Жанат ТӘЖИЕВА, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Соңғы қоңырауда ойын-сауыққа тыйым салынады» Избранное

Пятница, 21 Май 2021 04:21 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3148 раз

Шымкентте биыл оқу жылы білім ұйымдарында онлайн форматта басталып, наурыз айынан кезекші сыныптардың ұйымдастырылуымен жалғасты. Міне, төртінші тоқсан да аяқталуға таяу. Көпті алаңдатқан сұрақтың бірі – соңғы қоңырау соғыла ма? Аттестаттарды тапсыру салтанаты қалай өтеді? Жазғы демалыста оқушылар сауықтыру орындарына жіберіле ме? Бұл сауалдарға қалалық білім басқармасының басшысы Жанат ТӘЖИЕВАДАН жауап алдық.

844

 

– Жанат Арысбекқызы, елімізде пандемия басталып, оқушылардың қашықтан білім алып жатқанына да жылдан асты. Бүгінгі таңда шымкенттік оқушылардың білім сапасы қандай? Онлайн білім беру жүйесінің нәтижесі жемісті ме? Күрмеуі қиын қандай мәселелермен бетпе-бет келдіңіздер?

– Жалпы елімізде қашықтан білім беру жүйесімен алғаш рет пандемия жағдайында бетпе-бет келдік деуге болады. Дегенмен үшінші мегаполистегі оқушылар мен ұстаздар қауымының жаңа жүйемен жұмыс істеуді жылдам меңгеріп, ата-аналардың да бірлігінің арқасында оқу жылын жақсы нәтижелермен қорытындылап отырмыз. Сабаққа қатысу, берілген үй тапсырмаларын орындау бойынша республикада алғашқы орындардан көріндік.

845


Қазіргі таңда 2020-2021 оқу жылына зеределу, сараптау жұмыстары жүргізілді. Өйткені биылғы оқу форматы біздің онлайн жүйеге қаншалықты дайын екендігімізді, ақпараттық-коммуникативтік технологиялар, цифрлық білім беру жүйелерін дамытуымыз керек екенін түсіндірді. Қазір бұл олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті жұмыстар атқарылуда.
Басқарманың әдістемелік орталығы қашықтан оқытуда педагогтердің және білім алушылардың оқуында кеткен олқылықтарды қалпына келтіруде алда атқарылатын жұмыстардың жоспарын жасап, жүзеге асыруда. Жоспарға сәйкес барлық оқу пәндері бойынша мұғалімдер қауымдастығы мен бірлестік жетекшілерінің жұмысын ұйымдастыра отырып, білім сапасы бойынша алшақтық пен нақты мәселелерді анықтады. Барлық пәндерден қарқынды қосымша оқыту бағдарламасын жасап, жүзеге асыру қолға алынуда.
Педагогтердің пайдалануы үшін қосымша ресурстар, оның ішінде цифрлық ресурстарды: әдістемелік құралдарды, есептер жинақтарын, тапсырмалар жинақтарын, дидактикалық материалдарды қолдану мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

– Биыл ҰБТ да жаңа жүйеге көшті. Онлайн білім сынағы қалай өтіп жатыр?

– 2021 жылдан бастап ҰБТ тапсыру «Бір компьютер – бір камера» принципі бойынша әр тестіленуші үшін дербес компьютерді пайдалану арқылы электронды форматта өтеді. Бұл ретте тестіленуші жылына 2 рет ақылы және 2 рет білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік ала отырып, тегін ҰБТ тапсыра алады.
ҰБТ арнайы жабдықталған 2 аймақтық «U-Study» тестілеу орталығында 6 мамыр мен 30 маусым аралығында өтуде. Тестіленушілер өз бетінше (тіркелу сайты - https://app.testcenter.kz/auth) 2021 жылдың 15 сәуірінен бастап тіркелуде және ҰБТ тапсыру орнын Қазақстанның кез-келген өңірінен таңдау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, биыл 15 173 талапкер тестілеуге (2 рет тапсырғанда 30 346) келеді деп күтілуде. Оның ішінде: Шымкент қаласынан – 8 585 түлек ҰБТ тапсыруға өтініш білдірсе, Түркістан облысының Сайрам, Төлеби,
Қазығұрт, Түлкібас, Бәйдібек аудандарынан 6 588 талапкердің келуі жоспарлануда.
Жалпы, бір күнде екі ауысыммен 43 күн аралығында 30 346 талапкер тест тапсырады. ҰБТ өткізу пунктерінің дайындығына тоқталар болсақ, белгіленген нұсқаулыққа сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда 6 мамырдан бері тест тапсырған талапкерлер саны – 4880.

– Балалықтың естен кетпес естелігі – жазғы демалыстағы қызықтар дегенге бәрі келісер. Биыл оқушылардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылмақ?

