Версия для печати

Төреайым СҰЛТАНОВА, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, фармацевтика ғылымдарының кандидаты: ШЫМКЕНТТІ ХАЛЫҚҚА ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛА ЕТУ ЖОЛЫНДА ЖОСПАР КӨП Избранное

Среда, 30 Июнь 2021 04:10 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4134 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» фракциясының мүшесі Төреайым Сұлтановамен шаһар шаруашылығы, шешімін күткен мәселелер, «Nur Otan» партиясының алдағы бесжылдықта атқаратын жұмыстары һәм жеке өмірі туралы сұхбаттасудың сәті түсті. Т.Жолдыбайқызы саясаттың бел ортасында келе жатыр. Шымкент қалалық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, мегаполистің клиникалық және санаториялық емдеу, фармацевтика саласында да сіңірген еңбегі мол.

344

 

–Төреайым Жолдыбайқызы, депутаттық мандатқа ие болғалы билік пен халық арасында алтын көпір болуға тырысып келесіз. Мегаполистің әлеуметтік және білім саласында қордаланған мәселелер көп. Әлі де үш ауысымда оқитын мектептер бар...
– «Nur Otan»-ның 2020 жылғы сайлауалды бағдарламасында белгіленген меже, жоспарланған жобаларды шаһар басшысы Мұрат Дүйсенбекұлының басшылығымен жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Ең алдымен, мемлекеттің алдында халықты әлеуметтік қолдау мәселесі бірінші орында тұр. Елімізде орын алған пандемияға байланысты мемлекет тарапынан кірісін уақытша жоғалтқан 285 мыңнан астам азаматқа 42 500 теңгеден әлеуметтік төлем төленді. Жұмыспен қамту бойынша жаңадан іс бастаушы кәсіпкерлерге қайтарымсыз грант берілуі туралы заң жобасының қабылдануына бір кісідей атсалысқанбыз. Бүгінде мемлекет «қолымнан іс келеді» деген азаматтарға қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 2733 адам қоғамдық жұмысқа, 3886 адам кәсіптік оқуға, 1216 адам жастар практикасына, 4914 адам жаңа бизнес идеяларын іске асыруға бағытталды. Жас кәсіпкерлерге 11 жобаға 55 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант бөлінді. Алдағы 5 жылда 80 мың тұрақты жаңа жұмыс орны ашылады. Орташа жалақы көлемі 200 мың теңгеге дейін артады.
Шымкент республика бойынша халық көп шоғырланған, демографиялық көрсеткіші жоғары мегаполис. Дегенмен осыдан он жыл бұрынғы уақыт пен қазіргі кезеңді салыстыруға келмейді. Ол кезде қалада мектеп пен балабақша жетіспейтін. Оқушылар үш ауысымда, бір сыныпта 45-50 балаға дейін оқыған кездер болды. Бір мұғалім елу балаға қандай білім береді? Қалада балабақша өте аз болды. Қазақтың көбейгеніне қуанамыз. Әрбір дүниеге келіп жатқан балаға тиісті жағдай жасау, бүгін мен болашақтың қамын жеу – басты міндетіміз. Кезінде мектеп, балабақша, аурухана салуды жеке инвесторларға беру туралы ұсыныс білдірген едік. Қазір мектеп пен балабақша мәселесі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ақырындап шешімін тауып жатыр.
Шымкентте үш ауысымды 14, 21 оқушы орны тапшы, 1 апатты мектеп бар. 13 тұрғын алабта мектеп мүлде жоқ. Оған қоса, халық саны өсіп келе жатыр. Мектеп оқушыларының саны былтыр бір жылда 20 889 балаға көбейді.
Білім саласының инфрақұрылымын шешу үшін былтыр 5 жылға жоспар жасалған еді. 2025 жылға дейін Шымкентте 85 мектеп ашылады, оның 33-і мемлекет есебінен, 12-сі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, 40 мектепті жеке инвесторлар салады. Оның ішінде биыл 32 мектептің құрылысы басталады. Алдағы үш жылда Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешіледі деп күтілуде.
Білім саласындағы тағы бір мәселе – қосымша біліммен қамту. Қала оқушыларының небәрі 16 пайызы қосымша біліммен қамтылған. Ол үшін бұрынғы Фосфоршылар сарайын қайта жөндеп, Жастар сарайы етіп ашамыз. Одан бөлек, жаңадан заманауи Оқушылар сарайының құрылысын бастау мәселесі күн тәртібінде тұр.
Нәтижесінде, 2025 жылға дейін қосымша біліммен қамтуды қазіргі 16 пайыздан 55 пайызға жеткізуді жоспарланды.
