Версия для печати

Ақтаңдақтар ақиқаты Избранное

Пятница, 14 Май 2021 04:00 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7380 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының саны 7277-ге жетті

Еліміз бойынша Шымкентте жалғыз саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі бар. Қасіреттен қасиетке айналған киелі орынды тек музей деп емес, ғылыми орталық деп айтуға да болатындай. Бұлай деуімізге себеп, аталған мекеме қызметкерлері тың жаңалық ашып отыр. Осыған дейін Түркістан облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылғандар саны 2500 деп айтып келсек, бүгінде бұл цифр өзгерді. Бұл туралы Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Гүлмира СЕРІКБАЕВАМЕН арнайы сұхбаттастық.

806

 

–Гүлмира Алдоңғарқызы, экспозиция залында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси күрескер, патриот, ғалым, тарихи тұлғалардың портреттер галереясын көреміз. Музей экспозициясының түп қазығы «Репрессия» деп аталатын синтездік формадағы мүсіндер композициясы ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Көзіңе жас алдыратын, кеудесін халық үні кернеген, тоталитарлық жүйеге қарсы, оққа кеудесін тосқан Алаш азаматтары, олардың аяғына оралып, «кетпеші, көке» деп жылаған жас бүлдіршіндердің халі шындығында да аяныш туғызады. Ал «Тағзым» залындағы қара тақтаның қасына келгенде денең түршігеді. Осы тақтадағы тізімде қанша адамның аты жазылған? Ол тізім қайдан алынған?

 

807

–Осы музейге директордың орынбасары болып келгеніме алтыншы жылға аяқ басты. Музейге келгенде «Жұмысты неден бастасам екен?» деп әбден ойландым. Сонда музейді аралап жүргенде ең бірінші көзіме түскені «Тағзым» залындағы қара тақта болды. Сол тақтада жазылған адамдар саны қызық әрі жұмбақ еді. Сол бір сұрақ көптеген сұрақтарды туындатып, әлі күнге тыным тапқызбай келе жатыр. «Бір сұрақтың төңірегінде» деп кітап жазам-ау…
Басшымыз бен ғылыми қызметкерлерден қара тақтадағы тізімнің қайдан алынғанын сұрадым. Ешбірі де нақтысын білмейді екен. Әріптестерім тізімнің «Азалы кітаптан» көшірілгенін айтты. Кітап авторы Сейдахмет Байдәулетовтің айтуынша, ол кітап музей ашылмай тұрғанға дейін, яғни 1997 жылы Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен бар-жоғы 7 айдың ішінде басылып шыққан екен.
Содан кітапты қолыма алып, тізімді санай бастадым. Бірақ, оңай болмады. Санау процесі жұмыс арасында қайта-қайта үзіліп кете берді. Шатаса бергеннен кейін музейдің үш қызметкерін тізімді санауға арнайы отырғыздым. Кейін өзімдікімен салыстыратын болып бекіндік. Осылайша төрт құбыламыз түгенделіп, кітапты төрт жағынан санадық. Санау барысында олай шатастық, былай шатастық. Ақыр соңында санап біткенде «Азалы кітапта» атылғандардың тізімі 1734 адам екен. Бірақ та, қара тақтаға оның барлығы түгелімен көшірілмеген. Тақтада 1600-дей ғана адамның аты жазылған. Тәуелсіздік алғалы бері әр жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, тақырыптық іс-шаралар өткіземіз. Барлық жерде бірауыздан айтылатын сөз: «Түркістан облысында 2500-дей адам атылды». Осы сан маған аз сияқты көрінетін де тұратын. Жүрек түбінде жазықсыз атылғандар бұдан да көп деген ой тығылып жататын. Содан осы санды зерттеуге кірістім. 2500 деген сан қайдан шықты? Кітапта – 1734, тақтада – 1600-дей. «2500 қандай қисынға сүйеніп айтылды екен?» деген оймен көптеген зерттеуші, ғалымдардан, зиялы қауым өкілдерінен сұрастырдым. Ақырында шамамен есептелген болуы керек деген қорытындыға келдік. Алайда, көкірек түбінде атылғандар саны 2500 ғана болуы мүмкін емес деген күмәнді ой қалып қойды. Себебі, біздің өңір Қазақстанның ең бір халық тығыз орналасқан орталығы. Қуғын-сүргінге, айдауға ұшырағанның көбі Шымкентке келіп, біздің топырақта көз жұмған. Шамамен болса да екі еседей көп деген болжам жасап жүретінмін. «Білетіндер 5 мыңға барып қалады» деп айтады ғой» деп бір-екі жазушы мені қоштады. Ізденіс барысында БАҚ-ын үзбей бақылап отырдық. Электронды БАҚ-тың ішіне де сүңгіп шықтық. Іздей берсең, жолы көп.

–Сонша жылдық ізденістің нәтижесі болды ма?