– Иә, «Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз», - деп оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы тынығу лагеріне баруға асығады. Жайраңдаған жаздың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері балалардың осындай жазғы демалыс лагерінен басталары сөзсіз. Міне, санаулы күннен соң шаһар мектептерінде соңғы қоңырау сыңғырлайды. Бұл мектеп оқушыларының жазғы демалысы жақын деген сөз. Олардың жазғы демалысын сапалы да қызықты өткізу мақсатында жылдағы дәстүр бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Алдымен 2021-2021 оқу жылында Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты 151 жалпы білім беретін мектепте 213 337 оқушы білім алып жатқанын айтқым келеді. Оның ішінде 9342 бітіруші түлек бар. Демалыспен қамтылуы тиіс 1-10 сынып аралығында 203 995 оқушы оқиды.
Көп балалы отбасы балалары – 11 789, АӘК алатын отбасы балалары – 43 384, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 565, төтенше жағдайға душар болған отбасының балалары – 10. Жалпы аз қамтыған отбасылардан 55 748 бала мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алуда.
Аз қамтылған отбасылардың балаларын қала сыртындағы лагерлерде демалдыру мақсатында қала бюджетінен 249 млн 652 мың теңге қаралған. Бұл қаржыға жалпы орта мектептерінен 7 341 бала, балалар үйінің 157 тәрбиеленушісі және дарын мектептерінің 300 оқушысы қала сыртындағы лагерлерге жіберіледі. Одан бөлек, ата-аналар есебінен 22 655 бала демалады.
Оқушылар сарайына қарасты «Ақсу» лагеріне 40 млн 906 мың теңге бөлініп, 1200 баланы 8 ауысымда қамту жоспарлануда. Әр ауысымда санитарлық талаптарды сақтай отырып 150 баладан қамтылмақ.
Санитарлық-эпидемологиялық жағдайға байланысты Шымкент «қызыл» аймақта тұр. Соған байланысты қала мектептерінің жанынан жазғы демалыс алаңшаларын ашу мүмкіндігі болмай отыр. Бала өмірінің қауіпсіздігінің маңыздылығын ескере отырып, жаз мезгілінде онлайн форматта оқушылармен күніне бір рет кездесіп, түрлі тәрбиелік мәні бар сағаттар ұйымдастыру жоспарлануда.
Осы тұста ата-аналарға биыл аз қамтылған отбасы балаларының қала сыртындағы лагерлерде демалуы үшін өтініш еgov порталы арқылы онлайн қабылданатынын айтқым келеді.
Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 12 аула клубында ақысыз үйірмелер ашылып, көпшілік мәдени іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар, аталмыш аула клубтарындағы балаларды ата-аналардың демеушілігімен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облысымыздағы тарихи-мәдени орындарға саяхатқа апару жұмыстары жүргізіледі. Осылайша балалардың бос уақытын тиімді өткізу тұрақты бақылауға алынады.
Барлық жазғы сауықтыру орталықтары қалалық санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаментінен жұмыс жүргізу үшін рұқсат қағаздарын алып, залалсыздандыру (дезинфекциялау) жұмыстары жүргізілді. Барлық лагерлерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, осы жылдың 5 маусымынан бастап балаларды қабылдайтын болады.

– Шымкент мектептерінде соңғы қоңырау соғыла ма?

– Соңғы қоңырау мен аттестаттарды тапсыру салтанатын өткізу талаптары жарияланды. Іс-шаралар тек санитарлы-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталған жағдайда ғана рұқсат етілген. Биыл еліміздегі мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырауы, әдеттегідей, 25 мамырда өткізіледі.
9, 11 (12) сынып түлектерінің мектеппен қоштасу салтанаттары тек ашық алаңда (таза ауада) өткізіледі. Басқа ешқандай шаралардың өтуіне рұқсат берілмейді. Оған мектеп түлектерінен бөлек олардың ата-аналарының немесе қамқоршыларының бір өкілі, сондай-ақ, мектеп оқытушылары құрамынан артық дегенде 6 адам қатыса алады. Мектеп аумағындағы іс-шара тек бір сынып түлектері үшін өткізіледі. Ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Әр сынып үшін өткізілетін салтанатты шаралардың аралығы 30 минуттан кем болмауы керек.
Соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру кезінде қол алысуға тыйым салынады. Қатысушылар бетперде киіп, 2 метрлік әлеуметтік қашықтықты сақтауға міндетті. Соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру салтанаты аяқталған соң көшеде, қоғамдық тамақтану орындарында (мейрамхана, дәмхана және т.б.) бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынады.
Бұдан бөлек, соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру салтанаты аяқталған соң дезинфекциялық құралдарды қолдана отырып, мектеп ғимараттарында ылғалды тазалау шараларын жүргізу қажет.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, түрлі келеңсіздіктерді алдын алу үшін құзырлы орган өкілдері арнайы рейдке шығатынын ескертеміз. Бұл ретте ойын-сауық кештерін ұйымдастырған оқушылардың ата-аналары жауапқа тартылатын болады. Сондай-ақ, ұстаздарға соңғы қоңырау кезінде сыйлық алуға тыйым салынады. Ата-аналардан ақша жинау, сый-сыяпат жасау сияқты әрекеттерге жол берілмейді. Оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі басты назарда!

– Әңгімеңізге рақмет!