Былтыр жыл басында Шымкенттің 27 оқушысына бір компьютерден келсе, қазір 4 оқушыға бір компьютерден келеді. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Одан бөлек, биыл 28 мектептің ауласына спорт алаңдары салынады. Былтыр балалардың қауіпсіздігі үшін іште әжетханасы жоқ 36 мектепке әжетхана орнатып, бұл мәселе толық шешілсе, биыл білім беру ұйымдарына 100 пайыз бейнебақылау, турникет қойылады және ол полицияның бақылауында болады.
Алдағы 5 жылда мектеп тапшылығын жою үшін 42 мектептің құрылысы жүргізіліп, 41 ғимарат күрделі жөндеуден өтеді, үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешілетін болады. Білім сапасын жақсартуға, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөліп жатырмыз.
–Қалаға қосылған шалғай елдімекен тұрғындарының арасында әлі де су тасып ішіп отырғандары бар. Электр жарығы мен табиғи газға қолы жетпей жүргені қаншама. Бұл мәселе қашан шешімін табады?
– Қазір қаладағы 81 тұрғын алабтың 69-ы орталық ауыз су жүйесіне қосылған. 5 тұрғын алабы кестемен, 7 тұрғын алабы суды тасып ішіп отыр.
2023 жылға дейін халық 100 пайыз сапалы ауыз суға, 100 пайыз табиғи газға, 2025 жылға дейін 100 пайыз сапалы электр қуатына қосылады.
Қалада жел тұрса, жауын-шашын жауса электр жарығы сөніп қалады. Себебі қалада электр желілері көп жерде аспалы. Мәселен, басқа үлкен қалалардың көбінде электр желісі жер астымен жүргізіледі. Бұдан былай жаңадан тартылатын электр желілерінің басым бөлігін жердің астымен жүргізу жоспары қойылды.
Бұл бағыттағы ең басты мәселе – энергоресурс тапшылығы. Қалаға табиғи газ жетіспейді, сапалы электр қуаты тапшы. Бизнестің техникалық талаптарын орындай алмай отырмыз. Қала құрылысының дамуына да қолбайлау болып тұр.
Осыны ескерген шаһар басшылығы біраздан бері әңгіме болып келе жатқан АГРС пен Бозарық қосалқы станциясының құрылысын былтыр бітіруге көп күш салды. Алайда жоба біз ойлағаннан қиын болып шықты. Бұл маңызды инфрақұрылымдық жобалар қазір техникалық сынақтан өтіп жатыр, алдағы айларда аяқталуы тиіс.
–Медицина саласының ғалымы екеніңізді жақсы білеміз. Шаһар медицинасының көңіл көншітпейтін тұстары жетерлік. Шымкент медицинасында не өзгерді және алдағы уақытта не өзгеруі мүмкін?
–Жоғарғы палатада қабылданып жатқан заңдардың бәріне атсалыстым деп айтсам артық айтпаймын. Соның ішінде заңсыз дәрі-дәрмек саудасын жоюға күш салып келеміз. 2012 жылдан бері фармацевтикалық ұйымдарға қызметтік хатпен шығып, не жетіспейді, нендей мәселелерге көңіл аудару керек деген сауалдарға жауап іздедік. Дәрі-дәрмек сатуға рұқсаты жоқ азаматтар гараждарда тығылып сататын. Дәрі-дәрмектің сапалы әрі қолжетімді болуын қадағалаймыз. Қазірде көп ауруханаларға күрделі жөндеу жүргізілмеген. Медициналық жабдықтар алынбаған. Қандай ауруханаға қандай құрылғы керек? Не жетіспейді? Осыларды зерттеп, зерделеп, жоғарғы жаққа ұсынып, шешімін табуға атсалысып келеміз.
Бүгінде заңсыз фармациямен айналысатындар тыйылды. Ана мен баланың денсаулығы мемлекеттің қорғауында. Қаладағы екі перзентханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Шымкентте төрт перзентхана бар. Орынның тапшылығына байланысты қалалық №1 аурухананың жанынан бесінші перзентхананы ашу көзделіп отыр. Былтыр медициналық құрал-жабдыққа 6 млрд теңге қаржы бөлінсе, биыл да материалдық-техникалық базаны нығайта түсеміз.
Шымкенттің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары дайындалып жатыр. Бастапқы медициналық көмекке көп көңіл бөлетін боламыз. Бұл салаға жеке инвесторлар да келіп жатыр. Жеке емханалардан бөлек, биыл бір мың орындық заманауи аурухана құрылысын бастау жоспарда бар.
–Үйі жоқтың күйі жоқ. Қаншама жерлестеріміз пәтер жалдап жан бағып жүр. Nur Otan партиясының бағдарламасында тұрғын үйге қатысты қандай жоспар бар?