– Сөйтіп жүргенде, осыдан үш жыл бұрын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің ресми сайтынан 4001 адамның тізімін таптым. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша атылғандар саны 4001 екен. Сол кезде БАҚ өкілдерін шақырып 2500 емес, 4001 деп жазайық деген үндеу тастадым. Жан-жаққа хабарладым. Бірақ, адамдар үйренген жолмен жүріп кете береді екен. Баяғы 2500-ді айтудан әлі танбай келе жатырмыз. Мен осы музейде істеген 6 жылдың ішінде ол сан тағы 166-ға көбейді. Бірі атасын іздеп келеді. Ұрпақтарының өтінішімен оның құжатын іздеп табамыз. Көбісі менің фейсбук парақшамнан оқып келеді екен. Тіпті, бір кәріс әйел хабарласып, атасын іздеп жүргенін айтты. Оның атасы Шымкентте атылған екен. Атасын тауып бердік. Санкт-Петербургтен бір әйел байланысқа шықты. Оның да атасы Шымкентке жер аударылып, осында атылыпты. Өзі дін өкілі болған екен. Өз ұлтымыздан да іздеп келушілер баршылық. Соның бәрі 166-ға жетті, яғни, 4167 адам болды деген сөз.
Жақында сол тынымсыз ізденістің нәтижесіне қол жеткізіп отырмыз. Екі апта шұқшиып отырып сараптама жасадық. 4167 адамды бір-бірлеп отырып салыстырдық. Оңтүстік Қазақстанда атылғандар мен қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны алдыңғы 2500-ді қосқанда 7277 болды. Енді 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің қарсаңында осы сан ресми түрде айтылатын шығар деп үміттенемін. Биылғы жылы ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың арнайы жарлығымен елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылып, өз жұмысын бастап кеткені белгілі. Осыған сәйкес мемлекеттік комиссияның қызметін жүзеге асыру және өңірлер бойынша ақтау материалдарын жинақтау үшін Шымкент қаласында құрамына ЖОО орындарының ғалымдары, ғылыми-зерттеу институттардың ғылыми қызметкерлері жұмылдырылған жұмысшы тобы еңбек етуде. Үшінші мегаполистегі жұмысшы тобының төрағасы – Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан. Ол топ құрамында мен де бармын. Қазіргі күні ҰҚК-нің ең құпия деген мұрағат құжаттарын қарауға рұқсат алып отырмыз.

805


ҰҚК-нің ақталғандарының құжаты Ішкі істер басқармасының архивіне өтіп кеткен. Біз онымен бұрыннан тығыз қарым-қатынастамыз. Сол басқармаға сұраныс жасап, әрбір адам табылған сайын қорымызды толықтырып отырамыз. Қазір 16313 қор бар. 2500 деп айтылып жүргенде қордың саны 12 500 болатын. Бұл мүлде логикаға сай келмейді. Жарайды, оның біразы түрмеге отырып келген шығар, кейіннен өз өлімімен қайтыс болған шығар. Бәрібір алшақтық өте үлкен ғой. Бір жағынан осы да үлкен ой салды. 7100 адамды дерек көздерінен тауып отырмыз. 166 адам өзімізге ұрпақтардың іздеуінің арқасында табылып отыр. Сонымен 7277 адам деген қорытындыға тоқтадық.

–Бұл соңғы цифр емес шығар?

– Бірлі-жарым адам қосылмаса, бұл соңғы цифр болуы мүмкін. Ізденісіміздің нәтижесіне қуанамыз. Тарихтың ақтаңдағы. Дегенмен жақсы жағы да бар. Қанша адамның қуғын-сүргінге ұшырап, нешеуінің атылғанын нақты біліп жүретін боламыз. Дәл осылай әр облыс нақты анықтаса, Қазақстан бойынша атылғандар саны нақтыланады. Ашаршылыққа ұшыраған құрбандардың саны да солай анықталады. Нағыз рухани жаңғыру деген осы болмай ма?! Санамыз жаңғырады. «Қашан атылды, қалай атылды, қаншауы құрбан болды?» деген тақырыпта қалам тербеп үлкен ізденіс жасап, аудиторияларды жинап, әңгіме айтып жүргендер жоқтың қасы.
Үлкен конференциялар ұйымдастырайын десек, қолдау жоқ. Екіншіден, карантин қосылды. Жұмысшы тобының алдына осы тізімді түгелімен береміз. Кешеге дейін бере алмай отырған себебіміз, нақты дерек, дәйектермен жұмысты соңына дейін жеткізейік дедік. Мысалы, бір адамның аты-жөні бірнеше рет кездеседі. Оның әрқайсысын бір-бірлеп зерттедік. Ол бір адам ба, аттас төрт адам ба? Соны анықтау үшін әрбіреуінің өмірбаянын оқып, әрбірінің сотталғандығы туралы анкетасын қарап отыру инемен құдық қазғандай жұмыс қой. Дегенмен саусақпен санарлықтай ғана музей қызметкерлерімен осындай ауқымды жұмыс істедік. Қазір 7277 адамның құжаты қолымызда тұр. Енді барлық жерде осы сан айтылуы тиіс. Біздің осы сөзіміз желге ұшпаса екен деген тілегіміз бар.

–Сұхбатыңызға рахмет!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.