екпе егу науқаны сәтті өтсе, Қазақстанды да жеңілдіктер күтіп тұр. Мәселен Сингапурде коронавирусты тек маусымдық тұмаулар қатарына жатқызған заң қабылданыпты. Сонда ауырғандарды есепке алатын статистика тек ауруханаға түскендерге ғана жүргізілетін болады. Кезінде шешек, көкжөтел секілді аурулар адамзаттың болашағына үлкен қауіп төндіріп келгені белгілі. Бірақ вакцинаның арқасында онымен күресудің тиімді жолдары табылды. Соның нәтижесінде қазір бұл індеттерді елемейтін болдық. Себебі ағзамызда тұрақты иммунитет қалыптасты. Сол секілді бір уақытта коронавирус та маусымдық тұмауға айналады.

– Коронавируспен ауырған адамның ауру жұқтыру қауіптілігі қай уақытқа дейін сақталады?

– Індетке шалдыққан науқаста вирус анықталғаннан 10 күнге дейін өзгелерге қауіпті болып қала береді. Осы уақыт аралығында ол өзін-өзі оқшаулап, ешкіммен байланысқа түспеуі керек. Сонымен бірге үнемі бетперде тағып жүруі қажет. Түшкіргенде, жөтелгенде аузын орамалмен жабуы тиіс. Бұл вирустың майда түйіршіктері ауаға тарап кетуіне жол бермеу үшін керек. Өйткені «Covid-19» ауа арқылы адамнан адамға өте тез жұғады. Сондықтан науқас бірінші кезекте өзімен бірге айналасындағы адамдардың да жағдайын ойлағаны жөн.

– Өз бетінше емделудің зардабы қандай? Індеттен айығу жолында көбінесе қандай қателіктерге ұрынып жатамыз?

– Халық емімен, егер аурудың асқынбаған түрімен ауырған кезде немесе аурудан кейінгі ағзаны қалпына келтіру кезінде, емделуге рұқсат. Мәселен, қойдың майлы қара кесек еті өкпеге өте пайдалы. Сол секілді оттегімен қамтамасыз етуші органды саумалмен емдеу де өте маңызды. Әсел жеудің де ағзаға пайдасы өте зор. Бұларды денсаулыққа қосымша күш беруші дәрумен ретінде пайдаланған абзал.
Коронавируста өздігінен емделуге болмайды. Қазір дененің қызуы сәл көтерілсе, дереу антибиотик салдырады. Антибиотик ағзадағы бактериямен күреседі. Ол ешқашан вирусты жоя алмайды. Вирус пен бактерия екеуі екі бөлек дүние. Керісінше қажетсіз салынған антибиотик ағзадағы бүкіл пайдалы бактерияларды өлтіріп, соның салдарынан түрлі инфекциялық ауруларға қарсы төзімділік азаяды. Негізінде антибиотикті ауру белгілері басталған соң 8-9-шы күндері вирустан кейінгі қабынуларды емдеу үшін қабылдау керек. Сондықтан өз бетінше емделуге бой алдырмай, алдымен дәрігерге қаралып, соның кеңесімен ем-дом жүргізген абзал.

– Әңгімеңізге рақмет!