–Қалада 40 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Былтыр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлығы 1 млн. шаршы метрді құрайтын 262 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 649,1 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы аяқталып, 5 787 отбасы баспаналы болу мүмкіндігіне ие болды. Өткен жылы салынған үйлер бойынша қала тарихында рекордты көрсеткішке қол жеткіздік. 2019 жылмен салыстырғанда 24 пайызға артық, дегенмен миллион халқы бар қала үшін бұл өте аз.
Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жылына 3 миллион шаршы метр төңірегінде тұрғын үй беріледі. Соның есебінен, Нұр-Сұлтан қаласының өзіне тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымына жылына 1 триллион инвестиция салынады. Оның қала экономикасына мультипликативті әсері орасан. Бұл қалаларда салынып жатқан үйлердің 80 пайыздан астамы коммерциялық үйлер, ал бізде 85 пайызы мемлекеттік үйлер.
Мемлекеттік үйлер бюджеттің мүмкіндігіне тәуелді. Коммерциялық үйлер салатын компанияларды қолдамасақ, Шымкентте баспана мәселесін ешқашан шеше алмаймыз. Сондықтан баспаналы болу – басым бес мақсаттың бірі.
Биыл 661 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланды. 5 754 пәтер халықтың игілігіне беріледі.
–Таяуда ғана «Ақ мешіт» мешітінің іргесінен 2 спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілді. Алаңшада балалар шағын футболдан бөлек волейбол, баскетбол ойнап шынығатын болды. Жалпы, қалада бұқаралық спортты дамытуға жақсы көңіл бөлініп келеді. Алдағы бес жылда қанша спорт алаңшасы салынуы мүмкін?
– Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген жөн. Сол үшін Президенттің тапсырмасына сәйкес, биыл бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлеміз. Осы жылы 115 замануи спорт алаңын салуды жоспарлап отырмыз. «Металлург» стадионы мен 12-ші Балалар мен жасөсіпірімдер спорт-мектебінің спорт кешендерінің құрылысы аяқталады.
Алдағы бесжылдықта 4 спорттық дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. 6 стрит-воркаут және 73 спорт алаңшасы ашылады. Он жыл бұрын воркауты былай тұрсын, көпқабатты үйлердің ауласы күл-қоқысқа толып жататын. Биыл 177 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жоспарлануда. 2022 жылы 137 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру көзделуде.
Қажымұқан атындағы орталық стадион қайта құрудан өтеді. Спортпен шұғылданатын азаматтарды қамту деңгейі 28,6 пайыздан 33 пайызға артады. Жаңа ипподром салынып, ұлттық ат спорт мектебі ашылады. Металлургтер стадионы қайта құрылымдаудан өтеді. Аудандарда балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің филиалдары ашылады.
–2020 жыл Шымкент үшін тарихта қалған айтулы жыл болды. ТМД елдерінің мәдени астанасы атанған мегаполистің мәдениет саласы да тәуелсіздіктің 30 жылында елеулі жетістіктерге жетіп отыр. Бұл бағыттағы жоспарлар қандай?
– Қаланың мәдени-рухани өмірінде оң өзгерістер бар. Бұл салаға жаңа мамандар келіп, жоғары талаптар қойылып жатыр. Халықтың мәдени өмірін байытуға тиіс өнер ұжымдары толықтай мемлекеттік субсидияда. Мәдениет мекемелерінің жылдық бюджетінің 98 пайызын мемлекет беріп отыр, тек 2 пайызын мекемелер өздері тауып отыр. Биыл мәдениет мекемелеріне 30 пайызға дейін қаржы табу жүктелді. Халықты қызықтыратын жақсы қойылымдар қойып, мәдени бағдарламалар әзірлесе, халық бармайды емес, барады. Мәдениет саласына халыққа, яғни нарыққа жұмыс істейтін кез келді.
Одан бөлек, биыл қалалық 10 кітапхана модернизациядан өткізіледі, оның 6-ы пайдалануға беріліп қойды. Кітапханалар «отбасылық кітапхана» концепциясымен дамып жатыр. Модернизациядан өткен кітапханаларға келушілер саны 4 есеге өседі деп күтілуде.
Бұрын жастармен кездескенде «қалада серуендейтін жерлер аз» дейтін шағым еститінмін. Қаланың қақ ортасынан салынған Арбат қазір нағыз жастардың рухани-мәдени, рекреациялық тынығу орнына айналып үлгерді. Қаламыздың ескі бөлігінде қайта қалпына келтірілген «Shymkala» тарихи-мәдени кешені, ондағы этноауыл – ата-бабалардан жеткен тарихи теберік, баршамыздың мақтанышымыз. Бүгінде этноауылда ұлттық салт-дәстүрлеріміз жаңаша бағыт, тың серпінмен жаңғырып жатыр. Қолөнер шеберлері әр апта сайын жастарға шеберлік сағатын өткізіп тұрады. Мұның бәрі өскелең ұрпақтың тағлымды тарихымызға қызығушылық танытып, бет бұруына әсері мол.
Алдағы 5 жылда «Қызғалдақтар саябағы», «Гастросаябақ», «Дастархан» саябағы ашылады. Мұның бәрі мегаполис туризмін дамыту бағытындағы ерекше жобалар.
Бұлардан бөлек, алдағы 5 жылда шалғай елді мекендерді дамытуға, табиғи газбен қамтамасыз етуге, экологиялық ахуалды жақсартуға, жолдар мен көлік инфрақұрылымын жақсартуға қоғамдық қауіпсіздік пен жастарды қолдау, қаланы цифрландыру бағытында орасан жұмыстар істелінеді. Егер осы жоспардың бәрі жүзеге асатын болса, қаламыз дамыған, гүлденген шаһарға айналарына күмән болмасын. Жалпы, қаланың әрбір жақсылығы мен игілігі шаһарды өсірем деп келген әкімдердің арқасы деп ойлаймын.
–Көпшілік арасында «Депутаттар не айтса да «мақұл» деп қолын көтереді де, қабылдай салады» деген түсініктің қалыптасқаны жасырын емес. Сіздер мәслихат шешімін қалай қабылдайсыздар?
– Біз сессияға халықтың алдына шықпас бұрын басқарма басшыларының бәрін тыңдап, жіліктеп, одан соң партия фракциясында тыңдап, он рет өлшеп, сосын барып шешім қабылдаймыз. Қалалық бюджеттің қаржысы қаншалықты дұрыс жұмсалып жатқанын қадағалаймыз. Халықтың үнін билікке жеткізуге тырысамыз. Ішкі жұмыстың бәрін халыққа көрсете берудің қажеті жоқ деп ойлаймын.
Шымкент өмір сүруге ең қолайлы қала болуға тиіс. Қаламыздың табиғаты жайлы, қысы жұмсақ, суы мол. Сондықтан бұрынғы ғасырларда да бұл маңда қалың халық қоныстанған. Оны археологтар дәлелдеп отыр. Ендігі жерде қала тұрғындарын қаламызды қолайлы қала ету үшін күш біріктіруге шақырған болар едім.
–Қарапайым провизордан басшылық, депутаттық қызметке дейін көтерілдіңіз. Табысты бизнес көшбасшы ғана емес, сонымен бірге отбасы, ошақ қасының да тұрмыс-тіршілігін ұршықша иіріп отырсыз. Бәріне қалай үлгересіз?
–Мен саясатқа келгенге дейін фармацевтика және экономика мамандықтары бойынша екі жоғарғы диплом алған болатынмын. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасында оқып, фармацевтика ғылымдары бойынша кандидаттық қорғадым. Жоғарғы оқу орнында жастарға дәріс оқыдым. Сосын жеке кәсіпкерлікке келдім. Күндердің күнінде ары қарай да елімнің өркендеуіне қалай үлес қоссам деп ойландым. Саясатқа араласып, қоғамдық жұмыстарға қатысу туралы отағасымен ақылдастық. Жолдасым менің талабымды бірден қолдады.
Саясаттың да салмағы жеңіл деп айта алмаймын. Ел алдында жүргенмен, отбасылық жұмыстары кері кетіп, перзенті аяғын шалыс басса, ата-анаға одан ауыр нәрсе жоқ. Әрбір әке-шешенің негізгі міндеті ұрпағына дұрыс тәрбие беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондыру. Қанша жылдан бері көпшілікпен жұмыс істегеннен кейін кімнің қандай екенін көз жанарынан ұғатындай дәрежеге жетеді екенсің. Барынша отбасы құндылықтарын сақтап, жанұя жарасымдылығын сақтауға тырысамын.
–Бүгінде саясатқа қадам басқан қыздар аз емес. Оларға қандай ақыл-кеңес айтқан болар едіңіз?
– Қыз баласының ең бірінші парызы – отбасын құрып, ана болу. Ер азаматтың жағдайын жасап, ыстық тамағын беріп, бала тәрбиесімен айналысып, әйелдік, аналық парызын орындағаннан кейін, саясатты алып жүре алатын мүмкіндігі болса, алып жүрсін. Саясатта жүр екенмін деп бәрін ұмытып кетпестен, өзінің де бақытын ойласын деп айтар едім.
–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.